Соңына ойлы шығармалар мен тарих, әдебиет тақырыбында жазылған ғажайып эсселер, зерттеу еңбектерін қалдырған драматург-жазушы Рахымжан Отарбаев ағаның дүниеден өткеніне де біршама уақыттың жүзі болып қалыпты.
Халқының ортасында ойнап-күліп жүрген кезінде-ақ аңызға айналған аға бұл фәниден кеткен күннің ертеңінде өз әлемінің байтақ кеңістігіне кімді болса да баурап ала жөнелді. Қазір ол туралы естеліктер, ойлар, пікірлер, сараптаулар жазылып жатыр. Мен де таудай биік тұлға туралы бір естелігімді жазсам деп қолыма қалам алдым. 2015 жыл. Ол кезде студент едім. Университеттің ғылыми кітапханасы ақын Ф.Оңғарсынованың дүние салғанына 1 жыл толуына орай кеш ұйымдастырды. Мен ол шақта аталмыш оқу орнының жанынан жарық көретін «Университет» газетінің тілшісі болатынмын. Маған ақын апайды еске алу кешінде Фариза ақынға арнап арнау оқу тапсырылды. Мойныма жүктелген қызметті орындап, кештің болуын күттім. Кешке біраз танымал адамдар жиналды. Ішінде Рахымжан аға да бар. Кезегім келгенде ақынға арнаған «Поэзия падишасына» деп аталған арнауымды оқыдым. Ақынға арналған шара аяқталды. Бір кезде маған Рахымжан аға жақындап келіп:
- Сен, қай жерденсің? - деп сұрады.
- Мен сіздің жерлесіңізбін, Құрманғазы ауданынанмын, - дедім.
«Келші бермен» - деп, өзінің «Ақ Жайық» журналына қолтаңбасын қойып, маған былай деп тілек еткен еді:
«Тапжылмай сөйлейтін жігіт екенсің. Маңдайыңа шаң тимей, ғұмырлы бол. Мен саған бұл қолтаңбамда болашақ ақынға үлкен сеніммен деп жаздым. Қаламың жүйрік болсын».
Қуаныштан төбем көкке бір елі жетпеді. Толқып тұрып, «әумин» дей бердім. Жанарынан ізгілік пен мейірімнің шуағы төгілген ағаммен сол бір кездескенім мың жылға татитын дүние болды. Ақ сөйлеп, терең толғаған асқар тау аға бейнесі жадымда жаңғырып тұрады.
Ұлан ИМАНҒАЛИЕВ,
аудандық Оқушылар үйінің бұқаралық бөлім меңгерушісі.