Құрманғазыда соңғы қоңырау сыңғыр қақты

(0 Votes)

Ғасырдың үстінде тарихы бар, 112 педагог шәкірттерді білім нәрімен сусындатып отырған Абай атындағы орта мектепті 2022-2023 оқу жылында 981 оқушы аяқтап отыр.

 Оның 49-ы түлектер. Білім ордасында өткен «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла соңғы қоңырау» атты оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев, аудан прокуроры Магилан Рахимов, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева қатысты.

Мектеп бітіруші түлектер мен олардың сынып жетекшілері қошеметпен ортаға шақырылғаннан соң Абай атындағы орта мектептің директоры Жамал Хасанова құттықтау сөз сөйлеп:

– Бүгін түлектеріміз үлкен өмірге аттанғалы тұр. Қадамдары құтты болсын. Мектептің түрлі шараларына қолдау көрсетіп, үнемі бізбен бірге болғандары үшін ата-аналарымызға да ризашылығымды білдіремін. Біз, мектеп ұстаздары білім саласындағы тың жаңалықтарды игеруге үнемі талпынып келеміз. Аудан бойынша табысты мектептердің қатарындамыз. Ұстаздарымыз сіздерге де ерен еңбектеріңіз үшін бүгінгі күні алғысымды жеткіземін. Биылғы жылы мектебімізді 49 түлек бітіріп отыр. Табысты мектепке айналуымызда шәкірттеріміздің ерен еңбектері бар, – деп түрлі пәндік олимпиадалар мен танымдық байқауларға, спорттық жарыстарға қатысып жүлделі орындар иеленгендерді, мектептің «Бойтұмар» клубының жұмысын ілгері бастырған оқушыларды ерекше атады. ҰБТ-да 119 және 102 ұпайлармен көрініп отырған түлектердің есімдерін мақтанышпен айтып, бір топ шәкірттерге дипломдар, үлкен жетістіктерге жеткен ұстаздар Тілекші Жанханова мен Баян Уәлиеваға «Табысты мұғалім» аталымы мен 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев алда үлкен сын күтіп тұрған түлектердің ҰБТ-дан сәтті өтуін, мектеп оқушыларының жазғы каникулды жақсы өткізуін тілеп, мектеп ұстаздарына аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева биылғы оқу жылы табысты өткенін, ауданымыз облыстық рейтингте алғашқы үштікке енгенін, 127оқушы облыстық, 78-і республикалық деңгейде жеңімпаз атанса, солардың 8-ін жақында облыс әкімі қабылдағанын жеткізді. 2022-2023 жылғы оқу жылында спорттық-бұқаралық жұмыстар бойынша І орынды жеңіп алған Абай атындағы орта мектепке диплом мен кубок, мектептің қамқоршылар кеңесінің төрағасы Мұрабек Мұғалім бір оқушыға «Табысты жоба» аталымы мен 20 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Осындай ізгі тілектер мектептің ата-аналары, бітіруші түлектердің ұстаздары, түлектер атынан да айтылды. Білім ұясынан қанат қаққалы тұрған оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. Соңғы қоңырау сыңғыр қағып тағы бір оқу жылының сәтті аяқталғанын білдіріп, оқушыларды жазғы каникулға шығарып салды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT