Өңірлік квота аясында көшіп келетін қандастарға бір рет берілетін көшу субсидиясы отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде төленеді. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар ай сайын өтеледі. Бұл қолдау 12 айдан аспайтын мерзімге беріледі. Төлем көлемі қоныстанған елді мекенге және отбасы мүшелерінің санына қарай айқындалады.
⁃ Қандастарға тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Ол тұрғын үй құнының 50 пайызына дейінгі мөлшерді құрайды, бірақ 1 625 АЕК-тен аспайды. Сертификат бастапқы жарна ретінде пайдаланылады. Бүгінде қандастар қоныстанатын елді мекендердің тізімі мен отбасы саны айқындалған. «Атырау облысы бойынша 2026–2028 жылдарға арналған қандастарды қабылдау және қоныстандыру өңірлік бағдарламасы» бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде, - деді Г. Аманғалиева.
Жыл басынан бері облысқа 21 отбасы, 34 этникалық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алды. Олар Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан және Қытай елдерінен қоныс аударған. Бәрі бірдей Атырау қаласына орналасты.
Ақпаннан бастап республика бойынша «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» және «Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» қызметтері пилоттық форматта іске қосылды. Жаңа тәртіпке сәйкес үміткерлер цифрлық бағалаудың бірнеше кезеңінен өтеді. Сәтті өткен азаматтарға қандас мәртебесі 5 жыл мерзімге беріледі.



