Мәжілісмендер — Жалпыұлттық коалиция мүшелері Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру мақсатында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұжымымен кездесу өткізді. Жиынға Дүйсенбай Тұрғанов, Әділ Жұбанов, Серік Ерубаев және өңірлік коалиция мүшелері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты Конституцияның жаңа жобасының мазмұны мен маңызын түсіндіру, олардың мемлекет пен қоғам өміріне ықпалын саралау және азаматтардың ортақ ұстанымын қалыптастыру болды.
Мәжілісмен Әділ Жұбанов өз сөзінде Конституция жобасының қоғамда кеңінен талқыланғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысының жарлығы шыққаннан бері парламенттік реформа мен Конституцияның жаңа жобасы қызу қоғамдық талқыға түскен.
Сарапшылар арасында да, жалпы қоғам ішінде де пікірталастар көп болған.
– Бұл – тағдыршешті, тарихи маңызы бар мәселе. Әрине, бастапқыда ұсынылған өзгерістердің бәріне бірдей бірден келісу оңай болған жоқ. Өз басым да кейбір тұстарын толық түсінбей, қате пікір қалыптастырған кездерім болды. Алайда сарапшылармен кездесулер, жан-жақты талқылаулар нәтижесінде көптеген мәселеге көзқарасым өзгерді. Бейбітшілік бар жерде даму бар. Сондықтан ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауда әр азаматтың белсенділігі қажет, – дей келе елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің маңызын ерекше атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көршілес мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатып, бейбіт даму жолын таңдағанын айтты.

Кездесу барысында Конституциялық реформаның дайындық барысы да сөз болды. Коалиция мүшелерінің айтуынша, жаңа жоба Мемлекет басшысының бастамасымен заңгерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары қатысқан ауқымды жұмыс нәтижесінде әзірленген. Арнайы комиссия бірнеше рет отырыс өткізіп, түрлі ұсыныстарды қарастырған. Кейбір ұсыныстар қабылданса, енді бірқатары жан-жақты талқылаудан кейін өзгертілген.
Ал Дүйсенбай Тұрғанов өз сөзінде экология комитетінің мүшесі ретінде төтенше жағдайлар саласының проблемаларын жақсы білетінін атап өтті.
– Мен Экология комитетінің мүшесімін. Бұл комитеттің жұмысына төрт министрлік, соның ішінде Энергетика, Төтенше жағдайлар және Экология министрліктері қатысады. Сондықтан сіздердің салаларыңыздағы мәселелер бізге жақсы таныс. Бірқатар сауалдарыңызға байланысты Үкіметке депутаттық сауалдар да жолдаған болатынмын. Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын, – деді ол.

Оның айтуынша, биыл 31 қаңтарда Конституцияның жаңа жобасы ресми түрде жарияланған. Алайда бұл жұмыс былтыр 8 қыркүйекте Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған парламенттік реформа бастамасынан кейін қолға алынған. Қазан айында арнайы жұмыс тобы құрылып, ауқымды талқылау басталған.
Дүйсенбай Тұрғановтың мәліметінше, электронды үкімет порталы арқылы азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түскен. Қолданыстағы Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Бұл – Негізгі заңның шамамен 84 пайызы. Оның айтуынша, комиссия құрамында түрлі қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, мәслихат депутаттары болған. Ұсыныстар жан-жақты қаралып, талқылаудан өткен.

Кездесу аясында сөз алған мәжілісмен Серік Ерубаев конституциялық реформаның ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, қоғамның саяси мәдениеті мен басқару жүйесінің айнасы.
– Бүгінгі өзгерістер – жай ғана техникалық түзетулер емес. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, Парламенттің рөлін күшейтуге, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған реформа. Сондықтан әрбір бапқа аса жауапкершілікпен қарауымыз қажет, – деді ол. Серік Ерубаев жаңа Конституция жобасы кең қоғамдық талқылаудан өткенін, сарапшылар, заңгерлер мен қоғам белсенділерінің ұсыныстары ескерілгенін айтты. Оның сөзінше, негізгі мақсат – билік тармақтарының теңгерімін күшейту және халықтың рөлін арттыру.
– Біз бұл өзгерістерді бір күнде қабылдаған жоқпыз. Арнайы комиссия жұмыс істеді, онда түрлі сала өкілдері болды. Әр ұсыныс талқыланып, сараланды. Қоғамнан түскен пікірлердің бәрі назардан тыс қалған жоқ, – деді ол. Мәжілісмен алдағы референдумның маңыздылығына тоқталып, әр азаматтың белсенді ұстанымы ел болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.
Кездесу барысында Конституциялық реформаның мазмұны ғана емес, сала қызметкерлерінің көкейіндегі мәселелер де қозғалып, өзара пікір алмасу өтті. Төтенше жағдайлар департаменті КжТЖБ басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Ақбаян Тастемірова коалиция мүшелерінің ақпараттық кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне алғыс білдірді.
Жиын соңында коалиция мүшелері қатысушылардың пікірлері мен сұрақтарын тыңдап, ашық диалог форматында әңгіме өрбітті. Халықтың құқықтық сауаты жоғары екенін атап өткен халық қалаулылары, басты мақсат – ақпарат беру ғана емес, қоғам пікірін ескеру екенін жеткізді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



