Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен облыстық «Шынайы шымылдық» байқауында ауданымыздың төрт халық театры бас біріктіріп, жерлес драматург, классик жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» қойылымын сахналады. Бұл – 2 бөлімді, 4 көріністі драма.
Драма ғасыр індетіне айналған нашақорлық дертінің жастарды түзу жолдан тайдырып, тұйыққа тіреуі жайлы терең ой толғайды. Қарапайым отбасының жалғыз ұлы нашақорлыққа қалай тап болды? Қоғамымызды құрт ауруындай жайлап келе жатқан ауыр дерттен қалай құтыламыз? Бүкіл адамзат баласына төніп тұрған қауіптен ұлтымыздың болашағы жас ұрпақты қалай аман алып қаламыз? Міне, осы сұрақтарға қойылым жауап іздейді. Бұл – бір ғана кейіпкердің тағдыры емес, тұтас қоғамның қасіретін бейнелейтін терең туынды. Сахнадағы әр сәт, әр диалог көрерменге ой салып, жүрекке салмақ түсірді. Нашақорлықтың зардабы, ата-ана үміті, адасқан жастың өкініші – бәрі де шынайы жеткізілді. Өйткені, сахнадағы көрініс – күнделікті өмірдің бір бөлшегі. Себебі, қоғамда есірткіге тәуелді жандар жетерлік. Бұл дерт жас талғамайды. Онымен күрес толастамағанымен, нашақорлар саны азаймай отыр. Спектакль нашақорлыққа салынғандардың оңайлықпен қатарға қосылмайтынын жеткізді.



Айта кетейік, қойылым «Заң мен тәртіп – Қауіпсіз Қазақстан үшін!» тұжырымдамасы аясында сахналанды. Режиссері: Самат Саламатoв. «Д.Ғұмаров», «З.Исмагулов», «Орлы», «Алға» халықтық театрларынан 16 әртіс қатысса, басты рөлде Ринат Абулхаиров ойнады. Риясыз қошеметтерін білдірген зал толы театрсүйер қауымның ықыласы ерекше болды.
Айнагүл Күнұзаққызы



