Коалиция мүшелері кездесулер өткізді

(0 Votes)

«Аmаnаt»  партиясы аудандық филиалы жанынан құрылған  «Әділетті  және  прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» бастамасын қолдайтын аудандық коалицияның  Ерлан Хисметуллин бастаған бірінші тобының  мүшелері «Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалында болып, ұжыммен кездесті. 

Аудандық коалицияның  жетекшісі, «Аmаnаt»  партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Ерлан Хисметуллин:  – Конституцияның жаңа жобасын тұрғындарға кеңінен әрі түсінікті жеткізу мақсатында келіп отырмыз. Не себепті жаңа Конституция қабылданып жатқанын қысқаша айтып жіберейін. Өздеріңіз білесіздер былтыр Президентіміз 8 қыркүйектегі Жолдауында бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерген болатын. Осы бастама аясында комиссия құрылды. Комиссия құрылған қазан айынан бастап әртүрлі облыстардан 10 мыңнан астам ұсыныс-пікірлер түсті. Сол пікірлер негізінде Президентіміз Жарлығымен 12 ақпан күні құрамында 136 адамы  бар комиссия құрылып, БАҚ мен әлеуметтік желіде жаңа Конституцияның жобасы ұсынылды. Қолданыстағы Ата заңымыздан 77 бап өзгертіліп жатыр, яғни 84%-ға жаңарды. Жаңа жоба 11 бөліктен, 96 баптан тұрады. Оның аясында вице-президент, Құрылтай, Халық кеңесі деген жаңа органдар құрылғалы отыр. Себебі, қоғам бір орында тұрмайды, технология өзгереді, азаматтардың талап-тілегі артады. Күнделікті өмірімізде болып жатқан өзгерістерге байланысты заң заман талабына сәйкес келуі қажет. Жалпы жаңа Конституцияның негізгі мақсаты – адамның өмірін, құқы мен бостандықтарын жоғары құндылық ету, – деп, жоба мемлекет азаматқа қызмет етуі керек, заң баршаға ортақ, әрбір адам өзінің құқығын қорғай алатын жағдай жасау қажет деген қағидаларға негізделгенін атап өтті. 

Коалиция мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Замзәгүл Карсакова: – 1995 жылы қабылданған бұрынғы Ата заңымыз өзінің тарихи миссиясын атқарды деп есептеймін. Жаңа жобаның кіріспесінде өткенімізді дәріптеп, мемлекетіміздің қазіргі тұрмыс-тіршілігі, алдағы бағыт-бағдары тайға таңба басқандай 89 сөзбен қамтылған. Бұрын шикізат, қазба байлығына бағытталса, қазір мәдениет пен білім, ғылым мен инновацияға көңіл бөлінген. Біздің болашағымыз білімде екенін дәлелдеп отыр. Цифрландыру заманына сай келетін жаңа Конституциямыз  алдағы уақытта қабылданса, соған сәйкес заңдарда шығады. Елдің болашағы үшін Қазақстанның азаматы бейжай қалмай референдумға қатысады деп ойлаймын. Конституция «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидасына сүйенген, әрбір адам түсінетіндей қазақ тілінде жатық жазылған. Мен өзім аудандық Отбасын қолдау орталығында жұмыс жасаймын. Жаңа Конституцияға «Отбасы және неке» атты 21-ші бап арнайы қосылған. Онда отбасы тең, ерікті одақ ретінде қаралған. Ата-анаға бала тәрбиесімен айналысуда міндеттеп көрсетілген. Кәмелетке толған балалардың ата-анасына қамқорлығы заңмен бекітілген, – деп қатысушыларды 15 наурызда өтетін республикалық референдумда өз таңдауларын жасауға шақырды.Аудандық мәслихаттың депутаттары, коалиция мүшелері Әнуарбек Сабитов, Есболат Құбашев жаңа жоба өте қажетті дүние екенін айтып, дер кезінде халыққа шығарылып отырғанына тоқталды. Мекеме басшысы Эрик Хафизов орталарына келіп, түсінік беріп жатқан коалиция мүшелеріне ризашылығын білдіріп, референдумға қатысатындарын жеткізді. Сол күні бұл топ, «Құрманғазы жолдары», «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалдарында, Абай, Ломоносов орта мектептерінде, Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатта, мансап орталығында болып, кездесу өткізді. 

Бұдан бөлек Атырау облыстық мәслихатының депутаты Замзәгүл Карсакова бастаған ІІІ топ Бірлік ауылында, келесі күні аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева бастаған ІІ топ Ақкөл ауылындағы желілік өндірістік басқармада, ауылдық округте болып Ата заңымыздың жаңа жобасы жөнінде кеңінен түсінік беріп, қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT