Грант алып, ауылыңды көркейт!

(0 Votes)

Соңғы жылдары ауылдарда балалардың ойын алаңдары керектігі жиі айтылады. Ақша жинап немесе демеушілікпен салып алып жатырғандары да жоқ емес. Бірақ, соны грант алып жүзеге асыруға болатынын біле бермейтініміз анық.

Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту бағдарламасы» жобасы аясында берілетін шағын гранттар бойынша ауыл жастарымен кездесу өтті. Сөз басында айта кетейік, аталған жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша жүзеге асуда. Тапсырысты орындаушы «Жаныңдамын» қоғамдық қоры. Жоба аясында ауыл жастарының әлеуметтік бастамаларын қолдау мақсатында 1 миллион теңгеден 14 шағын грант беру көзделген.

Жалпы конкурстың мақсаты – шағын әлеуметтік жобалар арқылы облыстың Махамбет, Индер, Мақат, Қызылқоға, Жылыой, Исатай, Құрманғазы аудандарындағы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік проблемаларын шешуге жергілікті қоғамдастық мүшелерін, бастамашыл топтарды тарту. Шағын гранттар байқауына жергілікті қоғамдастық мүшелері, бастамашыл топтар және ауылдардың белсенді тұрғындары қатысады.

«Жаныңдамын» қоғамдық қорының директоры Мейрамгүл Есниязова жобаның жеті бағытын слайд арқылы түсіндіріп өтіп: – «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту бағдарламасы» жобасына 15-35 жас аралығындағы жастар ауылда тұрақты немесе уақытша тіркелген болса қатыса алады. Жобаның «Ауылдық жерлерде инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға қолдау көрсету», «Қоғамдық кеңістіктерді дамыту», «Ауылдарда туризмді дамытуға ықпал ету», «Тарихи орындарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар», «Балалар, жастар, ауыл тұрғындарының біліктілігі мен шығармашылығын дамыту», «Жергілікті тұрғындардың мәдени дамуына жағдай жасау, оның ішінде ақпараттық орталықтардың жұмысына қолдау көрсету немесе ұйымдастыру», «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасау» сынды бағыттары бар. Әрбір қатысушы тек бір ғана жоба жібереді. Әлбетте, оны жасағанда жақсылап жазуларыңыз, ол осы өңірге пайдалы болуы керек. Ақша тек бір адамға түседі. Ол 5 адамға дейін бастамашыл топ құрып, оған жалақы төлеуіне болады. Мысалы, баланы ойнату үшін бір шеттегі ойын алаңына апарсаңыз біраз уақытыңызды жоясыз. Грант алып сол алаңды үйіңіздің қасынан салып алған өзіңіз үшін тиімді. Құрманғазы ауданында әлемде, елімізде сирек кездесетін лотос гүлі өседі. Оған жан-жақтан туристер келеді. Миллион теңге алып, оларға қызмет көрсететін орындар ашып, ауданда туризмді дамытуға мүмкіндік бар, – деп, жобаны қалай жасау керектігін түсіндірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521