Әл-Фараби атындағы BINOM School мектеп-лицейінде Fun Time ауыспалы пікірсайыс кубогы аясында Линкольн–Дуглас форматындағы зияткерлік ойын өтті.
Пікірсайыс тақырыбы – «Бұл кандидат жаңа Конституциядағы ең үлкен өзгерісті атайды» – қоғамдағы маңызды саяси-құқықтық бастамаларды талқылауға арналды.
Ойынға FARABI International School тарих пәнінің мұғалімі Қуандық Ғайноллаев пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы Рахат Қалиев қатысып, құндылықтарға негізделген терең пікірталас өрбітті.
Рахат Қалиев жаңа Конституция жобасында қарастырылған бірпалаталы Парламент құру бастамасын ең үлкен өзгеріс ретінде атап, оның заң шығару үдерісін жеделдетіп, саяси жауапкершілікті нақтылай түсетінін айтты.

-Бірпалаталы құрылым – шешім қабылдаудағы артық бюрократияны қысқартып, халық пен заң шығарушы орган арасындағы байланысты күшейтеді, – деді ол.
Сондай-ақ ол мұндай модель заңнамалық бастамалардың тиімді қаралуына және депутаттардың жеке жауапкершілігінің артуына ықпал ететінін атап өтті.
Ал Қуандық Ғайноллаев өз кезегінде адвокатура институтын күшейту мен «Миранда қағидатын» енгізуді аса маңызды өзгеріс деп бағалады.

— Азамат ұсталған сәттен бастап өз құқықтары туралы нақты хабардар болуы тиіс, ал адвокаттың міндетті қатысуы – әділ соттың кепілі, – деп мәлімдеді ол.
Оның айтуынша, бұл нормалар құқық қорғау жүйесіндегі ашықтықты арттырып, адам құқықтарын қорғаудың нақты тетігін қалыптастырады.
Пікірсайыс қорытындысы бойынша 6 төреші әділ бағасын берді. Нәтижесінде Қуандық Ғайноллаев қарсыласынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Ойын жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар өз білімдері мен шешендік қабілеттерін көрсете білді.
Мазмұнды әрі дәлелді ой жарысы көрермендерге конституциялық өзгерістердің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, Fun Time кубогының интеллектуалдық маңызын айқындай түсті.
Рита Өтеуғали
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев



