Иә, халқымыздың қымызы мен шұбатына жететін сусын жоқ ғой, бұл дүниеде. Оған кім таласа алған?!
Егер қымыздың сан түрлі қасиетін сезінбесе, біздің аузымызды аштырып қойып, немістер іле-шала патенттеп, меншіктеп ала қоя ма? Жүз жерден патенттесе де қымыз қазақтікі, жалпы мұсылман қауымының зәмзәм суындай, өйткені, түлік төресі – жылқы біздікі. Не сонда, неміс деген халықта сусындар жоқ па ішетұғын? Болғанда қандай, біз ана кеңестік жүйеде лимонад пен квасты жаңа ерінге тигізе бастағанда оларда қызыл, көк, сары, жасыл түске боялған мың түрлі сусындар болды. Уақыттың қадіріне жеткен кірпияз елде сусынның мыңдаған түрі қолданысқа енді. Бірақ, сұңғыла ел қымыз дегеннің құдіретін тез аңғарды. Өздеріндегі шөл басарлар қымызбен қатар тұрмақ түгілі маңайлауға да жарамайтынына көздері әбден жетті. Міне, сондықтан, қазақтың қымызын меншіктеп алуға жанын сала кірісті.
Қазақстан мәңгілік ел болу жолында. Бауыры жазылған тұлпардай көп әріптестерін шаң қаптыра көсіле шауып барады. Осы қарқынынан таймаудың, ешкімге дес бермейтіндей өміршең болудың бірден-бір жолы - алдымен салауатты, дені сау, содан кейін білімді, зиялы, тәрбиелі ұрпақ өсіруінде. Қыз бен ұлдары түрлі жаман әдеттен арылулары керек.
Қазаққа жабысқан кесірдің бірі ол – маскүнемдік. Мысқалдап кірген аурудың батпандап шығары рас. Ата да ішеді, әке де ішеді, маскүнем аналар қаншама?! Қайткенде, біз арағы түскірден безініп, осы шипалы өнімдерді молынан өндіруіміз шарт. Шұбат ашытып отырған түйеші ауылдар аудан көлемінде жетерлік. Мәселен, тек өзім білетіндерді айтсам Тұмақтың – Бәтимасы, Рахметтің – Зоясы, Қуанның – Бақыты, марқұм Қабдолланың – Төкені кезінде түйе сауып, шұбат ашытып, даңқы алысқа жайылғандар. Олардың желілері бүгінде де сауын інгендерінен құр алақан емес. Өздері саумаса бұл шаруаны келіндері не қыздары жүргізіп отыр.
Ауданда бұл істі ұйымдастыру, ынталандыру, шұбаттың денсаулыққа соншалықты тиімділігін насихаттау жағы кемшін соғуда. Соданда аудан базарында бірен-саран алыс ауылдардан әкеліп сататындардың бал шұбатын той жасайтындар, қонақ шақыратындар қақшып кетеді. Жаппай тұтынуға жетпейді, көзқарас та немкетті. Содан болса керек, кәрі де, жас та сусын орнына сыра сораптайды, болмаса быжылдаған, асқазанда қыжылдаған басқа түрлеріне таласа-тармаса жармасып, қылқылдатып жатқандары. Ел Тәуелсіздігінің арқасында бие байлап, қымыз өндірушілер қатары да бой көрсете бастады. Өткен 2017 жылы Шахмардан есімді белгілі атбегі және бұрын полиция қызметкері болған Жалғат інішек шаруа ұйымдастырып, қымызбен бірге саумал аталатын қасиеті жоғары емдік сусынмен аудан жұртын біршама қамтыды. Өздері де пайда тапты, саулығы сыр беріп жүргендердің де алғыс – ілтипатына бөленді. Ауыл жұрты да қымбат–арзан демей алып жатты. Тіпті оларға облыс орталығынан да сұраныс берілгеніне куә болғанымыз бар. З. есімді замандасымыз саумал ішіп сауығып кеткенін мақтанышпен айтуда. Демек, қазақ деген халыққа қымызы мен шұбаты керек екен, қадір-қасиетін әлі де ұмытпаған екен. Олай болса, биліктің құлағына алтын сырға, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, осыған неге бас ауыртпаймыз? Сырахана ашылар, дәмхана көбейер онсызда, сондықтан, «шұбатхана» мен «қымызхана» ашуға мұрындық болуымыз керек-ақ. Осы емдік сусындарымыз сырқат жандардың бойындағы кеселді де құдай біледі, сылып тастар еді. Жастарымыз да болашақ жұбайларымен бірге қымыз, шұбат ұрттап сырласып отырса, ертеңгі салауатты, сапалы қазақтың әке-шешелері атанары кәміл. Ойлап көріңізші, күбі пістіріп, саба-саба қымыз бен шұбат ішкен бабаларымыз бір емес, бес-алты жар сүйіп, біреуінің өзі 30-40 балаға әке атанғанын өткен тарих әйгілеп келді емес пе? Сөздің қысқасы, ел боламыз десек, бесігімізді түзейік, әрине. Бүлдіршін күннен ұл мен қызымыздың аузына әлгі айтқан дәрумені мол, қандай ма кеселдің де жұғуына жол бермейтін қымыз бен шұбат, төрт түлік малдың «ағарғанын» тосайық, ағайындар! Келешек ұрпағымыз арақ –беймезгіл ажалға емес, бал шұбатпен дәрі қымызға қол созсын!
Т.Дәрелұлы