Атырауда облыстың жас педагогтері марапатталды

Атырауда облыстың жас педагогтері марапатталды
фото: disk.yandex.kz
(0 Votes)

 «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы «Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының» ұйымдастыруымен өткізілген «Жас маман – білім, ғылымның қозғаушы күші» атты жас педагогтер облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. 

Байқаудың мақсаты - жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық потенциалын арттыру, инновациялық белсенділіктерін дамыту, әрі қарай кәсіби шеберліктерін жетілдіру, педагогикалық қауымға жас педагогтердің жетістіктерін насихаттау.

- Байқауға білім мекемесінде бес жылға дейін педагогикалық еңбек өтілі бар жас мамандардан 60-қа жуық жұмыс түсті. Бірінші айналым – «Жаңғыру жолындағы жас маманның рөлі» тақырыбында эссе жазу бойынша сырттай өтті. Байқауға ұсынылған эсселерді талдау, бағалау және байқаудың финалына қатысуға үміткерлерді іріктеу үшін ғалымдар мен шебер педагогтардан құралған «Сараптамалық кеңес» жұмыс істеді. Нәтижесінде үздік 30 жұмыс анықталып, байқаудың келесі кезеңіне тікелей қатысуға жолдама алды. Екінші айналымда жас маман «Менің жетістіктерім» тақырыбында портфолиосының электронды нұсқасын таныстырды. Үшінші айналым – «Сәтті шыққан сабағым» деп аталады,- деді «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының» директоры Роза Дәулетова.

Оның айтуынша, Атырау қаласы мен алты ауданнан жиналған педагогтар байқау барысында тәжірибе алмасып, танысу ортасын қалыптастырды. Бұл өз кезеңінде ұстаздар қауымы үшін ауадай қажет.

Ұйымдастырушылар алқасының шешімімен байқаудың бірінші орын жүлдесі қос ұстазға бұйырды. Олар Махамбет ауданы Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Дәулет Дощатов пен Атырау қаласы №5 Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ерлан Баймағамбетов.

Мақат ауданы Х.Санбаев атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Гүлдана Орынғалиева мен Махамбет ауданы Қызылүй орта мектебінің химия пәні мұғалімі Данагүл Қайрушева жүлделі екінші орынды иеленді. Ал, Құрманғазы ауданы Еңбекші орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Эльза Ғаббасова мен Атырау қаласы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балым Сағидоллаева және №25 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айқабақ Садақ, Индер ауданы Қ.Абаханов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ықылас Қабышев үшінші орынды еншіледі. Сайысқа белсене қатысқан барлық педагогтерге алғыс хат пен сертификаттар табыс етілді.

Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT