Бүгінде облыста ауқымды спорттық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жоғары санаттағы 12 мың орындық стадион жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр.
Ұлттық спорт кешені – ипподром құрылысының жобасы дайындалып, тиісті сараптамадан өтуде. Көпбейінді «Атырау-Арена» спорт кешені үшін жер телімі бөлініп, жобалау жұмыстары басталған. Ал спортшы дарынды балаларға арналған заманауи кешеннің құрылысы алты жылдық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы сәуір айында басталмақ. Бұл туралы облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында айтылды.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, өңірде спорт саласын дамытудың басты бағыттары ретінде бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, балалар спортын қолдау және кадрлық әлеуетті нығайту айқындалған. Осы бағыттарда кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Басқарма басшысы бұл жіктеу спортты қаржыландыру мен дамытуда нақты басымдықтарды айқындауға мүмкіндік бергеніне тоқталды. Басым спорт түрлері Жоғары спорт шеберлігі мектептерінде, Олимпиадалық резерв даярлау орталығында және спортшы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжде дамытылуда. Спортты дамыту мақсатында «Спортты дамыту дирекциясы» құрылса, олимпиадалық емес спорт түрлерін қолдау үшін «Бұқаралық спортты дамыту клубы» жұмыс істейді. Осылайша спорт саласындағы даму бағыттары нақты айқындалып, қаржы шығындары жүйелі түрде реттелді. Десек те, салада шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Соның бірі – білікті мамандардың тапшылығы. Бұл мәселені шешу мақсатында өзге өңірлерден және шетелден тәжірибелі бапкерлер шақырылып отыр. Сонымен қатар кадр даярлау ісіне де ерекше назар аударылуда. Соңғы жылдары облыс әкімінің гранттары арқылы жүздеген жас маман даярланып, спорт ұйымдарына жұмысқа орналастырылған. – Өткен жылы жүзуден бір бапкер Қызылорда облысынан, суға секіруден бір бапкер Тараз қаласынан шақырылды. Бұған дейін суға жүзуден Алматы мен Астанадан төрт маман, су добынан Тараз бен Оралдан екі бапкер шақыртылған. Семсерлесу бөлімшесі ашылып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар тәжірибелі маман Алматы қаласынан жұмысқа қабылданды. Волейбол бөлімшесі үшін Ақтөбе мен Талдықорған қалаларынан екі маман шақыртылды. Қазіргі таңда ауыр атлетика, спорттық гимнастика, садақ ату, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, бокс, велоспорт, жеңіл атлетика, үстел теннисі секілді олимпиадалық спорт түрлерінен білікті бапкерлерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Еркін күрес пен дзюдо спорт түрлерінен шетелдік мамандарды шақыру да жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, 2025 жылы саланы қаржыландыру көлемі 25 млрд. теңгеден асты. Оның 77,4 пайызы олимпиадалық спорт түрлеріне, 6 пайызы ұлттық спортқа, 16,6 пайызы олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағытталған. Соның нәтижесінде Әлем және Азия чемпионаттарында олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлері бойынша медальдар саны айтарлықтай артты. 2025 жылы облыс спортшылары 841 медаль иеленсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 183-ке көп.
Өңірде әсіресе балалар спортына ерекше басымдық берілуде. Спорт саласын цифрландыру жұмыстары да қарқын алған. Барлық спорт мекемелері «Lira» жүйесіне көшіріліп, «eSport» порталына спортшылар мен жаттықтырушылардың деректері енгізілген. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қайталанудың алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге алдағы жылдары ауылдық елді мекендерде жаңа спорт кешендерін салу жоспарланып отыр. Облыста 11 кәсіби спорт клубы жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына да жағдай жасалған.
Қазіргі таңда 1389 мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты түрде спортпен айналысуда. Тұрақты комиссия отырысында депутаттар басқарма басшысына бірқатар сауалдарын жолдады. Облыстық мәслихат депутаты Фатима Төлеева көпшіліктің көкейінде жүрген «Атырау» спорт кешеніне қатысты өткір сұрақ қойды. Оның айтуынша, облыс орталығындағы санаулы спорт нысандарының бірі саналатын бұл кешеннің қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді. Сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер сенім үдесінен шыға алмаған. Ал бөлінген қомақты қаражаттың қайда жұмсалғаны қоғамды алаңдатып отыр. Халық қалаулысы бұл сауалды төтесінен қойып, қазына қаржысының мақсатты пайдаланылуын сұрады.
Нұрбол Тұрарұлы бөлінген қаржы негізінен қызметкерлердің жалақысы мен коммуналдық шығындарды өтеуге бағытталғанын айтты. Ақ Жайық жағалауындағы бұл кешеннің алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтетінін де баяндады.
– «Атырау» спорт кешені олимпиадалық спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорттық базасы ретінде ұсынылды. Қазіргі таңда ұлттық құрама сапындағы 100-ге жуық спортшыға барлық жағдай жасалып, бір орталықта жаттығу өткізілуде. Алдағы уақытта кешенге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, — деді ол.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Бақыт Шеркешбаева ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті жою, ауылдық жерлерде атқарылып жатқан жұмыстар жайында сұрақ қойып, ауылдағы талантты жастарды қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Жиынды қорытындылаған тұрақты комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев спорт саласы – келешегі зор бағыт екенін атап өтіп, оның дамуына сәттілік тілеп, мәслихат қабырғасы халықты салауатты өмір салтына бағытталған бастамаларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ


