Аудандық музейде қазақтың әйгілі күйші-композиторы, ұлттық өнердің ұлы тұлғаларының бірі Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына орай жас ұрпақты өнерсүйгіштікке, ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетіміз бен тарихымызды қастерлей білуге тәрбиелеу мақсатында «Күй өнеріндегі қайталанбас қолтаңба» тақырыбында мектеп оқушылары арасында күйшінің өмірдерегіне, шығармашылығына негізделген зерттеу жұмыстары отырысы өткізілді.
М.В.Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінен Жасқайрат Амира Дина Нұрпейісованың өмірбаянын баяндаса, Айсель Сағынжанқызы ұстазы Құрманғазының «Ақсақ киік» күйін орындады. Амина Ташева күйшіге арнауын оқыса, Нұрдәулет Есенгелді Құрманғазы мен Динаны салған суреті бойынша әңгімелеп, туындысын музейге сыйға тарту етті.
М.Әуезов жалпы орта мектебінен Ералы Нәдіржан Динаның өзі өмір сүрген кезеңдердегі тарихи оқиғаларға арнаған күйлер тарихымен таныстырса, халықтың адамгершілік, эстетикалық және патриоттық тәрбиесіне қосқан зор үлесін және топ жарған сайыстары жөнінде Сабина Аманжолова, Мейіржан Суфалдияров, Азат Карлов, Жасмин Темірболатқызы, Амир Кубенов пен Назерке Қолқанат жан-жақты баяндады. Сондай-ақ Азат Карлов Құрманғазының «Ақсақ киік», Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлерін нақышына келтіре күмбірлетті.
Б.Бегалиев атындағы жалпы орта мектебінен қатысқан Жәнібекова Дария мен Әйгерім Болатбекова да күйші өмірінің кезеңдері мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шығармашылығын толық қамтыды.
Бағалаушылар алқасы болған ардагер-ұстаз Болдыхан Мадирова, З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Төлеген Сапуов өз кезектерінде қатысушылардың жұмыстарын талқылап жүйелей келе Сабина Аманжолованың, Амира Жасқайраттың, Азат Карловтың, Ералы Нәдіржанның, Амир Кубеновтың және Дария Жәнібекованың жұмыстарын жоғары бағалап, өзге қатысушыларға қажырлы еңбектері мен ізденістері үшін ризашылықтарын білдірді.
Шараны музей меңгерушісі Жазира Хайрошова қорытындылап оқушыларға алғыс хаттар мен кітаптар, құнды сыйлықтар табыстады.





Ж.Мадирова,
Құрманғазы аудандық музей тарихшы-маманы



