Қыр өңірінің көзі тірі шежіресі

(0 Votes)

Елбасымыздың «рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағыты бойынша республика, облыс аумағында қазірдің өзінде бұрын ауызға ілінбеген ел мен жер, елді мекендер тарихы белгілі бола бастады.

Әрине, мұны біздің буынның біле қоюы екіталай болғанымен, көзі көрген көнені тайға таңба басқандай етіп айтатын дуалы ауыз ақсақалдар әлі де некен-саяқ ұшырасып қалады.

Солардың бірі де бірегейі Құрманғазы бабамыз туылған Жиделіні қоныс етіп, балаларымен бірге шаруа күйттеп отырған Темірболат Қибашев ақсақал. Сексенге толғанымен селкілдеп қалған ештеңесі жоқ. Әңгіме ауанын қыр өңірінің ғажайып тарихына қарай бұра береді. Аудан орталығынан шамамен 180 шақырым алыстағы бұйра-бұйра қызыл құмның қақ ортасындағы оның мекен тұрағына Жұмекен ауылының әкімі Қанат Ғаббасов екі рет бастап алып барды.

Бірінде марқұм жерлесіміз Рахымжан Отарбаевқа қыр өңірін аралатқанда, екіншісінде маңғыстаулық дарынды ақын Светқали Нұржанға Құрманғазы, Жұмекенді туған ұлы топыраққа тәу етемін деп келгенінде. Адам шайтан емес, пенде біткеннің баршасына тумақ-хақ, өлмек-хақ, - деп дуалы ауыз қариялар айтып отыратынындай Темірболат – шежіре шал да үлкейіп келеді, оның күйсандықтай көкірегіндегі асылды ақтарып қағазға хаттап, айтқан, көрсеткен жерлерін біліп қалу жағы кемшін соғып жатқаны рас. Ақсақалдың білігінен біраз нәрсеге әлгі айтқан Қанат Айтжанұлы ғана сусындап қалыпты. Оны сол екі сапарымыз барысында анық байқадық.

Мәселен, Құрманғазы бабамыздың қой жайған жері, Сағырбай қыстауының орыны, Исатайдың соңғы күрес алаңы – Тасоба (Тастөбе), оның маңайы, «Ойықбұлақ», «Кененбай үңгірі», Жұмекеннің «Ашағы», Қошалақ бойы, кім, қай ру, қай жерді қоныс еткен, «Самай бидің шағылы», қоғам қайраткері Бақтықожа Салахидденұлы туған жыңғылды биік, т.б. тарихқа қажет құнды деректерді білетін осы Темірболат Қибашев. Өз өмірі туралы әжімді жүзі мұңданып сараң сөйлейді. Бірақ, қыр өңірінің Атымтай жомарты атанған шежіре шалдың өткен өмірі жайлы деректерді бізге оның жиені белгілі өлкетанушы-тарихшы, жазушы жерлесіміз Өтепберген Әлімгереев біраз әңгімелеп берді. – Ол, - деді қаламдас ағамыз, әкесіз өскен ұрпақтың өкілі, басы қараймаған, аруағына құран бағышталмаған, қай жердің топырағын ұрандап барып құшқаны белгісіз боздақтың ұлы.

Қибашев Темірболат 1938 жылдың 2 шілдесінде Дыңғызыл бойында туылған, сол жақтың шеркеші. Әкесі Қаражанов Қибаш ауқатты, жан-жақтан хабары мол, өз ортасында жоғары бедел иесі болған. Кемпірінің аты – Бәлкен. Қибаш жан дегенде жалғыз ұлдары. Молдадан жас шағынан хат тануға жарап, кейін Астраханьда оқыған. Кеңес үкіметінің басқару –ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында болыпты. Ұлы Отан соғысына алынардың алдында Теңіз аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы болып істеген. Үйі аудан орталығының Самаркин бөлігінде екен. Осы жерде екі ұлды болған. Үлкені – Темірболат, екіншісі –Шәку(Шаһадат) – 1940 жылы туған. Бұларды өмірге әкелген екінші рет үйленген жұбайы – Рабиға.

Оған дейін Нағима деген жұбайымен өмір сүріп, одан Сағымбай (1926), Кәрім (1928) деген екі ұл болады. Бірінші жұбайы аурулы себепті алдыңғы ұлдарының анасы Рабиғамен жұптасады.

Қибаш әке соғыстан оралмайды, алғашқы қиын сәттерде оққа ұшқанға ұқсайды. Темірболат 18 жасқа келгенде анасы жүрек ауруынан дүние салады. Оған дейін анасы ағасымен бірге өздерінің атакүлдігі – Чапаев атындағы ұжымшарда жылқышы болып еңбек еткен. Тіпті 1943 жылы алған «Ерен еңбегі үшін» деген медалі де бар.

Темірболат Қибашев аға жеті жылдық білім алғаннан кейін ұжымшардың түйесін бағады. 1956 жылы Түркістан индустриалдық училищесін механизатор мамандығы бойынша оқып түгеседі. Келе сала жаңадан құрылып жатқан «Балқұдық» кеңшарында, одан соң Чапаев ұжымшарында тракторшы болып еңбек етеді.

1960 жылы Сағымбай ағасымен бірге ұжымшардың жылқысын бағып, 1967 жылы аға жылқышы атанып, өз алдына үйір-үйір табынымен бөлек шығады. Содан бері, кеңестік жүйе ыдырап, қылқұйрықтарды шыңғыртып автокөліктерге тиеп, жанар-жағар май, т.б. керектерге жөнді-жөнсіз айырбасқа ұсынған шаққа дейін сол жылқысын бағып, зейнеткерлікке шығады. Бірақ, енді үкіметтің малынан арқа-мойным босады, деп орталыққа қарай бағыт бұрған емес. О бастан кіндігі байланған ата жұртында - Жиделісінде қала береді. Жылына бір-екі рет ата-бабаларының қауымы Босқынбайға барып, аруақтарға құран-дұға бағыштап, тәу ету борышын ұмытпайды.

Ақсақал аға құдай қосқан қосағы Күләйда Ысқаққызы екеуі 53 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, онның үстінде ұл-қыз өсірді. Қазір олардың бәрі-баршасы өз алдарына үй тігіп, Темірболат – Күлайдадан тараған бір-бір шаңырақ иелері болуда. Олардан жалғасқан немере-шбере, жиен-жиеншарлардың өзі бір қауым ел. Сұңғыла жан сол баяғы Жиделісінде, өзге жерге өзгелер өкше көтерсе де бұл тұрып жатыр. Үйі жанында күй құдіреті Құрманғазының әкесі Сағырбай қыстауының орыны, бала Құрманның қой жайған қоңырлығын күніне бір шолып қайтады. Тағы да кім келер екен деп күтеді. Күткеніндей құла түз-қырға маңдай тірегендер «Темірболатқа жетіп, бір тоқтармыз» -дейді. Өткен әзірде облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы да Азғыр бойына сапары барысында осы дария көңіл шалдың үйіне тоқтап, сәлем беріп, әңгімесін тыңдап көңілін марқайтқаны бар. Жол бойында жомарт отыратыны рас-ау!

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT