Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Құрманғазы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудандық музейде ауылдық округтер арасында елдімекен тарихын бейнелейтін «Қойнауы тарихқа толы мекен - Құрманғазы» тақырыбындағы көрме – байқау ұйымдастырылды.
Музейдің экскурсия жүргізушісі Жазира Амандыққызы шараның мәні мен мақсатымен таныстырып, байқау шарттарын түсіндірді.
Бұл көрме-байқаудың да көздегені осы. Яғни, жас ұрпаққа киелі мекеннің тарихы жөнінде мағлұмат бере отырып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, Отанға деген патриоттық сезімін арттыру, елжандылыққа тәрбиелеу міндет болып табылады. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Өркен Тәжібаев шараның маңыздылығына тоқталып, ауданның 90 жылдық мерейтойында комиссия қорытындысымен үздік деп бағаланған таңдаулы көрмелер көпшілік назарына ұсынылып, насихатталатынын хабардар етті.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс» - деп Елбасы атап көрсеткендей, Көптоғай ауылдық округінің әкімі С.Мұратов ауылдың тарихы жөнінде баяндамасын ұсынып, ауданымыздың көркеюіне айтулы үлестерін қосып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған азаматтардың еңбек жолдарынан мол мағлұмат берді. Көрмені бағалайтын арнайы құрылған комиссия мүшелері өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюды да назардан тыс қалдырмады. Ауылдық клуб меңгерушісі Б.Нұрышев округке қарасты жер-су атауларының шығу тегіне тоқталды. Көптоғай ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Г.Баженова тұрғындардан жиналған жәдігерлермен таныстырды. Көрмеге ата-бабаларымыздың ертеде қолданған тұрмысқа қажетті заттары қойылған.
Әсіресе, ағаштан, жезден, қыштан жасалған дүниелер көздің жауын алады. Дыңғызыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Аязов округке қарасты ауылдардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама беріп, олардың құрылуы, қалыптасуы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, кеңшардың алғашқы басқарушыларының, еңбек озаттарының есімдерін мақтанышпен жеткізіп, 2008 жылы «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің алғашқы төрағасы Х.Биляшевтің жетекшілігімен құрылған көрмені көрермендерге таныс-тырды. Бүгінде онда 1000-ға жуық жәдігер жинақталған екен. Жез самаурын, ат қамыт, ер-тұрман, шоқ салып қыздыратын үтік, т.б. көне дүниелер ежелгі қазақ ауылының тұрмысын бейнелейді. Әжелеріміздің пайдаланған сақина, білезік, қапсырма сияқты әшекей бұйымдарына да қызыға қарамау мүмкін емес.
Өткен жылы ғана 10 жылдық тарихын атап өткен Қиғаш ауылдық округі де бұл көрмеге тыңғылықты дайындықпен келіпті. Округке қарасты елді мекен Д.Нұрпейісова бекетінің салынуы, теміржол мекемесінде қызу еңбек еткен жол шеберлері, сумен қамту басқармалары, бертін келе құрылған «Қиғаш» желілік өндірістік диспетчерлік стансасы жөнінде мағлұмат берілді.
Қиғаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы М.Жүнісова ауылда бой көтерген әлеуметтік, мәдени нысандар, көнеден келе жатқан тарихи орын Кірдуан шіркеуі туралы жан-жақты айтып өтті. Көрмеге әкелінген ауыл тұрғыны К.Сүндетқалиеваның терме алашалары айрықша көзге түсіп, ол комиссия мүшелері тарапынан да оң бағаланды.
Шараны қорытындылаған Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, комиссия мүшесі Ө.Қажымғалиев: - Көрменің негізгі мақсаты – Құрманғазы ауданының 90 жылдық өсу жолын айқындау, оның даму кезеңдерінде кездескен қиыншылықтар мен жетістіктерді саралау. Міне, осыны жете зерделей отырып, еліміздің түп-тамырын анықтауымыз қажет. Біздің жадымыз өте тайыз, ауылдың тарихына үңілгенде әрі кеткенде Қазан төңкерісінен, одан қала берді ІІ дүниежүзілік соғыстан бастап қарауға қауқарымыз жетеді. Осыны әлі де зерттеп, негізімізді білуге ұмтылу туған жеріне бейжай қарамайтын, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан алдағы уақытта көрмеге қатысатын қалған ауылдық округтер тарихқа неғұрлым тереңірек бойлауға мән берсе екен - деп, Көптоғай, Дыңғызыл, Қиғаш ауылдық округтері өздерінің алдарына қойған мақсаттарына жеткендерін қаперледі. Комиссия мүшелерінің қорытындысымен көрме-байқауда жоғары ұпайды Дыңғызыл ауылдық округі иеленді.
А.ШАКУПОВА.