Жаңғырық

(1 Vote)

Расында... Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр. Қу дүние құйрығын әлі талай құйқылжытар...

Осыдан төрт жыл бұрын сәуір айында құнарлы Құрманғазы топырағының төл перзенті, дарынды драматург Рахымжан Отарбаев туған өлкесіне сарқылмас сағынышын көкейіне көмкеріп, арнайы ат басын тіреген-ді. Жанына аяулы жары Сәуле апайды, ұл-қыздарын ерте келгенін естіген соң, ауылымдағы тілегімді жықпас аға буынға ілесіп, жазық дала төсіне тігілген киіз үйге мен де жеттім. Жастайымнан жан толғаныстарына толы шығармаларын жастана оқып, көгілдір экран бетінде тайсалмай, тура сөйлеп, тұщымды ойларын төгетін айтулы жазушы ағама арнап өлең шумақтарын өрген дәптерімді де қолтығыма қыса бардым. Өлкеміздің абзал азаматтарының басы қосылған алқалы жиында күмбірлете күй де ойналып, мың бұралған би мен әсем ән де шырқала келіп, маған сол жырымды оқу бақыты бұйырды.

Толқынды шашын артына қайталай қайырып, менің балауыз бүлдіршін екеніме қарамастан, аға алдындағы астан қолын босатып, асқан ыждақаттылықпен туындыма ден қойды. Сөзім аяқталған тұста: «Жарығым, үлкен рахмет! Сәл аялдай тұр. Отырыстан соң, далада батамды берермін», - деді. Ауыл, аудан басшылығы атап мінгізген арғымақ пен иығына жапқан оюлы шапанға зор ризашылығын білдіріп, оны қасында тұрған құрметтер досы, жаңа ғасыр әдебиетінің көрнекті өкілі Мереке Құлкеновке сыйлауы да – оның бойындағы теңдессіз тектіліктің тағы бір дәлелі іспетті еді. Сол жерде жиылған жамағаттың ыстық ықыласымен маған қарай бұрылып: «Айналайын қызым, ақ алақаныңды жайсаң, батамды берейін. Маңдайыңа шаң тимей, ғибратты ғұмыр кешкейсің. Әдебиет – сүрлеу-соқпағы көп қасиетті жол. Құдай қолдап, жазудан жаңылмаймын десең, мойыныңа жүктелер ауыр сынның салмағын сезін. Еліңді, жеріңді ешуақытта жүрегіңнен өшірме, қалқам. Әділеттің, шындықтың жыршысы атан. Өмірдің арзанқол нәрселерімен көкірек көзіңді көлегейлеп алма. Өлеңдеріңе тау суындай мөлдірлікті, бұралаң бағытта жаныңды жұқартпас жасымас жігерді тілеймін. Аман жүр, жарқыным»,- деген ақ батасына «әумин» деп, қуаныш жасы жуған бетімді сипадым.

Шығармашылық байланысты үзбеуімді тапсырып, «Қараша қаздар қайтқанда» кітабы мен визиткасын қолыма ұстатты. Дәптеріме «Еркеназға шығармашылық бақ тілеген көкесі – Рахымжан Отарбаев. «Жаңа көлдің жағасы». 30.04.14» деген жазуы мен қойған қолтаңбасы ең ғажап естелігімдей әлі күнге сақтаулы. Содан кейін ағаны облыс көлемінде өткен 1-2 шарадан кездестірдім. Жанына жүгіре барып амандасқанымда, балаша мәз боп, жағдайымды түгел сұрастырып, шығармашылығыма салғырт қарамауымды қадағалайтын. Мектеп бітірген соң, асыл арманымды арқалап Орал өңіріндегі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ға филология факультетіне оқуға түстім. І-іші курста, қазан айында Рахымжан ағаның 60-жасына орай университет көлемінде республикалық конференция ұйымдастырылды. Озық оқу орнының мақтанышы болған түлегі ретінде «Университеттің құрметті профессоры» атағын иеленген тұста, сахнаға мен де көтерілдім. Ағамды мерей жасымен құттықтап, қым-қытыр тірліктен болмысы безінген шақта қиялмен жасаған жалғыз аралына мен де ойша саяхат жасап, толғаған туындымды оқыдым. Конференция соңында жанын қаумалаған көптеген студенттердің ортасын жарып өтпей, түстен кейін Х.Бөкеева атындағы драма театрында берілетін «Жәңгір хан» қойылымының уақытын асыға тостым.

Бекітілген сағаттан сәл ертерек аталған жерге жақындадым. Театрдың алдында аға бір танысымен әңгімелесіп тұр екен. Жанына жете бере, қол созып, амандық-саулығын біліп, 2016 жылы «Ағатай» баспасынан жарық көрген «Жарқыл» атты алғашқы жинағымды ұсындым. Жанарынан ерекше мейірім төгілген ол: «Көкем, талабыңнан айналайын. Қазір қойылымды көріп алайық. Содан соң асықпай сөйлесерміз»,-деп ішке еніп кетті. Айтылған келісім бойынша қойылым аяқталысымен ағаны залдың сыртында күттім. Есіктен шыға бере шырайлы жүзімен маңдайымнан сүйіп, кеудесіне басты. Үйімнен жырақта жабырқау күйде жүрген мен айрықша пейілге, жанашырлыққа жүрегім жібіп сала берді. «Айналайын көкем, өзіңді жаныма жақын өлкеден жолықтырып, кезінде білім алған қасиетті қара шаңырақта оқып жүргеніңді біліп қуанып қалдым. Алғашқы жинағың құтты болсын! Жақында «Таңдамалы шығармалар жинағым» шыққан еді. Соған екеуміздің түскен суретімізді арнайы енгіздірдім. Өсе бер, жарығым. Негізі мен бата берген қыз осал болмауы керек қой», - деп жылы жымиды. «Студентсің ғой, керек болады», - деп алмасыма қоймай, киімімнің қалтасына 10 мың теңгесін салып жіберді. Басымнан сипап, айналайынын аузынан тастамай, біраз жерге дейін өсиет-ақылын айтып, қимай қоштастық.

Сол сәтте ағаммен соңғы жүздесуім екенін мендегі көкке көтеріліп қалған көңіл қайдан білсін?! Қайтейік?!. Ағамның жайсыз хабарын естіп, жел ұшырған қаңбақтай дел-сал күйге түстік қой. Қаншама қиын болса да, жарқ еткен найзағайдай ағып өткен ғұмыры – талайға Темірқазық секілді. Әдебиет әлеміне тәй-тәй басып, қаламын серік еткен жалынды жастардың кеудесінен итермей, көкейіне жарық сәуле сыйлай алғанына мен де - күмәнсіз куәгермін. Онымен түскен сыршыл суреттерді, мирас мұраларын парақтай бастасам-ақ, ашық аспан астында алақанымды жайғызып, берген батасы мен мол сенімін арта тілінен ағытқан тәлімді сөздері құлағымда жаңғыра кетеді. Ғұмыр бойына жаңғырып тұрары да – хақ. Сол жаңғырық тәрізді дара дауысы мені әлі де асқар асуларға құлаш серметіп, тарлау жолдарда табанымды тайдырмайтынын түйсігіммен терең түсінемін. Артқан сеніміне селкеу түсірмей, өзіне ұқсап өмірде де, өнерде де адал жүріп, әр қадамымды анық бассам, одан артық арманым қане?! Жарықтық, жан ағам! Пейіште нұрыңыз мәңгі шалқығай!..

ҚАЛИЖАН Еркеназ Еркінқызы,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 3 курс студенті.

Мақаш ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT