АСТАНА. KAZINFORM – «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум қарсаңында қоғамда оң көңіл-күй қалыптасқан.
2026 жылғы 14-18 ақпан аралығында телефон арқылы жүргізілген зерттеуге 18 жастан асқан 1 200 респондент қатысты. Сауалнама еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласын – Астана, Алматы және Шымкентті қамтыды. Сауалнама деректері халықтың хабардарлық деңгейі жоғары екенін көрсетеді.
Респонденттердің басым бөлігі Конституция жобасының мазмұнымен белгілі бір деңгейде таныс екенін немесе ол туралы естігенін айтқан. Тек 22,5%-ы құжатпен таныс емес екенін білдірген. Жоба қоғам тарапынан елеулі қолдауға ие. Конституциямен қандай да бір деңгейде таныс азаматтардың 78,8%-ы құжатты қолдайды. Оның ішінде 31,7%-ы толық қолдайтынын, ал 47,1%-ы негізінен қолдайтынын мәлімдеген.
Азаматтарды ең алдымен олардың күнделікті өміріне және құқықтық мәртебесіне тікелей әсер ететін нормалар қызықтырады. Ең көп талқыланған тақырыптар қатарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары – 35,3%, әлеуметтік кепілдіктер – 29,5%, экология мәселелері – 18% көрсеткішпен алға шыққан. Сонымен қатар білім мен ғылым саласына 17,3% респондент назар аударған. Респонденттердің 68,3%-ы Конституциялық комиссияның жұмысын оң бағалаған. Оның ішінде 16,4%-ы комиссия өз міндетін толық орындады деп санаса, 49,8%-ы бұл пікірмен негізінен келісетінін білдірген. Сауалнама электоралдық белсенділіктің де жоғары екенін көрсетті.
«2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумға қатысасыз ба?» деген сұраққа қатысушылардың 71,4%-ы оң жауап берген. Оның ішінде 32,9%-ы міндетті түрде қатысатынын, 38,5%-ы қатысуы ықтимал екенін айтқан. Конституциялық реформаны талқылау көбіне тұлғааралық деңгейде жүзеге асуда.
Азаматтар бұл мәселені негізінен отбасы мүшелерімен – 37,6%, достары және таныстарымен – 34,5%, әріптестерімен – 30,1% талқылайды. Әлеуметтік желілердегі пікір алмасу деңгейі 17,9% шамасында. Пайдаланушылардың 59,8%-ы жарияланымдарды оқумен шектелетінін көрсеткен.
Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде ұялы байланыс абоненттері арасында жүргізілді. Статистикалық ауытқу 2,8%-дан аспайды. Зерттеу Орталық сайлау комиссиясының жазбаша хабарламасы негізінде ұйымдастырылған. Әлеуметтік-демографиялық құрылым бойынша респонденттердің 43,4%-ы ер адамдар, 56,6%-ы әйелдер. Қатысушылардың 64,2%-ы қала тұрғындары, 35,8%-ы ауыл тұрғындары болды.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура референдумға қатысты сауалнама жүргізу тәртібін түсіндірді.



