Бұдан бес жыл бұрын Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай ауылы республика бойынша «Үздік 30 ауыл» санатына кіріп, атағы елге тараған еді. Бұрын сол ауылдан от ауызды ақындар, палуандар шықса, бүгінде көк аспанда қазбауыр бұлттардың арасында ұшақ тізгіндеген жас ұшқыш Сағадат Елеубай да ауылының атын шығарып жүр.
Алматы облысындағы Алатау қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігіне бағынышты 53975 әскери бөлімінде С-295 М әскери-көлік ұшағын басқаратын жерлесімізбен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Бала кездегі арманым – Сағадат, әңгімені туған жер, өскен орта, балалық шағыңыздан бастасақ…
– Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай ауылында 2002 жылдың 9 желтоқсанында дүниеге келдім. Балалық шағым сол ауылдың қарапайым, күйбең тірлігімен тығыз байланысты. Ата-анамның қасында, ауыл өмірінің ыстығы мен суығын көріп өстік. Орта білімді де ауыл мектебінен алдым. Ауыл баласына тән еңбекке ерте араласу, үлкенге құрмет, қарапайымдылық сынды құндылықтар бойыма сол кезден сіңді. Ауылда өскен әр баланың балалығы қандай болса, менің де балалығым дәл солай өтті.
– Ұшқыш болу туралы арман қашаннан пайда болды?
– Адам баласы бала күнінде сан түрлі арманға беріледі ғой. Бірі ғарышты бағындырғысы келеді, енді бірі дәрігер не ел тізгінін ұстайтын әкім болуды қиялдайды. Менің де бала кезімде әртүрлі ойлар болғаны рас. Екінші сыныпта жазған бір шығармам сақталып қалыпты. Сол шағын ғана жазбада «ұшқыш болғым келеді» деп анық жазған екенмін. Әлі күнге дейін сол жазбам сақталған. Демек, бала жүректен шыққан сол қиял мені осы мамандыққа жетелеп келген сияқты.
– Мектептегі қызығушылықтарыңыз қандай еді?
– Мектеп қабырғасында сабақты жақсы оқыдым. Оның да өзіндік себебі бар. Анам мұғалім болған соң, жақсы оқымайтын амалым қалған жоқ (күліп). Жастайымнан өнерге де жақын болдым. Жеті жыл бойы домбыра үйірмесіне қатысып, түрлі байқауларда бақ сынадым, жүлделі орындарға ие болдым. Тіпті бір кезеңде өнер жолын таңдап, Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясына оқуға түсуді де ойлаған кездер болды. Дегенмен уақыт өте келе көзқарас та өзгереді. Өскен орта мен өңірдің тыныс-тіршілігіне зер сала бастаған соң, мұнай-газ саласына деген қызығушылық пайда болды. Ұстаз мықты болған соң…
– Ұшқыш болуды нақты қай уақытта мақсат тұттыңыз?
– Бұл мақсат оныншы сынып оқып жүрген кезде айқындала түсті. Сол уақытта алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген ағайымыз Айбек Әбілхайыров Қазақстандағы әскери оқу орындары туралы жиі әңгімелеп, бағыт-бағдар беретін. Сондай әңгімелердің бірінде Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты жайлы айтқаны ерекше әсер етті. Содан бастап қызығушылығым оянып, «бұл оқу орнына қалай түсуге болады, қандай талаптар қойылады?» деген сауалдар мазалай бастады. Кейін Айбек ағайдың жетекшілігімен Жылыой аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге барып, толық ақпарат алдық. Мақсат айқындалған соң, дайындық та жүйелі түрде басталды. Физика мен математика пәндеріне басымдық беріп, спорттық дайындығымызды күшейттік. Өйткені әскери институтқа түсу үшін тек білім емес, мықты денсаулық пен жоғары физикалық дайындық та шешуші роль атқарады.
– Отбасыңыз бұл таңдауды қалай қабылдады?
– Бастапқыда өзімнің де көңілімде «түсе аламын ба, жоқ па?» деген күмән болды. Дегенмен отбасым бұл таңдауыма қарсылық танытқан жоқ. Керісінше, «бұл шынымен өз қалауың ба, осы мамандықты жүрегіңмен қалайсың ба?» деп, терең ойлануыма түрткі болды. Өйткені адам өзі сүйген ісін таңдағанда ғана соған ынта-зейінін салады. Осыны түсінген ата-анам мен жақындарым шешімімді қолдап, сенім білдірді. Бұл алға қойған мақсатқа нық қадам басуыма зор демеу болды.
– Әрі қарай оқуға түсу қиындық туғызған жоқ па?
– ҰБТ-ға өз бетімше дайындалып, 102 ұпай жинадым. Бұл кезде Ақтөбедегі институтқа түсуді нақты мақсат етіп қойған едім. Алайда мен мектеп бітірген 2020 жыл карантин кезеңімен тұспа-тұс келді. Дәрігерлік тексеруден бастап, барлық құжатты пошта арқылы жолдауға тура келді. Қабылдау комиссиясы құжаттарымызды қашықтан қабылдады. Институтқа 190-нан астам талапкер құжат тапсырды. Солардың ішінде рейтинг бойынша 25-орында тұрдым. Қорытынды іріктеу нәтижесінде 100 талапкер оқуға қабылданды.
Дәл осы уақытта Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне де құжат тапсырып, білім гранты бойынша оқуға түсіп тұр едім. Екі бірдей таңдау жасауға тура келгенде үйдегілер де ойланып шешім қабылдауыма кеңес берді. Ақыры, әскери институтты таңдадым. Осы жерде бір жайтты ерекше атап өткім келеді. Нағашы көкем Мұхтар Шаланов менің есімімді небәрі 20 жасында «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленген Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне қойған екен. Мұны өзім де жақсылықтың нышанына балаймын. Шыдамдылық қана шыңдайды
– Институтқа оқуға түскен алғашқы жылдар, курсанттық кезіңіз туралы айтып өтсеңіз. Ауылдан жырақтап көрмеген бала үшін қиын болған жоқ па?
– Әрине, ондай сәттер болды. Жалпы, бұл жолдан өткен көпшілік үшін қиындықсыз болмайды деп ойлаймын. Дегенмен институттағы білім беру процесі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өйткені бұл – Орталық Азия бойынша ұшу және инженерлік-техникалық құрамды даярлайтын бірден-бір әскери институт. Білім сапасы да, талап та жоғары. Рейтинг бойынша іріктеуден өткеннен кейін де курсанттар бірден оқуға кіріспейді. Әуелі әскери қызметтің бастапқы кезеңіне арналған жас жауынгер курсы бар. Бұл кезеңде де курсанттың таңдау жасауына мүмкіндік беріледі. Институтқа ресми қабылданар алдында 30-40 күндік арнайы дайындықтан өттік. Ол уақытты нағыз сынақ кезеңі десек те болады. Таңғы жаттығу, қатаң тәртіп, әскерге тән күн тәртібі – бәрі бірдей оңайға соққан жоқ. Көптеген жастар физикалық емес, психологиялық тұрғыдан шыдамай, бірнеше күннен кейін-ақ кетіп қалып жатты. Сонда ең бастысы физикалық төзімділік емес, рухтың мықтылығы болу керектігіне көз жеткіздік. Әскери оқу орны тек білім беріп қана қоймай, шыдамдылықты, тәртіп пен қайсарлықты қалыптастырады. Үйден жырақта жүргенде ата-ананың қадірін бұрынғыдан да терең сезінеді екенсің. Сол ортада кімнің бұл жолды жүрек қалауымен таңдағаны, ал кімнің көпке ілесіп келгені бірден аңғарылады.
– Алғаш рет аспанға көтерілгендегі әсеріңіз қандай болды?
– Алғашқы ұшу әсерін сөзбен жеткізу қиын. Институт қабырғасында барлық тәжірибелік ұшулар нұсқаушының тікелей бақылауымен өтеді. Әр қимыл, әр шешім нұсқаушының бағыт-бағдары арқылы жүзеге асады. Дегенмен алғашқы сәттен-ақ жауапкершіліктің салмағы мен зеңгір көкке деген ерекше құрметті сезінесің. Кабинада отырған әр минут адамды сабырлы болуға, өз-өзіне сенуге үйретеді.
– Әскери және азаматтық ұшқыштың айырмашылығы бар ма?
– Негізінен, ұшақты басқару тұрғысынан айтарлықтай айырмашылық жоқ. Әуе техникасын басқару механизмі екеуінде де бірдей. Айырмашылық көбінесе әскери қызметтің өзіне тән ерекшеліктерінде, құжаттандыру, жүктелетін міндеттер мен жауапкершілік аясында байқалады. Институт қабырғасында ресейлік Ми-8 тікұшағында тәжірибелік сабақтардан өттім. Ал қазір әскери-көлік авиациясы құрамында қызмет етемін, С-295М үлгісіндегі ұшақты басқарамын. Бұл ұшақ Испанияда жасалған, жүк пен адам тасымалдауға арналған көпмақсатты әуе кемесі. Осы ұшаққа ауысу кезінде де екі-үш айлық дайындықтан өтіп, арнайы сынақ мерзімінен өттік.
– Әскери ұшқыш болу үшін теория мен тәжірибенің орны қандай?
– Теория әрбір маман үшін, әрине, өте маңызды. Қалай ұшу керек, траектория мен бағыт-бағдарды бағамдау, аэродинамиканы қағаз жүзінде де меңгеруге болады. Бірақ оны іс жүзінде қолдану мүлде басқа дүние. Тіпті бұл үлкен өнер деуге болады. Алғаш рет ұшқанда нұсқаушы қасыңда отырса да, толқу болады. Ұшқыш үшін ең бастысы – ұшақты дұрыс қондыру.
«Ұшқыштың жамбасы жерді сезініп отыруы керек» деген сөз бекер айтылмаған. Шассидің жерге сәтті тигенін сезіну, ұшақты қауіпсіз әрі дұрыс қондыру да нағыз кәсіби шеберліктің белгісі.
– Өзіңіз үлгі тұтатын ұстаздарыңыз болды ма?
– Әрине, институтта өз білімін бөлісіп, әрқашан қамқорлық танытқан ұстаздар көп болды. Әр пәннің өз ұстазы болады ғой, бірақ мен полковник Самат Юсуповтың есімін ерекше атап өткім келеді. Өте білімді әрі тәжірибелі маман. Ол бұрын әскери қызметте болған, сондықтан өз басынан өткен оқиғаларымен бөліседі, өмірде кездесетін түрлі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін көрсетіп, бағыт-бағдар бере білді. Ұстаздың қолдауы әр курсант үшін аса маңызды.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда әскери және азаматтық авиация саласында ұшқыш мамандар жеткілікті ме?
– Бұл әр жылдағы қажеттілікке байланысты өзгереді. Сол себепті қабылдау да әр түрлі жүргізіледі. Мысалы, бізден бір жыл бұрын институтқа 30 адам қабылданса, біз түскен жылы 50 адам алынды. Мұның бәрі зейнеткерлік жасқа жететін мамандар санына байланысты.
Сондай-ақ жаңа ұшақтар келген сайын жаңа кадрлар қажет болады. Қазір әскери салада ұшқыштар мен инженерлер жеткілікті деуге болады. Қазақстан әлі дамып келе жатқан ел болғандықтан, ұшақ саны шектеулі, бірақ кадр даярлау жүйесі бұл сұранысты толық қамтамасыз етуге бағытталған.
– Өзіңізбен қатар немесе сізден кейін Атырау өңірінен осы салаға келген жастарды танисыз ба? Оқып жүрген, не қазір қызмет етіп жүргендері бар ма?
– Мен институтқа түскен жылы атыраулық курсанттар оқуын аяқтап, бітіріп жатты. Біз оқыған жылы Атыраудан түскендер болған жоқ. Қазір бар-жоғын нақты білмеймін, мүмкін оқып жүргендер бар шығар. Бұл салаға көбінесе оңтүстік өңірлерден түсетіндер көп. Себебі сол жақта әуе қорғанысы күштерінің бөлімдері шоғырланғандықтан, балалар ұшақты көріп, қызығып өседі. Өз басым алғаш Ақтөбеге барғанда әскери авиацияның жұмысын көзбен көріп, қатты таңғалдым. Батыс өңірде тек Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында ғана бар. Сол себепті біздің өңірде бұл мамандық көпшілікке беймәлім. Әйтпесе, Атырауда да қабілетті, талантты жастар жетерлік.
– Оқу бітірген соң бірден қызметке кірістіңіз бе?
– Иә, 2024 жылы оқуымды тәмамдаған соң бір ай демалып, сосын бірден жұмысқа кірістік. Әскери оқу орнын аяқтаған түлектерге жұмыс дайын тұрады. Қорғаныс министрлігі әр түлекті әскери жарғыға және түскен сұранысқа сәйкес орналастырады. Әскери қызмет болған соң өзің қалаған жерді таңдау мүмкіндігі жоқ, барлығы қорғаныс саласының қажеттілігіне байланысты белгіленеді. Бүгінде Алматы облысының Алатау (бұрынғы Жетіген) қаласында орналасқан әскери бөлімде ұшқыш болып қызмет етемін. Дегенмен біз әскери-көлік авиациясында болғандықтан, ұшақтар Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда тұрады. Сол жерден ұшып, сол жерге қайта ораламыз.
– Кез келген жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді ғой. Сіздің мамандығыңыздың қиындығы қандай?
– Әрине, қиындық бар, бұл тек ұшақ басқарумен ғана шектелмейді. Бастысы, зор жауапкершілікті талап етеді. Әскери ұшқыштар Қазақстан аумағында ғана емес, қажет болса, шетелдік бағыттарға да ұша алады. Біз жас маман болғандықтан, негізінен ел ішіндегі бағыттарда ұшамыз. Ал халықаралық рейстерге тәжірибелі ұшқыштар шығады. Бұл да тәжірибе жинап, кәсіби шеберлікті шыңдауда маңызды роль атқарады.
– Ұшқыштың бір күндік қызметі қалай өтеді?
– Біз күнде ұшпаймыз ғой. Егер ұшу жоспарланса, бір күн бұрын теориялық дайындық басталады. Сол дайындықта қай бағытпен ұшатынымыз, қандай биіктікте, қандай жылдамдықпен ұшуымыз керектігін зерттейміз, барлығы мұқият әрі өте дәлдікпен есептеледі. Ұшатын күні екі сағат бұрын келіп, ұшақты толық тексереміз. Барлық индикаторлар мен жүйелерге визуалды бақылау жасалып, тексеру қорытындысы дұрыс болса ғана ұшуға рұқсат беріледі. Экипаж құрамында екі ұшқыш пен екі борт маманы болады. Экипаж командирі міндетті түрде тәжірибелі маман болады, біз көмекші ұшқыштармыз. Командир болу үшін жеткілікті ұшу сағаты болуы тиіс және арнайы талаптардан өту қажет. Әрине бәрі де тәжірибе және уақытпен келетін процесс. Ұшпайтын күндері бөлімде болып, қосымша белгіленген жұмыстармен шұғылданамыз. Жауапкершілік алға жетелейді
– Сізді «Жылыойдан шыққан тұңғыш ұшқыш» деп жатады. Ауылдағы ағайын сізбен мақтанатын шығар. Мұның жауапкершілігін қалай сезінесіз?
– Әрине. Бір жағынан мақтаныш сезімі бар, бұл жасырын емес. Ал екінші жағынан жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ата-анаң сен үшін мақтанып отырғанын көргенде, өзің де осы мамандықты дұрыс таңдағаныңа қуанасың. «Осы сенімге лайық болуым керек» деген ой үнемі санамнан кетпейді. Бізге еңбек демалысы жылына бір рет 40 күннен астам уақытқа беріледі. Сол кезде ауылға барғанда ата-әжем мен туған-туыс «біздің ұшқыш баламыз» деп мақтаныш тұтады. Ондайда іште ерекше сезім пайда болады, бір жағынан «осы сенімге, осы мақтанышқа лайық болуым керек» деп бойыңды жинап аласың. Бұл да ойланған адамды шыңдайды екен. Шыны керек, қызметке байланысты дос-құрдастарыммен уақыт өткізу мүмкін емес. Олар Алматыға келгенде ғана көрісеміз. Ал ауылға жылына бір-ақ рет барамын. Оқуда жүрген кезімде де қыста небәрі 14 күн, жазда бір ай ғана демалыс берілетін. Бұл саланың талабы осындай үлкен жауапкершілік пен тәртіпті қажет етеді. Қасыңда жүрген әр адам бірдей киім киіп, бірдей тәртіппен өмір сүргендіктен, кейде бұл жауапкершілік күнделікті өмірде онша сезілмей жатады.
– Алдағы уақытта кәсіби тұрғыда қандай мақсаттарыңыз бар?
– Мақсат көп қой. Әуелі осы салада әрі қарай өсіп, өз ісімнің шебері болғым келеді. Әлі үйренетін, ізденетін нәрсе көп. Бұл мамандық үнемі жаңа білім мен тәжірибені талап етеді, күн сайын өзіңді жетілдіру қажет. Сондықтан әр ұшып шыққан сайын жаңа нәрсені меңгеріп, кәсіби деңгейімді көтеруді мақсат тұтамын.
– Өзіңіз секілді немесе сізден кейінгі ұшқыш боламын деген жастарға, мектеп бітіріп жатқан замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?
– Егер бір мамандыққа шын қызықсаң, соған ұмтылсаң, қолдан келмейтін іс жоқ. Бұл тек ұшқыш болу ғана емес, кез келген салада солай. Өз ісіңді сүйсең, соның шебері боласың. Ең бастысы – ниет. Ниет түзу болса, жол өзі ашылады.
– Сіздерде қызмет шарты қалай, әскери ұшқыш неше жыл қызмет етуге міндетті?
– Оқу бітірген соң 15 жылдық келісім-шартқа қол қоямыз. Егер әрі қарай қызметті жалғастырамын десең, оны ұзартуға болады. Зейнет жасына шамамен 46-47 жаста шығамыз. Ал өзім саладағы қызметімді әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырмын.
– Бүгінде әскерилердің материалдық жағдайына, жалпы әлеуметтік қамту мәселесі көңілден шыға ма?
– Шүкір, бәрі жеткілікті. Әскери қызмет – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала, сондықтан әлеуметтік жағдай да соған сай болуы керек деп ойлаймын. Қазір елімізде әскерге, техникаға зор көңіл бөлініп жатыр. Жаңа ұшақтар мен құрал-жабдықтар алынып, қызметкерлердің жұмыс жағдайы жақсарып келеді. Бұл елдің қауіпсіздігі үшін де өте маңызды.
– Сұхбатымыздың соңында отбасыңыз туралы айтсаңыз?
– Әкем – Асыл Шохаев, анам – Дидар Шоланова. Менен екі жас үлкен Бағдат есімді ағам бар. Ата-анам ауылда тұрады. Әкем – дәнекерлеуші, анам – бастауыш сыныптың мұғалімі. Қарапайым, еңбекқор адамдар. Қазір әкем денсаулығына байланысты Атырау қаласында автобус жүргізеді. Сол кісілердің тәрбиесі мені осы жолға жетеледі деп ойлаймын. Былтыр тамыз айында үйленіп, Ақнұр есімді арумен шаңырақ көтердім. Тойды ауылда өткіздік. Қазір қызмет бабына байланысты пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Жұмыс орнынан пәтерақыға өтемақы төленеді.
– Сағадат бауырым, қым-қуыт қызмет арасында уақыт бөліп, сұхбатқа келіскеніңіз үшін рақмет.
Ұшағыңыз сәтті қона берсін!
Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛ


