Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, жазушы-драматург, шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған жерлесіміз Рахымжан Отарбаевтың туған күніне орай «Дала дарыны» атты прозаны жатқа оқушылардың аудандық байқауы өтті.
Мақсаты – жастар арасында қаламгердің шығармаларын насихаттау, жас буының қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын ояту. Байқауға 18-30 жас аралығындағы жастар Гауһар Хабдрашитова, Гүлдана Қыдырова (Жаңаталап), Айжанар Ниғыметова (Қиғаш), Кенжегүл Кемал (Бірлік), Аллен Даллес (Мақаш), Ұлжан Шұғайыпова (Ақкөл), Шалқыма Қабдоллаева (Орлы) қатысты. Шараны аудандық орталықтандырылғын кітапхананың кітапханашысы Меңдісұлу Мұханбетова жүргізді.
Байқау автордың прозалық шығармаларынан үзіндіні жатқа оқу, танымал ақын-жазушылардың Рахымжан Отарбаевқа арнаған бір өлеңін жатқа айту сияқты бөлімдерден тұрды. Құрамында аудандық «Serper» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Қанат Ғұмаров, Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Маржан Мирасова, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халық театрының режиссері, облыстық көркемсөз байқауларының жеңімпазы Айжанар Ғапуова әділқазылар алқасы қатысушылардың жатқа оқу шеберлігін, сахнада өзін-өзі ұстауын саралап, соған сай баға берді.
«Дала дарыны» байқауының қорытындысымен І орынға Орлы ауылдық округінен келген Шалқыма Қабдоллаева лайық деп танылды. Ақкөл ауылынан қатысқан Ұлжан Шұғайыпова екінші орын иеленді. Аллен Даллес пен Гүлдана Қыдырова ІІІ орынды еншіледі. Басқа қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.
Қ.Зарлыханұлы