«Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек, қасиет тұтуымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылықтарымыз»
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Рәмізбен айналысатын ғылым салалары — геральдика (Елтаңба тану) мен вексиллология (Ту тану) өмірге келгелі де бірнеше ғасыр өткен. Бұл жөніндегі алғашқы кітаптар XVI ғасырда-ақ белгілі бола бастаған. Француз тарихшысы Менестрэ 1650 жылы осы туралы жазған үлкен еңбегі үшін елтаңба тану ілімінің атасы атаңды.
Ту, Елтаңба, Әнұранымыз — біздің ең мәртебелі, ең қадірлі белгілеріміз. Тәуелсіздігіміздің айшықты таңбалары. Жер бетіндегі үлкенді-кішілі елдермен терезесі тең тұратын мемлекет болу үшін де ең алдымен елдік нышандардың болуы, олардың барынша әспеттелуі, ең бір қастерлі дүние ретінде заңмен қорғалуы, әрине, басты шарт.
Әр мемлекеттің рәміздері сол елдің жаратылысына, табиғи даралығына, шығу тегіне байланысты бейнеленіп, ұлттың салт-дәстүрінен, болмыс-бітімінен, тіпті мінезінен хабар береді десек те болады. Мысалы, біздің мемлекетіміздің Туының аспан түстес көгілдір болуы, еліміздің ашық аспан астында бейбіт өмірді қалайтын мінезін білдіреді. Көгілдір түс өте мейірімді, жанға жайлы, жағымды түс. Бұл түстен даладай кең қазағымның дархан пейілін аңғару қиын емес. Себебі, ұлан-ғайыр кең дала бабаларымыздың ықылым заманнан мекені болған және сол жерді ешкімге бодан болмай қорғап қалған қасиетті тұрағы. Ұшы-қиыры жоқ сол даланы көк аспан көмкеріп тұрғандай әсер береді. Мұндай тұтас түсті көптеген мемлекеттердің туынан кездестірмейсіз. Демек, қазаққа ғана тән көгілдір түс.
Ортасында шұғылалы күн шуағын төгіп, жылуын жан-жаққа шашып тұр. Күн - тіршіліктің көзі. Оның қызуынан жер дүние нәр алады, қуаттанады. Еркін самғаған қыран да тектілікті білдіреді. Ол өте қырағы құс, қалықтап ұшып, жоғарыдан бәрін қадағалап отырады. Еш мақұлыққа өзінің әлсіздігін көрсетпей, тек өз биігінде қала береді. Бұл да біздің халқымыздың қиындықтан қорықпайтын қайсар мінезін танытатын тектілік.
Елтаңбаның шеңбер тәрізді болуының өзі халқымыздың біртұтастығын бейнелейді. Ежелден сақталған осы біртұтастық, татулық, ынтымақ, кеңдік ұғымы Елтаңбаның әр өрнегінен байқалады. Ондағы шаңырақтың, керегенің, босағаның таңбалары - ұлтымыздың бояусыз болмыс-бітімі. Құтты тіршілігінің куәсі. Текті жануар тұлпардың дала еркесі киік мүйізімен ыңғайластырылып орналастырылуы да көп мазмұнға ие. Тереңнен толғайтын қазақ қашанда ойын астарлап жеткізгенді ұнататын халық. Сондықтан Елтаңбасы да мазмұнды, мағыналы.
Туымыз бен Елтаңбамыздағы әр өрнектің басқа емес, алтын түске боялуында да өзіндік мән жатыр. Қазақ ең ардақтысын алтынға балаған. Рәміздерімізде де алтын түске басымдық берілуі осыдан. Әнұранымыздың мәтіні жаттауға оңай, әуені патриоттық рухқа толы. Ең бас-тысы халық арасында кеңінен тараған ән. Азаттықты аңсаған қазақ жастарының кешегі Желтоқсанда бодандықтың бұғауын бұзар кезде қол ұстаса шырқағанымен құнды. Демек, сол құдіретті әннің Тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналуы да заңдылық. Әнұранымыздың тек мемлекеттік тілде орындалатындығы қазақ тілінің мәртебесін биіктетіп тұр. Оны орындағанда оң қолды жүрек тұсына қойып айту да көңілге ерекше сезім ұялатып, абырой- айбарын асқақатата түседі.
Жасыратыны жоқ, бұрынырақта мемлекеттік рәміздердің қолданылуында өрескел заңбұзушылықтар орын алып отырды. Мекемелерде ілулі тұратын Тудың күнге күйіп, өңі кетіп, кейбірі жұлым-жұлым боп жыртылуға шақ қалғанын, Елтаңбалардың көмескі тартып тұрғандарын кездестіріп қынжылатынбыз. Кейінгі уақытта облыс әкімдіктері жанынан рәміздер жөніндегі комиссиялар құрылып жос-парлы тексерулерін жүргізіп келеді. Тиісінше аталған кемшіліктер жойылып, бүгінде әр мекеменің алдындағы Туымыз нақты өзінің көк түсінде желбіреп, Елтаңбамыз алтын шапағын шашып қарсы алады. Бұл рәміздердің заңдылықка сәйкес стандарттары сақталып орналастырылуы, ескіре бастағандарын жаңалап отырылуы қатаң қадағалануының арқасы. Мемлекеттік рәміздерге кіршіксіз құрметтің, шексіз сүйіспеншіліктің белгісі, шынайы патриотизмнің көрінісі.
А.НӘЖІМОВ.