«Жыр Жұбан және жаңа ғасыр»

(0 Votes)

Табиғатынан талант тұғырында тұрған осы бір асыл адамның бейнесі жыл өткен сайын биіктей береді. Жұбан Молдағалиев - әдебиетімізде өз жанын да, өнер жанын да жарқыратқан, үркердей асыл ағалар тобынан еді.

Көзінің тірісінде көп қырлы әдебиетімізде, оның ішінде поэзияда көз - көрім дүниелері халықтың қалаулы олжасына айналды. Күні бүгінге дейін оның «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары», «Кісен ашқан», «Жесір тағдыры», «Мен – қазақпын», «Айттым сәлем», т.б. кесек дүниелері шартарапқа тарап, қазақ халқының өнер жолын әлем алдында абыроймен қорғап келді, әлі де айнымас қазынамыз боп қалады.

Жыр өлкесінде Жұбанды жоқтағанда, кедір – бұдыры жоқ кеңістікте көсіле шапқан тұлпардай азаматты, көзің көргенмен қолың жетпес тұңғиық тереңдегі інжу – маржандай жыр жолдарын жоқтарың шындық. Сана – сезім иірімдері өлеңнің жұлын жүйесін үкілеген, өмір өлшемдерін қарапайымнан бастап, күрделі түйіндермен аяқтайтын ол осы жолда тіршіліктің кермегі мен керім салын тата білген азаматымыз еді. Жыр кітабын қолыңа алсаң бірде күздің қара жаңбырындай қалтыратып, бірде жаздың жаймашуағындай жадыратып, бірде ақпанның шыңылтыр аязында жылы үйден терезеден сыртқа көз тастап отырған бейжай ақынның өзімен бірге сезінгендей боласың.

Ақында санаңа сілтеме жасар, жақсылықтан да, жамандықтан да тайсалмас бірбеттілік, ұлығыңа да ұлтаныңа да көрсетер ерекше бір леп бар. Жұбан ағамыздың соңында қалған мұраларын мұқият қарасыңыз туған жер туралы дастандары мен очерктерінің орны бір төбе. Қазақстанның кең байтақ даласында алақандай орын алып, бұл күнде бірлі- жарым мал баққан ел, елсіз Жыландыға әркез атбасын тіреп, өнеріне – өміріне қуат алушы еді.Туған жердің топырағы бойына нәр берер қазына сынды.Осыдан қуат алған ақын айбарлы, қанатты көрінетін.

Басқа жер жылады ма, жұбанды ма, Шаттықта шек болмаған Жыландыда. Бақырып басына елді бір көтеріп, Дүниеге келген сөйтіп, Жұбан мұңда,- деп тереңнен толғайды. Ия, бұл ақын қиялының шарықтау шегі. Ақынның туған жері – тағдырына жазған Отаны. Отан киелі есім. Ақын жүрегінде жыл өткен сайын жаңарып жатушы еді. Оның отаншылдығы өз шаңырағынан басталып бүкіл әлемді шарлап кететін. Жоқтан бар жасайтын ақын асқақтығына кешіріммен қарайықшы. Демек, ақынның шабытының шалқар көл болуы заңды. Ақынын дәріптеп, еңбектерін насихаттап, келер ұрпақтың жадында қалуы жолында атқарылып жатқан игі істер мол. Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына Құрманғазы аудандық кітапханасында «Мәңгілік қазақ мәрт ақын» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Мен қазақпын жаныммен, жүрегіммен» тақырыбында поэзия кеші өткізіліп оқырманға насихатталды.

Жұбан өз заманында қазақты жырласа, халқы бүгінде Жұбанды жырлауда ақынның ұрпақтарына деген туған өлкенің құрметі ерекше болды.  Жұбан бір ғана «Мен – қазақпын» толғауы арқылы ұлтына, туған еліне деген сүйіспеншілігін білдіріп кетті. Тарихи шындықты айта отырып, халқымыздың эпикалық өмірін суреттеді. Жұбанның артында арға толы жалынды, дертке қуат, жанға шуақ беретін дастан-жырлары қалды. Ақын есімі, ақын рухы оның жырларын оқып өсетін жеткешек ұрпағы барда, оқырманы барда мәңгі өшпейді.

 

Мархаба Рашова, аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521