- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 14
Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді.
Бұдан бөлек, қытай компанияларының жетекшілерімен дөңгелек үстел өтеді.
17 шілде күні Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысады. Жиын «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.
t.me/aqorda_resmi
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 19
Атырауда Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Отбасы және гендер: құндылықтар мен заманауи үрдістер» тақырыбында республикалық форум өтті.
Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен және Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастырды.
Форумда отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, әке институтын дамыту, гендерлік теңдік және цифрлық дәуірдегі тәрбие мәселелері талқыланды. Пленарлық отырыс пен төрт секциялық алаңда мемлекеттік органдардың, сарапшылардың, қоғам қайраткерлері мен өңірлік комиссия өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.
Форум қорытындысында отбасы институтын нығайту, әке жауапкершілігін арттыру, гендерлік теңдікті дамыту және отбасы құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған ұсыныстар қаралды.
Форум соңында белсенді қатысушылар Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың Алғыс хатымен марапатталды.
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 13
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Атырауда жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Eco Quiz» интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылды. Зияткерлік додаға 65-ке жуық оқушы мен белсенді жас қатысты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қатысушылар 13 командаға бөлініп, экология, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және «Таза Қазақстан» бастамасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бірнеше кезеңнен тұрған сайыс барысында олардың білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті мен командада жұмыс істеу дағдылары бағаланды.
Сайысты «Атырау облысы Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғау мәселелеріне қызығушылығын арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаларын дәріптеу.
Ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әли Төлегеннің айтуынша, мұндай бастамалар жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға әрі өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етеді.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 16
2026 жылғы маусым айында Қазақстан Республикасында 167 878 автокөлік есепке қойылды. Бұл ағымдағы жылдың мамыр айындағы көрсеткішпен (147 668 бірлік) салыстырғанда 13,7% жоғары.
Есепке қойылған автокөліктердің жалпы санының 87,4% жеңіл автомобильдер, 5,7% жүк автомобильдері, 2,4% тіркемелер, 1% мотоциклдер, 0,9% автобустар және 2,6% өзге де автокөлік құралдары құрады.
Маусым айында есепке қойылған көліктердің қозғалтқыш көлемі бойынша 34,5% 1500–2000 см³ аралығына тиесілі.
Пайдаланылатын отын түрлері бойынша:
бензинмен жүретін – 136 232 көлік құралы (жалпы санының 81,1%);
дизель отынымен жүретін – 10 845 көлік құралы (6,5%);
газбен жүретін – 895 көлік құралы (0,5%);
аралас отын түрін пайдаланатын – 11 183 көлік құралы (6,7%);
электр қуатымен жүретін – 2 872 көлік құралы (1,7%);
отын түрі көрсетілмеген – 5 851 көлік құралы.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 6 025,9 мың автокөлік тіркелген. Тіркелген автопарк құрылымында ең жоғары үлесті жеңіл автомобильдер құрайды – 5 053,7 мың бірлік (жалпы санының 83,9%). Одан кейін жүк автомобильдері – 493,7 мың бірлік (8,2%), тіркемелер – 262,3 мың бірлік (4,4%), автобустар – 89,5 мың бірлік (1,5%), мотоциклдер – 74,2 мың бірлік (1,2%) және өзге де көлік құралдары – 52,6 мың бірлік (0,9%).
Автокөлік паркінің ең көп бөлігі Алматы қаласында (733,3 мың бірлік) және Алматы облысында (646,3 мың бірлік) тіркелген.
*Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша.
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 20
🚔 #ЗАҢМЕНТӘРТІП
Атырау облысының полицейлері жол қозғалысына қатысушыларға QR-коды бар арнайы жадынамалар таратуда. 📱 QR-кодты сканерлеу арқылы қауіпті жол учаскелері мен жол қауіпсіздігіне қатысты маңызды ақпаратты біле аласыз.
🚗 Жол қозғалысы ережелерін сақтайық!
🔒 Қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытпаңыз!
⚠️ Қауіпсіз жол – өзіңізден басталады.
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 16
Әлемдік энергетикада қауіпсіздігі жоғары әрі көпфункционалды жаңа буын реакторларына көшу үрдісі белсенді қарқын алып келеді. Еліміз ядролық технологияларды жай ғана тұтынушы емес, төртінші буын реакторларының қауіпсіздігін әлемдік деңгейде негіздейтін басты серіктеске айналуда. Осы орайда ҚР Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институты директорының орынбасары, PhD докторы Арман Миниязов Қазақстанның жаһандық атом ғылымындағы рөлі туралы айтып берді.
– Жаңа буын реакторлары дегеніміз не және олар дәстүрлі энергетикалық реакторлардан несімен ерекшеленеді?
– Жаңа буын реакторлары қауіпсіздікке, отынды тиімді пайдалануға, қалдықтарды азайтуға, қолдану икемділігіне және тек электр энергиясын ғана емес, өнеркәсіптік жылу, сутегі, суды тұщыландыру және басқа да міндеттер үшін жұмыс істеу мүмкіндігіне көбірек назар аударылатын жобалар.
Олар өлшемі, жылутасығыш түрі, отын түрі, температуралық режимі, нейтрондар спектрі және қауіпсіздік тәсілдері бойынша ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, перспективалы бағыттарға шағын модульдік реакторлар, жылдам реакторлар, жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар, қорғасын және натрий жылдам реакторлары, балқытылған тұз реакторлары жатады.
Негізгі айырмашылық реакторды ауытқуларға анағұрлым орнықты, өмірлік цикл бойынша үнемдірек және болашақ энергетикасына бейім етуге ұмтылу. Болашақ энергетикасында тек мегаваттар ғана емес, сенімділік, маневрлік, төмен көміртекті із және өнеркәсіппен бірігу де қажет.
– Неліктен әлемде шағын модульдік реакторлар, жылдам реакторлар және басқа перспективалы технологиялар дамып келеді?
– Әлем тұрақты жұмыс істей алатын, төмен көміртекті электр энергиясын беретін және жаңартылатын энергия көздерін толықтыра алатын орнықты энергия көздерін іздеуде. Шағын модульдік реакторлар оларды икемдірек салуға, инфрақұрылымы шектеулі өңірлерде қолдануға, оқшауланған энергия жүйелерінде немесе өнеркәсіптік объектілерде пайдалануға мүмкіндік беретінімен қызықты.
Жылдам реакторлар ядролық отынды анағұрлым толық пайдалану және отын циклін тұйықтау әлеуеті тұрғысынан маңызды. Жоғары температуралы реакторлар өнеркәсіптік жылу мен сутегі өндіру үшін пайдалы болуы мүмкін. Яғни мәселе көмір генерациясын жай ғана алмастыруда емес, жаңа технологиялық платформа құруда.
Сонымен қатар технологияның перспективалы болуы оның жаппай енгізуге автоматты түрде дайын екенін білдірмейді. Әрбір технология зерттеу, сынақ, лицензиялау, демонстрация және пайдалану тәжірибесін жинақтау жолынан өтуі тиіс.
– Жаңа буын реакторларын әзірлеу кезінде қандай жаңа сын-қатерлер туындайды?
– Жаңа реакторлар жаңа мүмкіндіктер береді, бірақ сонымен қатар жаңа сұрақтар қояды. Егер жаңа жылутасығыш қолданылса, оның химиялық қасиеттерін, материалдармен үйлесімділігін, авариялық режимдердегі мінез-құлқын зерттеу қажет. Егер жаңа отын қолданылса, оның сенімділігін, жылуөткізгіштігін, радиациялық төзімділігін және зақымдану кезіндегі мінез-құлқын растау керек.
Шағын модульдік реакторлар үшін сериялық өндіріс, лицензиялау, модульдерді тасымалдау, физикалық қорғау, шалғай аудандарда пайдалану және персоналды даярлау мәселелері маңызды. Жылдам реакторлар үшін нейтрондық-физикалық сипаттамалар, белсенді аймақтың мінез-құлқы, сұйыкметалдық жылутасығыштардың жылуфизикасы және отын циклімен жұмыс істеу маңызды.
Яғни жаңа технологиялар дәстүрлі жобалардан кем емес, кейде одан да көп зерттеуді талап етеді. Ғылыми растаусыз перспективалы идея қауіпсіз өнеркәсіптік технологияға айналмайды.
– Неліктен жаңа реакторлық технологиялар үшін эксперименттік стендтер мен сынақ қондырғылары ерекше маңызды?
– Жаңа технологиялар үшін көбіне жинақталған тәжірибе жеткіліксіз. Біз классикалық су-сулы реакторларды жақсы білуіміз мүмкін, бірақ натрий, қорғасын, гелий, балқытылған тұздар, жоғары температуралар немесе жаңа отын түрлері туралы сөз болғанда, қосымша эксперименттік деректер қажет.
Стендтер жылу алмасуды, жылутасығыш айналымын, коррозияны, материалдардың өзара әрекеттесуін, авариялық процестерді, жабдық пен датчиктердің жұмысын зерттеуге мүмкіндік береді. Зерттеу реакторлары отын мен материалдардың нақты радиациялық өрістегі мінез-құлқын тексеруге мүмкіндік береді.
Эксперименттік база ғылыми идея мен өнеркәсіптік қауіпсіздік арасындағы көпір. Онсыз жаңа буын реакторларын енгізу туралы сенімді айту мүмкін емес.
Қазақстанның жылдам реакторлардың қауіпсіздігін зерттеуде бірегей тәжірибесі бар. ҚР ҰЯО базасында жапондық ұйымдармен, соның ішінде JAEA-мен бірлесіп, 2000-жылдардың басынан бері натрийлі жылдам реакторлардың қауіпсіздігін, оның ішінде белсенді аймақтың балқуымен байланысты ауыр авария процестерін зерттеуге бағытталған EAGLE жобасы іске асырылып келеді. Зерттеулер ИГР реакторындағы реакторлық эксперименттерді де, EAGLE стендіндегі реактордан тыс сынақтарды да қамтиды.
2026 жылға қарай EAGLE, EAGLE-2 және EAGLE-3 бағдарламалары аясында шамамен 200 дайындық сынағы, 2 аралық және 9 толық ауқымды реакторлық эксперимент, сондай-ақ 65-тен астам реактордан тыс сынақ орындалды. Бұл жай ғана зертханалық жұмыс емес, Қазақстанның төртінші буын реакторларының қауіпсіздігін халықаралық деңгейде негіздеуге қосқан үлесі.
– Жылдам реакторлар үшін қандай қауіпсіздік мәселелері жеке зерттеуді талап етеді?
– Жылдам реакторлар белсенді аймақ физикасымен ерекшеленеді және көбіне басқа жылутасығыштарды пайдаланады. Сондықтан нейтрондық-физикалық сипаттамалар, реактивтіліктің мінез-құлқы, жылулық режимдер, белсенді аймақты салқындату, жоғары жану деңгейіндегі отынның мінез-құлқы және авариялық процестер жеке зерттеледі.
Егер сұйықметалдық жылутасығыш қолданылса, оның материалдармен өзара әрекеттесуін, ықтимал химиялық реакцияларды, коррозияны, қатуды, жылутасығышты тазартуды, қоспаларды бақылауды және жабдықтың сенімділігін зерттеу маңызды. Сондай-ақ отынмен жұмыс істеу, радиациялық қорғау және отын циклі мәселелері қарастырылады.
Жылдам реакторлардың артықшылығы ядролық отынды анағұрлым тиімді пайдалану әлеуетінде. Бірақ бұл әлеует қауіпсіздікті қатаң ғылыми негіздеумен қатар жүруі тиіс.
– Натрий немесе қорғасын сияқты сұйықметалдық жылутасығышы бар реакторлардың қауіпсіздік ерекшеліктері қандай?
– Сұйықметалдық жылутасығыштардың маңызды артықшылықтары бар: жылуды жақсы өткізеді, төмен қысымда және жоғары температурада жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл тиімділік пен қауіпсіздік үшін қосымша артықшылықтар бере алады. Бірақ әрбір жылутасығыштың өз ерекшелігі бар.
Натрий жылуды жақсы әкетеді, бірақ сумен және ауамен әрекеттескенде химиялық тұрғыдан белсенді. Сондықтан натрийлі жүйелер үшін герметикалылық, ағып кетуді бақылау, натрийдің сумен жанасуын болдырмау, арнайы өрт қауіпсіздігі және диагностика жүйелері ерекше маңызды.
Қорғасын және қорғасын-висмут жылутасығыштары химиялық тұрғыдан белсенділігі төменірек, бірақ басқа міндеттер қояды: материалдардың коррозиясы, оттегі режимін бақылау, жылутасығыштың жоғары тығыздығы, эрозиялық процестер және қату мәселелері. Сондықтан мұндай реакторлардың қауіпсіздігі терең материалтануды, жылутасығыш химиясын және жабдықты эксперименттік тексеруді талап етеді.
– Өнеркәсіптік жылу, сутегі және төмен көміртекті энергетика тұрғысынан жоғары температуралы реакторлардың қандай перспективалары бар?
– Жоғары температуралы реакторлар тек электр энергиясын ғана емес, жоғары әлеуетті жылуды да өндіре алатынымен қызықты. Мұндай жылу өнеркәсіпте, химия өндірісінде, металлургияда, мұнай-химияда, суды тұщыландыруда және сутегі өндіруде пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан үшін бұл бағыт ұзақ мерзімді перспективада маңызды болуы мүмкін, өйткені елде энергияны көп қажет ететін өнеркәсіп бар және көміртекті ізді азайтуға мүдделі. Сутегі энергетикасы да төмен көміртекті энергия мен жылудың сенімді көздерін қажет етеді.
Бірақ мынаны атап өту қажет: жоғары температуралы реакторлар отынның, графит және керамикалық материалдардың, жылутасығыштың, жылуды әкету жүйелерінің және өнеркәсіптік интеграцияның қауіпсіздігін жеке негіздеуді талап етеді. Бұл бағыт зерттеулер, халықаралық бағдарламалар және кадр даярлау арқылы дамуы тиіс.
Қазақстан үшін бұл бағыт ҰЯО базасында жоғары температуралы реакторлық технологияларға қатысты зерттеулер тәжірибесінің болуымен де қызықты. ИВГ.1М реакторы жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлардың отын жинақтары мен белсенді аймақтарын сынау үшін пайдаланылады. Сонымен қатар "Лиана" стендінде ИВГ.1М реакторында сәулелендіру кезінде құрылымдық материалдардағы сутегі изотоптарының жоғары температуралы масса тасымалдау процестері зерттеледі.
Бұл дәстүрлі атом энергетикасы үшін ғана емес, перспективалы бағыттар үшін де маңызды: сутегі энергетикасы, өнеркәсіптік жылу, термоядролық зерттеулер және қатал температуралық әрі радиациялық жағдайларда жұмыс істей алатын материалдарды әзірлеу.
– Жаңа реакторлық технологияның практикалық қолдануға дайындығы қалай бағаланады?
– Технологияның дайындығы бірнеше белгі бойынша бағаланады. Біріншіден, реактор физикасы мен негізгі жүйелердің жұмыс қабілеті расталуы тиіс. Екіншіден, отын, материалдар, жылутасығыш және авариялық режимдер бойынша эксперименттік деректер болуы керек. Үшіншіден, лицензиялау жолы және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі түсінікті болуы қажет.
Сонымен қатар демонстрациялық жобалар, өнеркәсіптік дайындық, өндіру мүмкіндіктері, өмірлік цикл құны, қалдықтармен жұмыс істеу, персоналға қойылатын талаптар және ұқсас жүйелерді пайдалану тәжірибесі ескеріледі.
Басқаша айтқанда, технология презентацияда әдемі көрінген кезде емес, оның қауіпсіздігі, сенімділігі, экономикасы және пайдалану жарамдылығы дәлелдермен расталған кезде дайын деп саналады.
– Қазақстан жаңа буын реакторларын зерттеуде тек технология тұтынушысы ғана емес, ғылыми әріптес ретінде қалай қатысады?
– Қазақстанда халықаралық зерттеулерге қатысуға мүмкіндік беретін ғылыми инфрақұрылым мен тәжірибе бар. Бізде зерттеу реакторлары, сынақ стендтері, материалтану базасы, есептік модельдеу, радиациялық қауіпсіздік, ядролық физика және ядролық материалдармен жұмыс істеу бойынша мамандар бар. Сондай-ақ МАГАТЭ-мен, зерттеу орталықтарымен және технологиялық әріптестермен халықаралық ынтымақтастық тәжірибесі маңызды.
Ел үшін АЭС тапсырыс берушісі ғана емес, ғылыми-техникалық тізбектің қатысушысы болу маңызды. Бұл шешімдердің сапасын арттырады, ұлттық сараптаманы күшейтеді және болашақ жоғары технологиялық салалар үшін негіз қалыптастырады.
Қазақстан халықаралық зерттеулерге ғылыми әріптес ретінде қазірдің өзінде қатысып келеді. Ең көрнекі мысал натрийлі жылдам реакторлардың қауіпсіздігі саласындағы ҚР ҰЯО мен Жапонияның атом энергиясы агенттігі JAEA арасындағы EAGLE жобасы бойынша ынтымақтастық. 2026 жылы тараптар IV буындағы перспективалы жапон реакторларының қауіпсіздігін негіздеуге арналған реакторлық, реактордан тыс және шағын ауқымды эксперименттерді қамтитын EAGLE-4 жұмыстарын жалғастыруды талқылады.
Тағы бір мысал Қазақстанның термоядролық зерттеулер үшін материалтану базасын дамытуға қатысуы. Қазақстандық материалтану токамагы КТМ термоядролық реакторлардың қалыпты және авариялық жұмыс жағдайларында, оның ішінде плазма үзілуі режимдерінде материалдар мен технологияларды сынауға арналған.
Бұл Қазақстан ядролық технологиялардың тұтынушысы ғана емес, перспективалы энергетикалық жүйелердің қауіпсіздігі бойынша халықаралық ғылыми күн тәртібіне үлес қоса алатын ел екенін көрсетеді.
– Атом энергетикасын дамытуда отандық ғылыми институттар қандай рөл атқара алады?
– Отандық ғылыми институттар тәуелсіз әрі құзыретті ғылыми-техникалық тірек рөлін атқаруы тиіс. Олар жобалық шешімдерді талдауға, техникалық талаптарды дайындауға, қауіпсіздікті бағалауға, радиациялық және экологиялық мониторингке, материалтанулық зерттеулерге, кадр даярлауға және сараптамаға қатыса алады.
Ғылым тек формалды түрде немесе кейінгі кезеңдерде ғана қосылмауы маңызды. Ғылыми ұйымдар технология мен алаңды таңдаудан бастап пайдалану мен ұзақ мерзімді мониторингке дейінгі барлық кезеңге басынан қатысуы керек.
ҚР ҰЯО-ның бұл жердегі рөлі практикалық сипатқа ие. Бұл технология мен алаңды таңдауды ғылыми-техникалық сүйемелдеу, жобалық шешімдерді талдау, есептік және эксперименттік зерттеулер жүргізу, радиациялық-экологиялық мониторинг, кадр даярлау, тәуелсіз сараптамалық қолдау және халықаралық жобаларға қатысу.
– АЭС қауіпсіздігі тақырыбы бойынша қоғамға жеткізгіңіз келетін басты ой қандай?
– Басты ой мынадай: атом энергетикасының қауіпсіздігі сенім мәселесі емес, білім, технология, бақылау және жауапкершілік мәселесі. Қоғам сұрақ қоюға құқылы, ал сарапшылар оларға түсінікті және ашық жауап беруге міндетті.
Қазіргі АЭС күрделі, бірақ басқарылатын технологиялық объект. Оның қауіпсіздігі жоба, қорғаныс жүйелері, персоналды даярлау, ғылыми зерттеулер, мемлекеттік қадағалау және тұрақты мониторинг арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан үшін атом энергетикасын тек электр энергиясының көзі ретінде ғана емес, ғылым, білім, инженерия және технологиялық даму бағыты ретінде де дамыту маңызды. Егер біз кәсіби, ашық және жауапты әрекет етсек, атом энергетикасы елдің қауіпсіз әрі орнықты болашағының маңызды бөлігіне айнала алады.
Қоғам мынаны білуі тиіс: Қазақстан атом энергетикасына ғылыми базасыз келіп отырған жоқ. Елде зерттеу реакторлары, сынақ стендтері, радиоэкологиялық зерттеулер тәжірибесі, халықаралық жобалар және ядролық технологиялармен ондаған жыл бойы бейбіт мақсатта жұмыс істеп келе жатқан мамандар бар.
Сондықтан АЭС қауіпсіздігі сөзбен емес, біліммен, зерттеулермен, инженерлік тәртіппен, ашық мониторингпен, күшті реттеумен және дайындалған отандық кадрлармен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақстан атом энергетикасын дәл осылай дамытуда, ал болашақта бұл сала электр энергиясының көзі ғана емес, елдің технологиялық дамуының негізіне де айнала алады.
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 13
#ЗАҢМЕНТӘРТІП
📅 15–31 шілде аралығында Атырау облысында республикалық «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
✅ Тіркелген атыс қаруының заң талаптарына сай сақталуы және рұқсат құжаттарының мерзімі тексеріледі.
⚠️ Заңсыз сақталған, тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттарды өз еркіңізбен полицияға тапсыруға болады.
🤝 Қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар заңда көзделген тәртіппен қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 17
Жасыл экономикаға көшу тек ірі жобалармен, заңдармен немесе мемлекеттік бағдарламалармен ғана өлшенбейді. Оның негізі – экологиялық санада. Ал экологиялық сананы бала кезден қалыптастыру маңызды. Осы бағытта «JerEco Hub» хакатоны мен әлеуметтік жобалар сайысына қатысып, экомәдениет саласы бойынша жоба қорғаған «Jarqyn Bolashaq» командасы грант ұтып алған. Команда мүшелері балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арналған комикстер, бояу парақтары және анимациялық бейнероликтер әзірлеген.
– «Жасыл экономика» ұғымы мен үшін адамзаттың табиғатқа зиян келтірмей, оны қорғауы деп түсінемін. Адам – қоғамның да, табиғаттың да ажырамас бөлігі. Өз мекенімізді қорғауда жасыл экономиканың маңызы зор. «Eco Hub» жобасы аясында ұсынған бастамамыз осы қағидаттармен үндеседі. Біз негізінен экомәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс істейміз. Мұндай мәдениетті адам ес білгеннен бастап санасына сіңіруі керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, жобамызды кішкентай тұрғындардан бастауды жөн көрдік. Экология тақырыптарын түсіндіру үшін балабақшадағы бүлдіршіндерге арнап комикстер, бояу парақтарын, мектеп оқушыларына арналған анимациялық бейнероликтер жасадық, – дейді «Jarqyn Bolashaq» командасының мүшесі Жайнар Ардаққызы.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде жасыл экономиканы дамыту үшін тұрғындарға арнайы тренингтер мен сабақтар өткізу қажет. Мектеп бағдарламасына экология бағытындағы қосымша сабақтар енгізілсе, жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігі арта түсер еді.
– Махамбет ауданында экомәдениетті дамыту, қоршаған ортаға қамқорлық таныту бағытындағы жобалар көбірек жүзеге асса дейміз. Қай жерге барсақ та шашылып жатқан қоқысты, қоқыс жәшігіне жетпей қалған қалдықтарды көреміз. Мұның алдын алу бір ғана адамның қолынан келетін іс емес. Сондықтан челлендждер ұйымдастырып, үндеу жолдап, тұтас қоғам болып атсалысуымыз қажет, – дейді ол.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
- Информация о материале
- Категория: Қоғам
- Read Time: 1 min
- : 17
Атырау облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова республикалық форумның отбасы, гендерлік саясат және денсаулық мәселелерін кешенді талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Оның айтуынша, отбасылық құндылықтардың негізі ата-ананың тәрбиесінен қалыптасады. Форум барысында жастардың шетелдік мәдениетке еліктеуі, оның оң және теріс әсері, сондай-ақ әйел мен бала денсаулығы мәселелері кеңінен сөз болды.
«Қазақстанның әр өңірінен келген спикерлер өз тәжірибелерімен және нақты кейстерімен бөлісті. Әрбір баяндама біз үшін де маңызды тәжірибе болды. Өз жұмысымызда қолдануға болатын көптеген пайдалы ой түйдік», – деді Эльмира Сапарова.
Хұсни ХАМЗА
Еще материалы
- Атыраудағы «Келешек» мектептерінде 1-сыныпқа құжат қабылдау жалғасуда
- Атыраудағы №49 «Келешек» мектебінде «Таза мектеп» сенбілігі ұйымдастырылуда
- Атырауда №46 «Келешек» мектебінде жазғы бейіндік лагерь өз жұмысын жалғастыруда
- Экологиялық акция жалғасуда
- «Таза Қазақстан»: Теңіз ауылдық округінде тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде

