Өнердің көрігін қыздырып жүрген өрендерімен мақтанатын Дина Нұрпейісова атындағы өнер мектебі І жартыжылдық жұмысының қорытынды есебін берді.
Алдымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің фойесінде мектептегі сурет үйірмесіне қатысушы балғындардың туындылары, қолдан жасаған бұйымдары келушілер назарына ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Шараны мектеп педагогі Гүлзада Кенжешова жүргізді. Өнер мерекесінің шымылдығы «Балдәурен» ұлт аспаптар ансамблінің «Телқоңыр» күйімен ашылды. Мектеп директоры Милана Боханова І жартыжылдық жұмысының қорытынды есебі бойынша кең көлемді баяндама жасады. Өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық өнер додаларында топ жарып жүрген өнер мектебінің шәкірттері қай додаға салсаң да қанжығасы майланбай қайтқан емес. Милана Қадырқызы жеткен жетістіктерді саралап, педагогтардың да айрықша еңбегін атап өтті. Томағасы сыпырылған жас қырандай өрендер алда талай мәрелерде топ жаратыны анық.
Шарада бірінен соң бірі сахнаға шыққан шәкірттер фортепиано, баян, жетіген, домбыра аспаптарында еркін ойнап, өз өнерлерін ортаға салды. Ән салып, мың бұрала да биледі. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева жеті өнердің басын құрап, оқушыларын өнер атты бұлақтан сусындатып жүрген мектептің жетісіктерімен мақтанатындарын тілге тиек етіп, мәдени мұрамыз ұлттық өнерді насихаттап жүрген ұландардың еңбегін ерекше бағалап, балғын балапандардың бетін қақпай белін буып, болашағына даңғыл жол ашуға жөн сілтеп келе жатқан ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Мектеп директоры М.Бохановаға алғыс хатын табыстады.
Айнагүл Күнұзаққызы