Қазақтың ұлттық бұйымы – бесіктің пайдасын өмірдің өзі дәлелдеп, осы уақытқа дейін жетіп отыр.
Баланың таза, ұйқысының алаңсыз болуы өз алдына, бесік нәрестенің ана құрсағынан дүниеге келген соң табиғи өсуіне оң әсер етеді. Қазақ «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «бесіксіз үйде береке жоқ» деген аталы сөздерін бекер айтпаса керек. Ата-бабамыз сәби дүниеге келісімен-ақ бесікке бөлеген. Ал қазіргі баланың көбі бесікте тербелмейді. Бүгінгі жас ата-аналар «нәрестенің бесікке жатқанда бойына қан жүгірмейді, аяқ-қолы қисық болады» деген жалаң желеумен, бөбегінің емін-еркін болғанын қалап, тербелмелі кереуетті құп көреді.
«Немересіне ертегі айтпайтын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлемейтін келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын», - деген еді батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Осы бір ауыз сөздің өзінде дәстүрден алшақтасақ, ұлттық құндылығымыздан ажырайтынымызды қаперге берген салмақты ой жатыр десеңізші.
Әдетте, бесікке бөленіп өскен бала күні бойы оған жатпаса жайлы орнын аңсап тұрады. Тіпті мазасызданып, ұйықтамай қояды. Сәбиін бесікке салғанда ол жұбанып, тәтті ұйқының құшағына тербеледі. Содан соң анасы бесік жырын айтады. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері Адольф Янушкевич өз естеліктерінде. Енді ойлап қарасақ, қазақ топырағына жер аударылып келген поляк зиялысының осы пікірі тегіннен-тегін айтылмапты. Әйгілі А.Затаевичтің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында қаншама сыр бар. Ал мұның бәрі баланың бесік жырын тыңдап өскендігін айғақтайды. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңіп, өн бойына тарайды. «Әлди, әлди ақ бөпем» деп басталатын сол жырлардың қай-қайсысы да тәрбие бұлағындай. «Ұлт болам¬ де¬сең - бесі¬гіңді түзе» немесе «Бе¬сік жырынсыз өскен бала - рухани мүгедек» дегенде сол ба¬балар нені аңғарып, нені меңзеді?! Бесікте тербеліп жатып,¬ ән мен әуеннің құдіретін сезінбеген баланы¬ң санасы¬ қазақы дәстүрге қалай бейімделсін. Бесік¬ке салу, бесікке таңу, бесіктен шығару – ұлы той, үлкен қуаныш, ақ түйенің қарны жары¬латын мереке десек те болады.
Бесікті кез келген ағаштан жасамайды. Бұл мүлікті иіуге икемді болғандықтан көп жағдайда талдан, немесе емен, мойыл, үйеңкі, қарағай, боз тал, қара тал, самырсын, қайың, терек және т.б. сапалы ағаштан жасаған. Талбесік аталуының негізі де осында жатса керек. Бұл екі ағаштың әрі әдемі иістері бар, әрі мықты, құрт түспейді, шірімейді. Ата-бабаларымыз баланың иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің дамуына бесіктің әсері мол деп есептеген. Соңғы кезде базарларда сатылып жүрген бесіктер қандай ағаштан жасалғаны белгісіз және түрлі-түсті бояулармен боялған. Көрер көзге әдемі болғанымен мұндай құрамында химиялық қоспасы бар әрі кез келген ағаштан жасалған бесіктер бала денсаулығына зиянын тигізбей қоймайды. Сондықтан дүниеге келген шақалақтың жайлы орнын таңдағанда осыған аса мән берілгені дұрыс.
Оның жабдықтары – түбек, шүмек, төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, екі тартпасы. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасаған, оны айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатқан. Жалпы, ата-бабамыз бесікті қасиетті, киелі деп есептеген. Мұны мына бір әңгімеден байқауға болады: «Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, үдере көшкенде, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай» дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой» деген екен. Бауыржан Момышұлының келіні қазақ дәстүрлерін насихаттаушы, жазушы Зейнеп Ахметова: - Бұл күндері мерекелік іс-шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында міндетті түрде салт-дәстүр үлгілері көрсетіледі. Оның жасандылығы бірден байқалады. Мұндай шараларда кәдімгі бала бөлейтін бесікке қуыршақ салып тербетіліп, ананың әлдиі, бесік жыры айтылады. Осындай көріністерді сахналардан жиі байқап жүрміз. Біздің қазақ халқы бесікті қасиеттейді, ешқашан бос бесікті тербетпейді. Ол – жаман ырым. «Бос бесік тербетіп қалды» деп перзенті шетінеп кеткен ананы айтады. Бәрінен сорақысы – он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың бос бесікті тербетіп, бесік жырын айтатыны. «Ойын көрсеткенде тұрған не бар» десе де, бұл қазақ ұғымына қайшы келеді, халық педагогикасына жатпайды. Салт-дәстүрді насихаттау деген желеумен бұрмаланып жатқан істеріміз, өкінішке қарай, баршылық. Көзге де, көңілге де томпақ көрінетін көріністерді байқағанда «әттеген-ай» деп қоя салуға да болады. Бірақ біліп тұрып айтпаса, ол да күнә. Ал біз үшін біреулер сырттан келіп балаларымызды ұлттық өнегемен өсіріп бермейді. Өйткені жас ұрпақ – өзіміздікі, егемен еліміздің иесі – солар! «Төрінде бесік тұрса, төре де басын иеді» дейді біздің халқымыз.
Бесік – ұлттық құндылық бастауы, ол бағзы заманнан ата-бабаларымыздың көзіндей сақталып келген көне жәдігер. Ол жай тұрмыстық бұйым ғана емесе, дені сау ұрпақ өсірудің маңызды құралы. Қол аяғын ербеңдетіп бос жатқан нәрестенің үйқысы тыныш болмайтыны белгілі. Ал мұндай бала аурушаң, әлсіз болып өседі. Сондықтан ұлттық болмысымыздың көзайымы – тал бесігімізді аялайық, ұлттық мұрамызды жоғалтпайық. Бесік жырын әндететін жас аналарымыздың қатары көбейсін деп тілейік, ағайын.
А.Шакупова