Аудан көлемінде мектептер арасында спорт ардагері Қайырбек Мұфтахиденұлының туғанына 64 жыл толуына орай волейболдан аудандық турнир өтті. Биыл бұл жарыс бесінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Турнир өткізу идеясы 5 жыл бұрын Қайырбек Мұфтахиденұлының Панфилов мектебінде бірге қызмет істеген әріптесі Берік Тілегенұлының бастамасымен жүзеге асырылған болатын, және сол арқылы аудан мектептері арасында жыл сайын осындай тартысты жарыс ұйымдастырылды.
Қайырбек Мұфтахиденұлы 1962 жылы дүниеге келген. Қамшының сабындай қысқа өмірін спортқа арнап, жас буынды салауатты өмірге баулуға ерекше үлес қосқан азамат еді. Ол Қарағанды қаласындағы Дене тәрбиесі техникумын тәмәмдап, еркін күреспен айналысып, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, «Спорт шеберлігіне үміткерлер» қатарына енген спортшы болды.
Ұстаздық жолын Атырау қаласында №12 кәсіптік-техникалық училищеде бастады, кейін туып-өскен ауданындағы мектептер мен балалар спорт мектебінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, оларды аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындады. Шәкірттері арасында Өтеген Мажитов, Бақтығұл Набидуллин, Ерік Қапизов, Берік Тілепов сынды спортшылар бар, олар қазірде ұстаздық жолын жалғастыруда.

Қайырбек Мұфтахиденұлының жастар тәрбиесіндегі жетістіктері мен нәтижелі еңбегі мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен жоғары бағаланды. Сонымен қатар, Семей полигонында әскери қызмет атқарған жылдары Қорғаныс министрлігі тарапынан медальмен марапатталды.
Бір күнге жоспарланған турнир барысында мектеп командалары жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты ойын өрнегін паш етті. Волейбол алаңындағы кездесулер қатысушылар мен жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.
Турнир қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен мектеп командалары анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті марапаттарға ие болды. Бұл мектептер арасындағы спорттық шара-Қайырбек Мұфтахиденұлының есімін дәріптеп қана қоймай, жас спортшыларды ұйымшылдыққа, табандылыққа және салауатты өмір салтын ұстануға баулитын маңызды іс-шара ретінде есте қалары сөзсіз.
Мадина Жеделбаева



