Аудандық аналар кеңесі мен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әже – көңіл ажары, ана – күннің шапағы, бала – өмір базары» атты отбасылық сайыс өтті.
Оны жүргізуші аудандық мәдениет үйінің әдіскері Г.Ермұратова қатысушыларды сахна төріне шақырып, байқауды бағалайтын қазылар алқасымен таныстырды. «Шаңырағым – шаттығым» атты бөлімде қатысушылар өз отбасын көпшілікке таныстырды. Әженің бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше екені баршаға аян. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше…», «Балам балдан тәтті, немере одан да тәтті» деп халық даналығы айтқандай, ата мен әже үшін немеренің орны бөлек. Ал, ұлттық тәрбие, нағыз қазақы тәлім-тәрбиенің өзегі әжелер мектебінен бастау алатыны анық. Біздің қазақ ұлтында ерекше рөлге ие жан – әже. Ол тәрбиелеген бала әдепті болып өседі.
Міне, осыған орай сайыстың келесі кезеңі «Әжем менің көп біледі ертегі» деп аталды. Онда ақ жаулықты әжелеріміздің иығына қисайған немерелері ойын дамытып, қияға шарықтатын сүйікті ертегілерін ұйып тыңдады. «Бесік жырын» тыңдап өспеген қазақ баласы кемде-кем-ау, сірә. Қазақтың бала туылғаннан-ақ бесікке бөлейтіні белгілі. Бесік жырын айтып бөлейді. Ана әлдиін құлағына сіңіріп, балғын бөбек балбырап тәтті ұйқыға кетеді. Әдемі ырғақ пен баланың болашағына деген тілек бір әуеннің астында үндеседі. Сондықтан да баланы құрсақта жатқан кезінде-ақ әнмен тәрбиелеу қажет екен. Өкініштісі, ежелден келе жатқан осы ұлттық үрдістің тіні үзіліп бара жатқандай. Сайыста осы ұлттық үрдіс кеңінен насихатталып, үшінші бөлім «Мен анамын ұрпағын әлдилеген» деп аталды. «Өнер – біздің өмірімізде», «Білім – өмір шырағы» кезеңдерінде жүн түту, құрақ көрпе жасау, кесте тігу, ұршық иіру, т.б. сияқты көздің жауын алар әдемі жұмыстар қазылар алқасының назарларына ұсынылып, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан ұлттық құндылықтарының қайта жаңғырғанының куәсі болдық. Байқау қорытындысымен Орлы ауылдық округінен қатысқан Хасановтар отбасы жеңімпаз атанды.
Ал ІІ, ІІІ орындарды ақкөлдік және қиғаштық Қазиевтер, Ғинаятовтар отбасылары иемденді. Оларға ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ардагер ұстаз Ш.Жәлелов ұлттық тәрбие, салт-дәстүр көрініс берген шараның маңыздылығы жөнінде сөз қозғап, осындай игі үрдістің алдағы уақытта жалғасын табуын тіледі.
А.ШАКУПОВА.