Бүгін Азия ойындарында 35 медаль сарапқа салынады

(0 Votes)
Фото: news.cn

28 қыркүйекте спорттың 11 түрі бойынша 35 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтсақ, спорттық гимнастика, жағажай волейболы, велоспорт, киберспорт, семсерлесу, оқ ату, таэквондо, ушу, жүзу мен басқа да спорт түрлері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазақстандық спортшылар Дмитрий Яковлев пен Сергей Богату жағажай волейболынан «қолаға» таласады. Олар Иран құрамасына қарсы ойнайды.

Сондай-ақ әйелдер (қолды тіреп секіру, түрлі биіктікті қоссырық) мен ерлер (еркін жаттығулар, ат, шығыршық) арасында спорттық гимнастика бойынша финал ойындары өтеді. Оларға Нариман Құрбанов, Дарья Ясинская мен Аида Бауыржанова қатысады.

Қылышпен семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы командалық турнирде бақ сынайды. Команда құрамы: Назарбай Саттархан, Жанат Набиев, Артем Саркисян және Мұхамедәли Рахманали.

Бейсенбіде жүзу бойынша жеті медаль ойнатылады: әйелдер арасында 50 метр қашықтыққа еркін жүзу, ерлер арасында 50 метрге баттерфляй әдісімен, әйелдер арасында 200 метрге брасс әдісімен, ерлерде 200 метрге брасс, 800 метрге еркін стильмен жүзу, әйелдер мен ерлер арасында еркін стиль бойынша 4×100 эстафетасы. Қазақстанның намысын Әділбек Мусин, Арсен Қожахметов, Софья Сподаренко қорғайды.

Бұл жарыс күнінде оқ ату бойынша бес медаль жиыны сарапқа салынады. Қазақстандықтар турнирге қатысады.

28 қыркүйек таңертеңгі жағдай бойынша, Қазақстан 13 медальмен 12-орында тұр (1 алтын, 2 күміс және 10 қола).

Абсолют көшбасшы бұрынғыша Қытай 140 (76 - 43 - 21). Екінші орында Оңтүстік Корея 70 (19 -18 - 33). Үшінші қатарға Жапония орналасқан 66 (15 - 27 - 24).

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521