Атырау облысының Қызылқоға, Мақат және Индер аудандарында бірқатар дүкен иелері ішімдік өнімдерін сатудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Қызылқоғадағы «Tulips» және Мақаттағы бірнеше дүкен бұл шешімді республика көлемінде өтіп жатқан «Алкогольсіз аула» профилактикалық іс-шарасы аясында қабылдаса, Индер ауданындағы дүкен иесі тек Рамазан айында сауапты іске үлес қосу мақсатында сатудан бас тартатынын хабарлады. Бұл қадамдар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және жас ұрпаққа үлгі көрсетуге бағытталған.
Дүкен иелері өз бастамаларын басқа кәсіпкерлерге үлгі ретінде көрсетуге ниетті. Жергілікті тұрғындар да бұл шешімді қолдап, игі бастаманың қоғамдағы берекелілік пен сыйластықты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Осы бастамалар арқылы Қызылқоға, Мақат және Индер аудандарының кәсіпкерлері тұрғындарға қауіпсіз, тыныш орта қалыптастыруға үлес қосып, әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық тәртіпке өз ықпалын тигізуде.
Айта кетейік, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ел аумағында 19-21 ақпан аралығында "Алкогольсіз аула" профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты - құқықтық тәртіпті нығайту, мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.



