Ақкөл спорт кешенінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған волейболдан жасөспірім қыздар арасындағы облыстық ашық турнир өтті.
Ауылда екінші мәрте ұйымдастырылып отырған бұл сайысқа Атырау қаласы мен аудандардан 15 команда қатысып, жүлделі орындар сарапқа түсті. Қызықты, тартысты өткен турнирде қыздар шеберліктерін ортаға салып, жақсы ойын көрсетті. Барлығының да дайындықпен келгені жеңіске деген ұмтылыстарынан байқалып тұрды.
Облыстық турнир қорытындысымен І орын Атырау қаласынан ат арытып келген “Джуниор”командасына тиді. Алаң иелері – Ақкөл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің волейболшылары ІІ орынды еншіледі. ІІІ орын исатайлық жасөспірім қыздарға бұйырды. Джуниор командасының ойыншылары Данагүл Құбашева «Үздік техникасы үшін», Жайна Жұмажан «Үздік ойыншы», исатайлық Аида Толыбай «Үздік қорғаушы» аталымдарын иеленді.
Ақкөл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің үйлестірушісі Данара Қазбекқызы “үздік” деп танылды.
Айнагүл Шакупова