Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында алғаш рет мемлекет тарапынан еріктілікті қолдау нормасын бекіту ұсынылды.
Тиісті түзетулерді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Референдум-2026» онлайн-марафоны барысында талқылады. Мәжіліс депутаты Вера Кимнің айтуынша, қолданыстағы Конституцияда әлеуметтік сақтандыру мен қайырымдылықты қолдау жөніндегі ережелер бар, әсіресе қаржылық қамтамасыз ету тұрғысынан. Жаңартылған Негізгі заң жобасында 31-баптың 2-тармағына еріктілік қызметі туралы норма қосымша енгізілген.
Оның сөзінше, бұл жаңа Конституцияның қазіргі қоғамдық шындықты ескере отырып, анағұрлым нақты әрі өзекті болғанын көрсетеді. Еріктілікті конституциялық деңгейде бекіту – оның маңызын мойындау ғана емес, сонымен қатар еріктілер қозғалысын ұзақ мерзімді перспективада дамытуға мемлекеттік қолдау кепілдіктерін беру деген сөз.
Депутат Ислам Сұңкар Конституция елдің негізгі заңы ретінде мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарын айқындайтынын атап өтті.
Конституциялық нормалар тұрақты әрі ұзақ мерзімді даму бағытын белгілейді. Оның пікірінше, еріктілік пен қайырымдылықты Конституция деңгейінде бекіту – сапалы жаңа кезеңге өту. Бұл азаматтардың елді басқаруға және дамытуға қатысуын кеңейтіп, қоғамдық қатысу тетіктерін толықтырады.
«Осылайша, еріктілер қозғалысын Конституция деңгейіне көтеру арқылы біз әрбір азаматтың мемлекетті дамыту ісіне қатыстылығын сезінуіне жағдай жасаймыз. Бұл қоғамның неғұрлым тұрақты дамуын қалыптастыруға ықпал етеді», – деп қосты ол.
Өз кезегінде депутат Ажар Сағандықова еріктілік тек жастармен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде «күміс еріктілер» қозғалысы белсенді дамып келеді – бұл аға буын өкілдері әлеуметтік осал топтарды қолдауға, тәлімгерлікке және отбасылық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосып отыр. Ол еріктілікті Конституцияда институционалдық тұрғыда бекіту оның дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, еріктілік қызметін мемлекеттік қолдауға қосымша ынталандыру тетіктерін қалыптастыратынын атап өтті.


