Атырау облысында туристер саны көбейіп келеді

(0 Votes)

Атырау облысы соңғы жылдары туристер үшін тартымды орынға айналып келеді. Былтыр өңірге 134 мыңнан астам адам келген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 22%-ға артық.

Сарайшық, Қиғаш өзеніндегі лотос алқабы және Индер тұзды көлі бүгінде ең танымал бағыттардың қатарына енді және облыстың туристік картасын қалыптастыруда. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Әлима Рамазанованың айтуынша, бүгінде Сарайшықты ірі тарихи-туристік орталыққа айналдыру жөніндегі бес жылдық жоспар бекітілген.

Ал Қиғашта алғаш рет халықаралық Lotus Fest фестивалі өтіп, оған 20 мыңнан астам турист келді. Туристер ағынының артуы салаға салынған инвестиция көлемінің ұлғаюына да септігін тигізді. Биыл туризмді дамытуға бағытталған инвестициялар көлемі 36,6 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 2023–2027 жылдар аралығында алты жоба жүзеге асырылмақ, оларға салынған жалпы инвестиция көлемі — 11,4 млрд теңге.

– Жеке инвесторлар да туристік инфрақұрылымды дамытуға белсенді үлес қосуда. Мысалы, Атырау қаласында қонақүйлер, Қызылқоға ауданында кемпинг, сондай-ақ Махамбет ауданында спорттық-туристік база салынып жатыр. Бұған қоса, Атырау қаласында демеушілердің қолдауымен ауқымды саябақ жобасы жүзеге асырылуда, – деп хабарлады Ә. Рамазанова.

Өңірде туризм инфрақұрылымын дамытуға да баса назар аударылған. Сарайшық ортағасырлық қалашығына ауылішілік жол, Ақкегершін борлы үстірті мен Иманқара үңгірін аралауға мүмкіндік беретін 50 шақырымдық автокөлік жолы салынды. Қазіргі таңда Ақмешіт қорымына баратын 34 шақырымдық жолдың құрылысы жалғасуда. Жұмыстар жыл аяғына дейін тәмамдалады.

 Бүгінде өңірде туристік маршруттар ұйымдастырылып, жол желісі мен сервистік инфрақұрылым дамытылуда. Осы қарқын сақталса, Атырау облысы тек транзиттік аймақ емес, елдің ежелгі тарихы мен бүгінгі келбетін үндестіретін толыққанды туристік бағытына айналу мүмкіндігі бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT