Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің әлеуметтік жағдайын нығайту мақсатында ұсынған бес әлеуметтік бастамасы халықтың көңілінен шығып отыр.
Әсіресе, алғашқы бастама «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» мәселесі жастар тарапынан ғана емес, ересектер арасында да қолдау табуда. Егер осы уақытқа дейін тұрғын үй мәселесімен түрлі банктердің табалдырығын тоздырып, бір баспанаға зәру жандар кем дегенде алатын үйлерінің 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерінде қаржы жинауы керек болса, «7-20-25» бағдарламасымен алдын ала пәтер құнының 20 пайызын ғана банкке төлейді. Бұл 1 немесе 2 бөлмелі үй аламын деушілерге аса қиындық тудырмайды. 7 пайыздық мөлшерлеме екінші деңгейлі банктердің беріп жатқан ипотекаларының 14-16, кейбірінің тіпті 20 пайыздық мөлшерлемесінен әлдеқайда тиімді.
Қазіргі жас отбасыларға бұл үлкен көмек.Мәселен, елімізде шаңырақ көтеріп жатқан жастардың әрбір үшіншісі бес жылға жетпей, бір-екі жылдың ішінде ажырасып жатады. Шаңырақтың шайқалуы, айырылысу деген қоғамда үлкен мәселеге айналды. Отбасын сақтаудың түрлі институттары қалыптастырылғанымен ажырасу көрсеткіштері әлі де азаяр емес. Оның ең басты бір себебі, баспананың, жас отбасылардың өздерінің пәтерлерінің болмауынан. Жастардың арасында бұл мәселе шешілсе, елімізде жетім бала, толық емес отбасы, бойдақтар саны әлдеқайда азаяр еді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына да зор серпін берері айқын. Нәтижесінде мыңдаған қазақстандықтар үшін баспана алудың қолжетімділігі артады, көбінің баспаналы болсақ деген арманы орындалады. Қазірдің өзінде «Тұрғын үй жинақ банкіне» барып, осы бағдарлама бойынша пәтер алу үшін мамандар кеңесіне жүгініп жүрген жастар көп.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысының «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасына тоқталар едім. Жыл сайын еліміз бойынша бөлінетін 54 мың грантқа қосымша келесі 2018-2019 оқу жылында тағы да 20 мың грант қосылды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінді. Бұл Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік бермекші. Бірінші кезекте ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары даярланады. Бес бастаманың бірі арқылы студенттердің білім алуымен қатар, алаңсыз жатақханада тұруына да жағдай жасау. Қазір жоғары оқу орындарының студенттері мен колледждердің оқушыларын жатақханамен қамтамасыз ету еліміз бойынша өзекті мәселеге айналып отыр.
Жатақханада орын болмаған соң студенттерге пәтер жалдауға тура келеді. Бұл енді Одақ кезінен бар мәселе. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы жастармен бір кездесуінде 15 жыл пәтер жалдап жүргенін айтқан. Кейде қаражат жағынан қиындық көрген жастардың он шақтысы бірігіп бір бөлмелі пәтерді жалдайды. Онда емін-еркін жүруге мүмкіндік аз, тарлық етеді. Студенттердің кейбірі пәтерақыны былай қойғанда, оқуға қаражатты әрең төлеп отырған отбасынан шыққандар. Мұндай студенттер түске дейін сабақта болса, бесіннен кейін жалдамалы жұмыстарды жасауға барады. Ал, қыздар болса жағдайы жақсы тұрғындардың үйінде тазалықпен айналысса, жігіттер базарға барып жүк тасиды, зат түсіреді. Себебі тамаққа, жас болған соң қыдыруға, пәтерақыға қаражат қажет. Кешке дейінгі ауыр жұмыстан шаршап шығып, ертеңгі сабаққа дайындалуға да уақыт таппайды. «Бірде аш, бірде тоқ жүресің. Кейде нан мен шәйға қанағат ететін күндеріміз болады. Үйдегілерден ақша сұрай алмайсың, олар сенің оқуыңды төлеп отыр. Ауысқанын сұрамай да беріп жатады. Жалғыз бала болсам бір жөн, артымда бауырларым бар. Түстен кейін жұмысқа баратынбыз. Бір топ жігіт жиналып барып, жүк түсіруге жалданамыз. Цемент, тас түсіріп пәтерге шаршап-шалдығып жететінбіз. Түнде отырып сабаққа дайындаламыз. Сонда жатақханаға жатқандарға қызыға қарайтынбыз. Біз сияқты жалданып жүрмейді, жататын орындары тегін», - дейді таныс жастардың бірі сол кездерді еске алып. Әрине, жатақхананың өзіне тән артықшылықтары бар.
Өмір бір орында тұрмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар бүгінде жоқ. Жас мемлекетіміздің ол кезде мұндай мәселелерді қолға алуға қауқары жетпеген. Қазір жастардың сапалы білім алуы, мамандығына сай жұмыс жасауы үшін барлық жағдай туғызылуда. Ең бастысы елге қажет мамандықты таңдай білсе болғаны. Енді оларды баспанамен, жатақханамен қамту мәселесі қолға алынуда. Елбасының тапсырмасына сай 2022 жылдың соңына дейін жатақханаға қажеттілік біржола шешімін табады деген үміттеміз. Ал, мұның өзі олардың жоғары және орта арнаулы білім алуға деген ынтасы мен құлшынысын арттырып, білікті мамандар қатарын толықтырады.
Қанат ЗАРЛЫХАНҰЛЫ