«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» халықтық коалиция мүшелері Ақкөл ауылындағы «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Атырау Магистральді газ құбырлары басқармасының Ақкөл желілік-өндірістік филиалының ұжымымен кездесу өткізді.
Оған коалиция топ жетекшісі, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Ғаділханқызы, «Ауыл» партиясы атынан аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Елемесұлы, жастар ресурстық орталығының маманы Дархан Ирғазиева және округ әкімі Қадіржан Өтешов қатысты. Гүлжаннат Қалиева өз сөзінде еңбек ұжымының атқарып отырған жұмысын ерекше бағалап, жаңа Конституция жобасының артықшылықтарына тоқталды.

- Конституция - ол адамның құқығы, әлеуметтік сала, қоғамдағы қарым-қатынасты, қауіпсіздікті, адамдарға берілетін кепілдікті айқындайтын құжат. Жаңа Конституциядағы өзгерістер 77 бапқа енгізілді. Құжаттың 84 пайызы қайта жазылды. Құжат тұңғыш рет мемлекеттік тілде қайта жазылды. Еңбек ұжымының, қарапайым азаматтардың, бизнес қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлердің саяси үдерістерге белсенділік танытуы талқылаудың шынайы, ашық әрі мазмұнды болуын көрсетеді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын тікелей еңбек ұжымдарында жүргізу маңызды. Конституцияға өзгерістер енгізу – уақыт талабы. Қазақстан дамып келеді, сондықтан мемлекеттік жүйе де заманауи талаптарға сай болуы тиіс , - деді. Нұрлан Елемесұлы Ата заңдағы кейбір салаларға қатысты баптардың қалай жетілдірілгеніне тоқталды. Жиын барысында ұжым еңбеккерлері сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Одан әрі маңызды мәселелер төңірегінде байыпты әңгіме өрбітті.
Айнагүл Күнұзаққызы



