Аудандық дене шынықтыру кешенінде еліміздің Әнұраны авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовті еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында дәстүрлі республикалық турнир басталды.
Жарыста Ресей Федерациясы, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау қаласы, Атырау облысы, Құрманғазы ауданынан үкілеп қосқан 160-тан астам балғын боксшы бақ сынады.
Ашылу салтанатында алдымен ортаға жарыс төрешілері шақырылды. Әнұранымыз шырқалған соң жүргізуші Берік Әнесов алғашқы сөзді аудан әкімі Қайрат Нұртаевқа ұсынды. – Салауаты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамыту аясында ауданымызда кешенді іс-шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген спортшыларымыздың жыл санап артуы – біз үшін қуантарлық жағдай. Бүгін міне, өздеріңіз куә болып отырғандай, балғын боксшылардың шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған қазақтың маңдайалды ақыны, Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовті еске алуға арналған жасөспірімдер арасында республикалық турнирдің маңызы зор екенін айтқым келеді, - деген лебізін жеткізді.
Келесі кезекте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ренат Ибрагимов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, осы турнирдің алғашқы ұйымдастырушысы Сансызбай Торғаев, облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Батырхан Халықов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, шараға бокстан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия Чемпионатының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Бекболат Құрамысов қатысты.
Рингте алғашқы жекпе-жек те басталды. Айта кетейік, турнир төрт күнге созылады.
А.Шакупова