Оның шығармашылығымен алғашқы таныстығым мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенімде басталды.
Аудандық «Ленин жолы» газетінің әдебиет бетінен «Жұлдызым менің қайда екен?» деген шағын әңгімесін оқыдым. Мәнсия атты қызға ғашық болған бозбаланың алғашқы махаббат сезімі өз басымнан өтіп жатқандай әсер алғаным шындық жай. Сан қайтара оқығаным да есімде. Әңгіменің авторы өзімдей малды ауылда өскен жас жігіт екенін білгенімде, қайран қалып, оның жазғандарын қалт жібермеуге тырыстым. Балаң жырларын, кішігірім новеллаларын сүйіп оқып жүрдім.
1982 жылы әскер қатарынан оралғанымда қолыма «Жалын» журналына шыққан Рахымжан ағаның «Соғыстың соңғы бомбасы» атты әңгімесі тиді. Бір демде асқан құмарлықпен оқып шықтым, оқиға да, есімі өзгертіліп берілсе де кейіпкері де бұрыннан таныс. Бірақ, әңгіменің желісі өте тартымды, шығарманың өн бойынан қыр қазағының аңғал да аңқау иісі сезіліп тұрды. Оқыған жұрт «пәленшекеңді қалай ғана қатырған, а» деп, «Қасымғалидың мына баласы жарады» деп желпіндіріп жүретін.
1985 жылы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде «Із» атты әңгімесі жарық ете қалды. Әңгіме ауаны Алматыдан Жұмекен Нәжімеденовтің атақонысы «Ашаққа» келуін көркем тілмен баяндайды. Біздің жақта аңызға айналған «қазан төңкерген із» тарихы күллі жұртқа тарады. Қазақ әдебиетінің кең сүрлеу жолында соны соқпақ салып Рахымжан да кетіп бара жатты.
Бұрын кездеспесек те, сырттай қаламдас досы Таңатар ағадан сұрап қояды екен. Демек, менің де шимай шатпағымды оқитын болғаны ғой. Онысына дап-дардай марқайып қалатынмын. «Артына қарайлап, биіктен етекке көз салады екен ғой» деп жүздесуге құмартып жүрдім. 2003 жылы Алматы, Бішкек, Ақтауды айналып келіп Атырауға тұрақтағанда, Ақжонастағы Естай бабасының басына келгені бар. Сол сапарында ағамен кездесудің сәті түсті. Жетінші атасына тәу етуге келген ағамен танысып, біраз айтқандары құлағымда қалды. Қасиетіңнен айналайын, Қошалақтың көне көз қариялары Ниғымет, Қанат ақсақалдармен әңгіме-дүкен құрған болатын.
Содан кейін Рахымжан ағаның тұрақты оқырманына айналып кете бардым. Іздеп жүріп, әңгімелерін омырау емген сәбидей емініп оқимын. Оқып болып ою-өрнектей түрге, өзіндік үнді тілге тамсанып отырып қаламын. Әрбір әңгіменің ішінде езу тарттырар дүниелер жүреді. «Американың ұлттық байлығы» әңгімесіндегі елдегі сайлау дүрбелеңін дөп басып жағымсыз Жетестің аузына сөз салады. Сахибеден сиыршы мен әйелі Ағибаның дауыс беруге келгенде қора басында дауласатын тұсында біраз күлкіге кенелесің. Әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың өзі мойындап, жоғары баға берген Рахаңның шұрайлы да шырайлы шығармаларын сүйіспеншілікпен оқыған оқырман көп. Танымал қаламгер Жұматай Сабыржанұлының «Мен Р.Отарбаевтың жазғандарын көрсем, бас салып, қомағайланып оқып тастаймын. Бұл соңғы 3-4 жылдан бергі дағды. Оның жай, қара мақалаларының өзінде жаныма жағатын үш-төрт сөйлем қалай да жүреді. Міне, «Егемен Қазақстандағы» жай әңгімесінен толыстай кітапқа татитын сөз таптым. «Арғы атасының бәрі сөзден өлген халықтың нәсілі емеспін бе...» әне, бабалар портреті қандай тамаша, арғы аталарымыз сөзден өлген! Қазіргілердің ажалы бөзден» дегені ойымды толықтыра түседі.
Расында да Рахымжан ағаның көптеген баспасөз беттеріндегі сұхбаттарын оқып-көре отырып, оның үлкен философиялық орамды ойларына тәнті боласың. Небір терең тұңғиық ой теңізіне батарыңыз анық. Бір сұхбатында үйдегі Сәуле жеңгеміздің: «Сен қонақтықтың шырқын бұзасың, барсам тойды бұзасың, біреуге тағы бірдеңе үйретесің» дегеніне өз уәжін айтады. Бақсақ, ағамызды бүгінгі өмірдегі біреудің дағарадай коттеджі, баласына алған пәтері, астындағы «Джипі», шетелге барып демалған тоқтықтың бір мезеттік әңгімелері әбден жалықтырады екен. Оның есесіне бір тұшымды кітап басылып па, бір жақсы суретшінің суретін көріп пе, бір жақсы кино шығып па, осындай отырыста неге сондайды айтпайды деген ой тастайды. «Кітап деген қасиетті дүние, айпадпен, компьютермен қайда барасыз? Алланың өзі адамзаттың қолтығына төрт кітапты қыстырып кеткен жоқ па? Соны ұмытпайықшы дегім келеді!» дегенді айтады. Қандай ғұламалық пікірталас. Абайша айтқанда, «Адамды заман билемек, адам оған күйлемекті» көріп тұр ғой, Рекең.
Рахымжан Қасымғалиұлы «Жаһандасу, ғаламдасу» ұранына ол бастан қарсы болып пікір жазды. Оның жаңалық емес екеніне айтты. Жаһандасу – Қытайдан Ұлы Жібек жолынан басталғанын, Римге дейін бүкіл сауда, өркениет, мәдениет сол көшпен дүние ғаламдасып еді ғой. Қазіргі жаһандасу, қазіргі ғаламдасу қазақ үшін қауіп, сор болып келуі мүмкін. Біз өзіміздің қазақи салтымыздан, дәстүрімізден, мінезімізден айырылып қалуымыз мүмкін, айырылып жатырмыз – деп әсіре ұраннан, әсіре әуестіктен сақ болсақ деген ойды ескертті.
Осындай ордалы сөздің отауын орнықтырған Р.Отарбаевтың «Дара жолын» ана бір жылы ұлттық арнадан көріп, көптеген үлгі алар жайтқа қанықтық емес пе? Бағдарламаға жас шағынан досы Таңатар Дәреловтің қоржында сақталған хатын оқып сыр шерткені, сыншы Амангелді Кеңшілікұлының келелі пікірі кім-кімді де Рахымжанның сыршыл әлеміне жетелейді.
Ауылдағы қара жолдан шығып, әдебиет әлеміне дара жолын салып кеткен дарынды тұлғаның өмір-көші тым ерте тұйықталғаны өкінішті. Әлі де қарымды қаламынан қазақ руханиятының қазығы болар талай тамаша дүниелер туындар еді ғой... Осындайда жыр жампозы Ғафу Қайырбековтың «Жұмекен ескерткішіне» деген өлеңіндегі мына бір шумақтар ойыма оралады.
«Кім ойлаған Таусылар – деп бұлай күн.
Кегі жоқ жан Адамның да құдайдың.
Шылымыңның Оты сөніп болғанша –
Өзің сөніп қалғаныңа жылаймын.
Балалармен жалғасады сендік той.
Ұмытпаспыз,
- Ұмытпаймыз дедік қой.
Өлгендерді ұмытпау да –
Бұл күнде Қолдан сирек келетұғын ерлік қой!
Есмұхан ЖАНИЗИН,
Қошалақ ауылы.
Құрыштан құйылған қылышым
Рахымжан Рельстей жіңішке болсаң да
Шойыннан құйылған Құрыш інімсің,
Ғұмыры қынға түспестен
Сілтеніп өтетін Қылыш інімсің.
Кей – кей кезде
Кей кезде Атыраудың толқынындай
Көтеріліп ісініп
Өсіп бара жатасың,
Дүниені жындай жұлқылап! –
Бірде тарқатып,
Бірде есіп бара жатасың.
Дауылды күнгі құмдай бұрқырап
Алай – дүлей боп
Көшіп бара жатасың.
Сырдың суы сирағыңнан,
Жайықтың суы жұлығыңнан келмей
Кешіп бара жатасың.
Ондай кезіңде,
Рахымжан айналайын,
Сенімен жүру
Кім – кімге де қиын болады.
Айналаң түгел
Үйіріліп, иірілген
Алау – далау
Құйын болады.
Сонан соң
Сабаңа түскен кезінде
Сызылып тұратының – ай.
Майға піскен нан құсап
Жұп – жұмсақ боп
Үзіліп тұратының-ай.
Рахымжан, қарағым-ай!
Бірде асынып алатын
Қару – жарағым –ай!
Рахымжан,
Атырауда тұрып
Алатауға Ат шалып қарай алатын
Айбатты азаматым,
Еліңнің қандай жүгін де
Көтеріп кетуге
Жарай алатын
Қайратты азаматым
Бар бол, айналайын,
Нар бол, айналайын!
Темірхан Медетбек,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
Сонау көкке шықты бүгін өз бағаң
Ілестіріп алып кетті жалған – көш,
Қымбат едің, түкке алғысыз арзан көп.
Елесіңе елегзумен біз жүрміз,
Тірлік түскір одан тоқтап қалған жоқ.
Баяғыша қайнап жатыр сөз-базар,
Сонау көкке шықты бүгін өз бағаң.
Өлгеннен соң айтылары кәміл ғой,
Шынымен де шындық ед деп көз қадар.
Екпініңмен өтсең жықтың жанай бір,
Сен де бірі болса шіркін, талай дүр.
Құйрық-жалы жалт-жұлт ойнап көсілген,
Көз көрмеске ұзап кеткен қара айғыр.
Шыға келер шандозым-ай қағынып,
Өмірінде бір көрмеген жағынып.
Өз отыңа өзіңді-өзің өртедің,
Өртей алмай жүрген кезде жабылып.
Отырғам жоқ табалап не жазғырып.
Онсыз да айтар, салмады деп аз бүлік.
Бүлігіңнің өзі кейде үлгі еді-ау,
Хас талантсың өкінішті тағдыры!
Мінберлерде шабынып ап от құстың,
Бомба болып жарар тұсқа дөп түстің.
Мейірімді қара нұрлы жанардан,
Кей жаманды жасқайтұғын отты ұшқын.
Жарқыраған маңдай қайда жазықтай,
Дауыл тұрсын иілмес ең қазықтай.
Бізге аманат – күншілдік пен бықсық сөз,
Қай тектісін қойған екен қажытпай.
Тас түнекті нұр дедің бе, алдымда,
Қорқынышты, ығар сірә малғұн да.
Оқыс шешім тез тулатып, тез кеттің,
Жүгеніңді бауырыңа алдыңда.
Өзіңе-өзің қатты болдың тастан да,
Жасыным-ай, ештеңеден жасқанбас.
Тумай қалды айтып жүрген дүниелер,
Арман қалды ілінумен аспанға.
Таңатар Дәрелұлы