Шежіре кітаптың тұсаукесері

(2 Votes)

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жарық көрген «Киелі мекен, қасиетті өлке - Құрманғазы» атты шежіре кітаптың тұсаукесері өтті.

Энцеклопедиялық туынды академик-жазушы, халықаралық Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлының бастамасымен жергілікті өлкетанушылардың ұжымдық шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дайындалып, Атырау қаласындағы «Ағатай» баспасынан басылып шықты.

Тұсаукесер рәсімінің алғашқы бөлімінде журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Таңатар Дәрелов Құрманғазы топырағының арғы-бергі тарихы толықтай көрініс тапқан шежірелі кітапқа шолу жасады. Баспаханың бояу әлі кеппеген су жаңа кітаптың ішкі мазмұны, ақпарттары құнды, безендірілуі, суреттердің сапасы жағынан өте тартымды. Кітап "Дәуір демі", "Киелі адамдар, қасиетті жерлер", "Сыр шертер нысандар", "Тұғыры биік тұлғалар", "Өткенімізді зерделеп, өзімізді танушылар" деп аталатын көлемді 5 тараудан тұрады. Тарихи еңбек Атырау облысы әкімі М.Досмұхамбетовтің, Құрманғазы ауданы әкімі Қ.Нұртаевтың құттықтау сөздерімен бастау алып, редакциялық саралқаның төрағасы Ө.Қажымғалиұлының алғы сөзімен жалғасады.

img_9912

«Дәуір демі» тарауында Атырау тарихи өлкетану музейі экспедициясының Нарын өңірінде жүргізген ғылыми барлау жұмысының қорытындылары облыстық мұражай директоры Рашида Харипованың мақаласында көрініс береді. Азғыр (Ақ қала), Шалқар, Қырықоба, Алайғыр, Сүйіндік, Балқұдық сияқты тағы да басқа тарихи орындардың аталу тарихына түсініктер беріліп, қазіргі фотосуреттері кірістіріледі. Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамед-Ғали Кипиевтің еңбегінде Құрманғазы ауданы мен Каспий теңізінің жағалауындағы ауылдар мен кенттердің пайда болу кезеңі мен атауына қатысты мәліметтер айтылады. Сондай-ақ, жер-су аттарының шығу тарихымен, аудан көлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімімен танысуға болады.

«Киелі адамдар, қасиетті жерлер» атты тарауда өлкеміздің өткен ғасырларда өмір сүрген хан-сұлтандары, батырлары, күйші-жыршылары, аруақты адамдары жөнінде баяндалады. Өлкенің мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, экономикасын, шаруашылығын нығайтуға үлес қосқан біртуар өрендеріміздің есімдері аталып өтіледі. Сонымен қатар, әр округ аумағындағы қасиетті жерлер, тарихи жәдігерлер, ескерткіштер туралы мәліметтер бар. «Сыр шертер нысандар» тарауында мазарлар мен қорымдар, петроглифтер мен ескерткіштер, басқа да тарихи нысандар фотосуреттерімен берілген. Сонымен қатар, ауданымыздың көрікті жерлері мен әсем табиғатын таныстыратын фотогалереяны тамашалауға болады.

img_9931

«Тұғыры биік тұлғалар» тақырыбына біріктірілген төртінші тарауда біраз жылдардан өлкетану ісімен айналысып келе жатқан журналист Асқар Ғұмаровтың энцеклопедиялық еңбегімен таныс болсаңыздар, «Өткенімізді зерделеп, өзімізді танушылар» тарауында шығарушы алқа, редакциялық ұжым мүшелері, авторлар мен белсенділер жөніндегі деректер назарға ұсынылады.

Осылай «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты танымдық-тағылымдық-ақпараттық кітаптың мазмұнына кең тоқталып, маңыздылығы мен құндылығын ерекше атап өткен Таңатар Дәрелұлы тағылымды жолда көп тер төккен Өмірзақ аға бастаған барлық авторларға, жанашыр қолдаушыларға, «Ағатай» баспасының директоры Қойшығұл Жылқышиевқа мың алғысын, мархабатты тағзымын білдірді.

img_9952

Шежіре кітапқа ақ жол тілеп, рәсімдік лентасын қию құрметіне аудан әкімі Қайрат Нұртаев, белгілі қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев ие болды. Тұсаукесердің марапаттау бөлімінде кітапты шығарысуға белсене атсалысқан «Өренді өлкетанушылар» мүшелеріне, демеушілерге түрлі деңгейдегі марапаттар мен кітаптың сүйінші данасы салтанатты жағдайда табысталды. Бірді-екісіне тоқтала кетсек, Мақаш ӨК төрағасы Жеңіс Абулхаиров Атырау облысының Құрмет грамотасына, бірнеше жыр кітаптарының авторы Нұрлығайын Нұғыманов облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасына, аудандық мәслихат депутаты Бержан Кенжебаев ауданның Құрметті азаматы атағына ие болды.

Шарада С.Еңсегенов, Қ.Нұртаев, Қ.Жылқышиев, Ө.Қажымғалиев, Р.Харипова, Ө.Есенғазиевтер сөз алды.

img_9919

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521