Сөзіміздің әлқиссасын 10 мамыр күні «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жоқшылықта күн кешіп жатқан жалғыз басты жас ана туралы ашына жазған ZhuІdyz Gabdusheva (Жұлдыз Ғабдушева) есімді желі қолданушысының постын оқығанымыздан бастайық.
Онда ауыр жағдайда қалған Рысханым атты жас ана жайлы сөз қозғалыпты. Екі қызымен үйден шыға алмай отырған жанның тағдыры адам жанын тебірентеді. Киіп шығатын аяқ киімі болмағандықтан 1 жасар қызын екпеге апара алмай, ол рахит ауруына шалдыққан. Жұлдыз ол жайлы әлеуметтік желіде жазумен шектелмей, тікелей араласып көмек те берген. Бәрін өз аузынан естиік деп біз сол жазбада көрсетілген телефон нөмірі арқылы Рысханыммен байланыстық. Ол алғашқы күні өзінің балабақшаға жұмысқа орналасқанын айтып, сыпайы түрде жұмыстан тыс уақытта хабарласуымызды өтінді. Сәті түскен күні Рысханым Аяпова әңгімесін бастап:
- Жұлдыз Мерғалиқызы апаймен алғаш танысқанымызда үйіме келіп, жағдайымды көрді. Мен жайлы әріптесінен естіпті. Кейбір адамдарға ұқсап: «Е, ондайлар көп қой. Неге өзі барып қаралмайды?», - демей іздеп шығыпты. Тоңазытқыштың іші бос тұрғанын көрді. Өзімен бірге тамақ та әкеліпті. Жылап отырып басымнан өткен қиындықтың бәрін айттым. Ол кісіден бұрын ешкімге тап осылай мұңымды шағып көрмеппін. Басымнан көп қиыншылықтарды өткеріп, мейірімге жұтап өстім. Көзіне жас алып тыңдап, осының бәрін «Фейсбукте» жариялауыма бола ма деп сұрады. Мен қарсы еместігімді, қазіргі жағдайда арланатындай күйім жоқ екенін жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда мен туған-туысымнан ондай көмек көрмедім. Жұлдыз апа қызымды қарап, аяқтан жүре алмайды деген диагноз қойды. Массаж жасату қажет болды. Сол массаждың 35 мың ақшасын өзі төледі. Негізі массаж үш күн деген, онымен дәрігерлер балаға бір күн жарайды деп шешті. Әйтпесе Жұлдыз апа үш курсын да төлеуден тайынбайтын еді. Бір бөлмелі пәтерімнің де 2-3 айлық төлемін төлеп тастады. Басыма қиындық түсіп, екі қызыммен далада қалғанымда аналар үйіне де бардым.
«Бір балаңмен аламыз, үлкен қызың 3-ке толыпты оны балалар үйіне береміз», - деді. «Өзім аш жүрсемде балаларымнан ажырамаймын», - деп одан бас тарттым. Екі қызыммен қалт-құлт күн көрдім. Сондай қиын сәтте Жаңылсын деген апай көмектесті. Тамағын беріп, жылы сөзін айтты. Өзі вахтада істейтіндіктен балаларына қарап, сол үйде де тұрдым. Бөлек тұруыма келістіріп, 25 мыңдық пәтерақымды Жұлдыз апай 2-3 ай төлегенін жаңа айттым. Мен 1993 жылы туылғанмын. Мектепті бітіргеннен кейін грантпен оқуға түстім. Өз әкем анам маған аяғы ауыр кезде ауыр қылмыс жасап сотталып кеткен. Анам сол кезде қатты стресс алған. Оны кінәламаймын. Кейін шешем басқа күйеуге тиді. Жақсы оқып жүр едім, біреулердің кесірінен оны тастап кетуіме тура келді. Өзгелердің анасы баласы үшін жаны шығып кете жаздаса, менің шешемнен ондай мейірімділікті сезінбей өстім. Жоқшылықтан теледидар көруге қолымыз жетпеді. Оны құрбыларымдыкінен барып тамашалайтынмын. 11 сынып бітіргелі мамамды көрмедім. Өгей әкеден еш жылылық сезінбедім, көзтүрткі болғаннан басқа. Жағдайым жоқтығынан 2013-тің дипломын 2016 жылы алдым. Дипломды «Рауан» қоры алып берді. Қызылорда облысының жігітіне күйеуге шыққанмын. Тойымызды жасамады. Жетім деп кеудемнен итеріп, ол жақта ит қорлықпен ғұмыр кештім. «Ішіңдегі баланы алдырып таста, бізге маскүнемнің баласы керек емес. Дәріңе ақша берейік», - деп те айтты. Күйеуімнің бір туысы жаны ашып: «Бұлар сондай адамдар. Өзің жақсы бала екенсің. Қайдан ғана мынаған тап келіп жүрсің?», - деп аяп, елге кеткелі жатқанымда жолдық ақша берді. Сол пойызға «Мынаны өзіңмен бірге әкет, ертең берекетімізді алып жүрер», - деп мас қылып күйеуімді де салып жіберіпті. «Құдай қосқан қосағым ғой» - деп маскүнем күйеуімді Атыраудан өзіммен бірге түсіріп алдым. Ол кезде жүктіліктің 7-8 айлығындамын. Бастапқыда жаңа ортада арағын қойғандай болған. Алайда қалаға үйренгеннен кейін бәрін қайта бастады.Қабағына қарасам да үндемегенім үшін таяқ жедім. Маған ешқандай көмегі тимесе де бәріне шыдадым. Адам болар деген үмітпен үш жыл сүйредім. Үйдегі бар затты араққа сату, ұрып-соғу тыйылмады. Босанар алдында қоқысты қопарып бесік, манеж әкеліп қойдым. Жуас болғанымнан ба күйеуім мені мал сияқты көрді. Бұрын жыл сайын көп етіп компот бастыратын едім. Жолдасым соның бәрін араққа сатып жіберетін. «Азаматым ғой» -деп мас болып қоқыста құлап, былғанып жатырған жерінен үйге әкеліп жуындырсам да жақсылығымды білмейтін. Өзге әйелдерге ұқсап мен оған дауыс көтеріп, қарсы келсем, тілімнен көрдім дер едім. Оның Асхат деген бастығы үй, автокөлік берді, жолдасым оны да қадірлемеді. Қоқыс алаңынан теріп әкелген тамағымды, басқа адамдардың берген азық-түлігін бәрін араққа айырбастады. Арман, Зәуреш деген кісілер онымен сөйлесіп, ақылын айтып көргенімен нәтиже бермеді. Ақыры ол менімен заңды түрде ажырасып, Қызылордаға өзінің еліне кетіп тынды. Кетерінде «Қарызымды төлеймін», - деп әлеуметтік көмек карточкасын, «мен алып бердім», - деп ұялы телефонымды тартып алып өзімен бірге әкетті. Ажырасқаннан кейін балама көмек керек кезінде біреулер арқылы телефон соқтым, айтпаған сөзі жоқ. Өзіңді ешкімге керегі жоқ, айдалада қалғандай сезіну қандай қиын. Мына қос қызым үшін ғана бәріне төздім. Жұлдыз апаға жолыққанға дейін күн көру үшін үйдегі қалған бар затымды саттым. Алла өзіне сенген адамды далада тастамайды екен, стресстен шыға алмай жүргенде маған жақсы адамды тап келтірді. Қажетті дәрілерді сатып әперді. Қанша жақсылық жасап жатыр. Екеуміз де Құрманғазы ауданынанбыз. Мені сіңлісіндей көреді. Сол Жұлдыз апай «Фейсбукке» жазғаннан кейін көптеген адамдар хабарласты. Апайдың өзі Әлия деген журналисті ертіп әкеліп, жағдайыммен таныстырды. Әлия апа мені «Мой город» бағдарламасына шығарып, түсірген бейнероликті ЮТУБ әлеуметтік желісіне де жүктеді. Соның нәтижесінде қайырымды адамдар қаржылай, азық-түлікпен қол ұшын созды. Үлкен қызым балабақшаға орналасып, өзім де сонда жұмысқа кірдім. Қызым кішкентай болғанымен аздап ағылшынша, орысша сөйлейді. «Анашым, маған сыйлаған бақытың үшін рахмет», - дейді. Әлеуметтік желіге шыққанымнан кейін халықтан жиналған қаражат 3 млн. теңгеге жақындап тұр. «Жилстройбанк» есебін жүргізуде. Алға қарай бір бөлмелі пәтер сатып аламын деген үміттемін. Қайыршақты ауылдық округінің әкімі, жұмыспен қамту бөлімінің маманы келді. Бұған дейін маған атаулы әлеуметтік көмек тиесілі екенін де білмеппін. Сотқа алиментке арыз жаздырып, үйдің кезегіне қойды. Жалпы Арман, Зәуреш, Балықшыдағы Тілекші деген апай, мешіт, Аджип, басқа да адамдар, фирмалар мен қорлар ақшалай да, азық-түлікпен де көмек көрсетті. Тіпті Алматы, Талқайраң жақтан да сәлемдемелер жетеді. Қасымыздағы волонтер Айша апай тоңазытқыш әперді. Кейде тамақ көп келетіні сондай оларды әкелушілерге: «Басқа да мұқтаж отбасыларына таратыңыздар», - деп қайтарамын.
Алла бәрін көруші, білуші ғой, оның есесін маған ақшамен қайтарып отыр. Менде басқа сенетін бауыр да жоқ, ата-ананың түрі анау. Жағдайым жақсарса да сол қарапайым Рысханым болып қаламын. Ана мейірімін көрмей өстім, енді одан мына екі қызымды кенде етпеймін. Осылар үшін өмір сүремін және өгей әке шеттетпес үшін қалған өмірімде күйеуге де шықпаймын. Басымнан өткенді екі қызым да көргенін қаламаймын. Бүгінде құрдастарыммен, ешкіммен араласпаймын. Екі ғана киіммен қалып, ауыстырып киіп жүрген кездерім болды. Бүгінде аштық-жалаңаштық, тамақ іздеп қоқыс жәшігін қопарған кездер артта қалды. Кейде осының бәрі маған түс сияқты көрінеді. Жұлдыз апайға осылай деп айтсам жымиып «Сен бақытты болуға тиіссің», - дейді мейіріммен қарап. Ол кісі іздеп келмегенде жағдайымыз не боларын бір құдай біледі. Осы апай туралы жақсылап жазыңызшы, ел білсін! Көмектескен адамдардың жақсылығын ешқашан ұмытпаймын, егер үй алып жатырсам, қоныс тойына бәрін де шақырамын, - дейді ағынан жарылып.
«Араларыңда жақсы адамдар болмаса бәріңді жоқ қылар едім» деген ғой Аллаһ Тағала. Сұрастыра келгенде Жұлдыз ауданымызға танымал азамат, белгілі кәсіпкер Мерғали Ғабдушев пен ақ халатты абзал жан, шипалы емімен ел ықыласына бөленіп жүрген Римма Ғабдушеваның қызы болып шықты. «Алма теректен алысқа түспейді» дегендей, ата-анасының бойындағы асыл қасиеттерді қанына сіңіргеніне қуаныштымыз. «Аштықта жеген құйқаны тоқтықта ұмытпаймын», - деп отырған Рысханым қарындасымызға да көп сынақтан өттіңіз, өмірде армандарыңыз орындалып, өзіңіз әлпештеп отырған қос қарлығашыңыздың қызығына кенеліңіз деген тілек айтамыз.
Жалғыз басты жас анаға қол ұшын созып жатырған мейірімді жандар сіздерге де Аллаһтың нұры жаусын! Рысханымға үй сатып алуға көмегімізді тигіземіз дейтін адамдар болар деген ниетпен одан есепшотын сұрап алып, төменде келтіре кеткенді жөн санадық.
5169493109758493,
«Каспий Gоld» 041007987925,
«Жилстройбанк»
Қанат ҒҰМАРОВ.