Теңізде экологиялық әсерді азайту жүйесі қалай жолға қойылды

(0 Votes)

«Теңізшевройл» (ТШО) өндірістік қызметтің қоршаған ортаға әсерін азайтуға, ресурстарды тиімді пайдалануды арттыруға және қолданыстағы реттеуші талаптар аясында экологиялық жауапты тәжірибелерді дамытуға бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Экологиялық тұрақтылық – ТШО стратегиясының негізгі элементтерінің бірі. Компания қоршаған ортаны қорғауға және тиімді басқару жүйелерін енгізуге тұрақты түрде инвестиция салады.

Атмосфераға шығарындыларды және алауда жағуды азайту

2025 жылдың қорытындысы бойынша ТШО-дағы үлестік шығарындылар көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 78%-ға төмендеді. Бұл жабдықтарды жаңғырту, технологиялық жетілдірулер енгізу және өндірістік бақылау мен процестерді басқаруда цифрлық шешімдерді қолдану нәтижесінде мүмкін болды. Мысалы, электрондық рұқсатнама (наряд-допуск) жүйесінің енгізілуі адами фактордың әсерін азайтты.

Сонымен қатар алау жүйелерін оңтайландырудың арқасында Теңіздегі алауда жағу көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 94%-ға қысқарды.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану

Өндірістік қажеттіліктердің артуына қарамастан, ТШО суды тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөледі. Теңіз кен орнында айналымды сумен жабдықтау және суды қайта пайдалану жүйелері енгізілген. Соның нәтижесінде 2025 жылы судың 49%-ы қайта пайдаланылды. Ал магистральдық су құбырынан алынған су көлемі 8,8%-ды құрады.

Қалдықтарды басқару және қайта өңдеуді дамыту

Қалдықтарды қайта өңдеу жобалары да маңызды бағыттардың бірі. Мұнда 3R қағидаты (қысқарту, қайта пайдалану, қайта өңдеу) қолданылады. Қалдықтардың едәуір бөлігі ТеңізЭкоЦентр (ТЭЦ) қуаттарын және мамандандырылған қазақстандық компанияларды тарту арқылы қайта өңделеді. Бұл 30-дан астам қалдық түрін және түзілген қалдық массасының шамамен 78%-ын, соның ішінде пластик, металл, қағаз, ағаш, пайдаланылған май және өзге де қалдықтарды өңдеуге мүмкіндік береді.

ТЭЦ-те материалдар сұрыпталып, мұқият өңделіп, әрі қарай кәдеге жаратуға жіберіледі – барлығы халықаралық стандарттарға қатаң сәйкес жүзеге асырылады.

Күкіртті басқару және күкірт карталарын рекультивациялау

2025 жылдың желтоқсан айында жұртшылық өкілдері мен Жылыой ауданының тұрғындары Теңіз кен орнындағы күкірт карталарын аралап, қолданыстағы технологиялық шешімдермен, оның ішінде күкіртті түйіршіктеу үдерісімен танысты.

Компания өкілдерінің айтуынша, соңғы екі жылда күкірт карталарына құю жұмыстары жүргізілмеген. Сонымен қатар нарықтағы жоғары сұраныс өндірілген көлемді жедел өткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Сапар барысында 2015 жылдан бері пайдаланылмай келе жатқан №6, 7 және 8 күкірт карталары туралы ақпарат ұсынылды. Қазіргі уақытта оларды кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару және рекультивациялау жұмыстарына дайындық жүргізілуде.

Рекультивацияға дайындық аясында зертханалық зерттеулер жүргізіліп, күкірт карталары құрылымының қорғаныш қабаты болып табылатын күкірт қоспалары бар құм-қиыршықтас қоспасын қауіпсіз пайдалану немесе кәдеге жарату бойынша техникалық шешімдер қарастырылуда.

ТШО экологиялық жауапкершіліктің өнеркәсіптік дамудың ажырамас бөлігі екенін көрсетіп, Қазақстандағы тұрақты әрі қауіпсіз өндірістің үлгісін қалыптастырып келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT