Азғырға жоғары жылдамдықтағы интернет қосылады

(0 Votes)

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы Нұртаев бір топ бөлім басшыларымен Азғыр өңіріне іссапармен барып, әлеуметтік нысандардың газ желісіне қосылу, Асан мен Үштағанға ауыз су тарту барысымен танысып, үш округ тұрғандарымен кездесіп, ашық сұхбат өткізді.

Асан. Округ әкімі Гүлім Қабдражитова аудан басшысын Қояндыдан тартылып жатырған су құбыры құрылысына алып барды. Жұмыстың жүру барысы жайлы сұрақтарға аудандық құрылыс, сәулет, қала құрылысы бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов жауап қайтарды. Келесі кезекте Б.Момышұлы атындағы орта мектептің жылыту қазанының көгілдір отынға қосылу дайындығы тексерілді. Ғимаратқа газ желісі келіп тұр. Енді тек жылу беру маусымы басталғанда қосу ғана қалыпты.

_mg_5837

_mg_5845

Мектепте өткен округ тұрғындармен кездесуде аудан әкімі Қайрат Талапұлы:

– Азғыр өңірін газбен қамтудың жобасын жасауды облыс әкімі болып тұрғанда Бақтықожа Салахатдинұлы қолға алған еді. Бүгінде ол жүзеге асты. Қазір Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы тарапынан екі ортада сенімгерлік тексеру-рәсімдеу құжаттарын жасақтау жүргізіліп жатыр. Сол аяқталғаннан соң, қазанның 15-іне дейін газбен толықтай қамтамасыз ету жоспарымызда бар. Екінші мәселе – ауыз сумен қамту. Оны Қоянды топтық су құбырынан тартып отырмыз. Бүгінгі таңда Асан мен Үштаған ауылдарына ішкі су желісі жүргізілу үстінде. Осыған қоса Сүйіндіктен бермен қарай негізгі магистралды су құбырын жүргізетін мердігер анықталып, ол жұмыстар басталады. Жол мәселесі де көптен көтеріліп келеді. 11 сордан өтетін жол жасауды мердігер мекеме «Бекет Сәт Жол» ЖШС ұтып алды. Олар да жақын арада бұл жұмысты жүзеге асыруға кіріседі. Азғырдың 36 шақырым жолын жасауға жобалық-сметалық жасауға мердігер анықталып отыр. Күні кеше жобалаушы мекемелер осында келіп оны бастап жатырғанын көрген боларсыздар. Тағы бір күрделі мәселе – ұялы байланыс. Ең күрделісі интернет жүйесін тарту. Мұнда қазір «Қазақтелеком» АҚ өкілдері қатысуда. Сөздің шыны керек интернет байланысының өте әлсіздігі салдарынан үш округтегі ветеринария, ауыл шаруашылық салалары бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, мысалы мал басы саны және басқа да мәліметтер уақытында берілмейді. Мұны шешу мақсатында облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының тікелей қолдауымен Батыс Қазақстан облысының Сайхын елді мекенінен, 151 шақырым жерден интернет желісін тарту мәселесі қолға алынғанын сіздерге толық сеніммен айта аламын. Осы мәселені аймақ басшысының алдына қойғанмын. Енді қазіргі таңда оператор ретінде «Қазақтелеком» АҚ, «Бизнес көмек» қоры және Құрманғазы ауданы әкімдігі арасында үш жақты келісімшарт жасақтап жатырмыз. Сүйіндік,Балқұдық, Асан ауылдарына жоғары жылдамдықты 4G интернет қосылады. Жерін бөліп бердік, қазір жұмыстар жақсы қарқынмен басталып жатырған соң сеніммен айтып тұрмын. Нұрлан Асқарұлы осында іссапармен келгенде үш су таситын көлік алып беру жөнінде тапсырма берген еді. Оны да үш округке табыстадық. Қазіргі күні Балқұдық, Сүйіндік ауылдарының ішіне ішкі сулар тартылған. Бірақ, оны әлі үйіне қосып алмаған тұрғындар бар. Газді де ішке тарту жұмыстарын қазірден бастап жүргізіңіздер. Ертең 15 қазанда қосылатын етіп дайындап қойыңыздар. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесіне де аса көңіл бөлу керек. Кейбір жерлерде улану фактілері болып жатады, сол себепті жылыту қазаны бөлек салынғаны жөн. Көгілдір отынды үйге тарту үшін қандай құжаттар керегін қазір осында қатысып отырған «Қазтрансгазаймақ» мекемесінің өкілдері түсіндіреді. Жобасын жасағанда бірден баспанамен қатар ас үй, монша сияқты құрылыстарды да қосып жіберіңіздер. Әйтпеген күнде ертең оларды саласыңыздар қайта жасақтауға тура келеді. Бүгінгі кездесуде баяндама, жарыссөздер жасап емес, ашық сұхбат тәрізді етіп өткізуді жоспарладық. Өздеріңізді толғандырып жүрген қандай мәселе болса да ортаға салыңыздар, - деп, «Атырау-Астрахань» жолы, Қиғаш өзенін түп-тереңдету жұмыстарынан хабардар етті.

_mg_5884

_mg_5892

Асан ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Әліпов:

- Аудан әкімнің осылай ветеринария, денсаулық, полиция, басқа да бөлімдердің басшылары мен мамандарын ертіп келіп жатырғаны үшін ризамыз. Бұрын жол, газ, ауыз су, интернет мәселелерін жиі көтеретін едім. Енді олардың қолға алынғанына қуаныштымыз. Айтқым келгені орталықтағы трансформатор екі күннің бірінде өртеніп кетеді. Жаңа трансформатор орнатуды сұраймыз, - деп, округ орталығына медпункт салу керек екендігін жеткізді.

_mg_5913

_mg_5922

Берген жауабында аудан әкімі Қ.Нұртаев полицияның тірек пункті жыл аяғына дейін пайдалануға берілетінін, медпункт салу жобасы кемшіліктер анықталуы себебінен кешігуде екенін айтты.

_mg_5929

_mg_5936

Кездесу барысында лауазымды адамдарға Б.Момышұлы мектебінің ұстазы Ертілеу Жұмабаев, Үштаған ауылындағы Құрманғазы мектебінің директоры міндетін атқарушы Шайхымеден Қабиев, көп балалы ана Мәдина Баратова, Рая Жұмағазиева, І топ мүгедегі Бекбол Хараев, округ маманы Мархат Ғұмарова және басқалары тарапынан округ әкімдігіне жаңа кеңсе салу, мал моласын пайдалану, жастарды жұмыспен қамту, пошта қызметін жолға қою, атаулы әлеуметтік көмек, тегін дәрілерді беру, көп балалы отбасыларына газ тартудағы жеңілдіктер, қасқыр аулауды ұйымдастыру жөнінде сұрақтар қойылды. Оларға жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Өтеулиев, «Қазтрансгазаймақ» АҚ аудандық филиалының басшысы Рүстем Нәсиболлаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Төлепов, «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалының бас инженері Игорь Чапылгин, аудандық орталық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Нұрбол Нуреден жауап қайтарды.

_mg_5942

_mg_5961

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521