С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудандық орталық кітапханада «Жұмекен оқулары» - көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы өтті.
Мақсаты - ақынның әдеби мұрасын халықтың, әсіресе жастардың арасында насихаттау, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Байқауға Мақаш, Еңбекші, Теңіз, Байда, Сафон, Бірлік, Дыңғызыл, Ақкөл, Орлы, Нұржау ауылдық округтерінен келген 18-35 жас арасындағы үміткерлер қатысты. Олар ақынның өлеңдері мен прозалық шығармаларын жатқа айтудан бақ сынады. Әрбіріне екі бөлімде де бес минуттан уақыт берілді. Қатысушылардың барлығы да дайындықпен келгені байқалып тұрды.
Сайыс қорытындысымен жастары толмаса да алыстан келгені, Жұмекен шығармаларын мүдірмей жатқа айтқаны ескеріліп, ІІІ орын Байда, Сафон ауылдық округтерінен келген Әсемгүл Камалова мен Аружан Әйтімоваға тиді. ІІ орынды Бірлік ауылдық округінен келген Нұргүл Жұмалиева иеленді. І орын Мақаш ауылдық округінен қатысқан Айгерім Сейітқалиеваның еншісінде. Айгерім Жұмекеннің өлеңін де, прозалық шығармасын да жақсы жаттаған.
Бас жүлде мен облыс орталығында өтетін республикалық «Жұмекен оқулары» байқауына жолдама Дыңғызыл ауылдық округінен келген Жаңылсын Өтешоваға тиді. Жаңылсын ақын өлеңінің ұзын шумақтарын, прозадан үзіндіні де нақышына келтіре жатқа оқыды. Дауысы жақсы, анық, сахнада өзін еркін ұстады. Прозалық шығармадан үзінді келтіргенде кейіпкерін дәл сомдайды. Аздап дайындап жіберсе республикалық байқауда да сенімді ақтайды деген үміттеміз. Соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Кейбір округтердің атынан келген қатысушылар да өз үміткерлеріне марапаттарын ұсынды.
Қанат ҒҰМАРОВ