Аумақтық коалиция өкілдері З.Қарсақова, А.Изжанов, Б.Анесов және Б.Утегенов Мақаш ауылының тұрғындарымен кездесіп, конституциялық реформаның мазмұнын жан-жақты жеткізді.
Ашық әрі мазмұнды әңгіме барысында ұсынылып отырған өзгерістердің стратегиялық маңызына тоқталып, азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру, мемлекеттік институттардың ашықтығын күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау және қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен айтылды. Сонымен қатар жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және халықтың шешім қабылдау процестеріне қатысуын кеңейту бағыттары түсіндірілді.

Коалиция жетекшісінің орынбасары Замзагүл Қарсакова өз сөзінде жаңа Конституция жобасы – елдің болашақ даму бағытын айқындайтын, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілікті нығайтатын маңызды тарихи құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер тек заң мәтінін жаңарту емес, ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты әрі тиімді қорғауға бағытталған жүйелі қадам. Сондай-ақ ол жаңа нормалар билік тармақтарының өзара теңгерімін күшейтіп, шешім қабылдау үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз ететінін жеткізді. «Мәселен, 1 бапта Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені ерекше көрсетілген. Мемлекеттің ең жоғарғы құрылымы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары анық көрсетілген. Жүргізіліп жатқан конституциялық реформа – Әділетті Қазақстанды құру бағытының заңды жалғасы. Оның басты мақсаты – өкілетті қайта бөлу, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және азаматтық қоғамның рөлін нығайту» – деді ол. Кездесуде тұрғындар жаңа Ата заң жобасына қатысты өздерін толғандырған сауалдарына нақты жауаптарын алып, елдің болашағы жолында алдағы референдумға біркісідей атсалысатындарын жеткізді.
Айнагүл Шакупова



