Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлесіміз, Мақаш ауылдық округіне қарасты «Қызыл Ту» ұжымшарында туып-өскен Құспанғали Боранбаевтың денесі 75 жылдан кейін туған жеріне оралды.
Оның сүйегінің табылуына ресейлік және ақтөбелік соғыс даласында хабарсыз кеткендерді іздеушілер тобының сіңірген еңбегі зор. Елге оралуы облыс әкімдігі мен Ресейдегі Қазақстан Республикасы елшілігінің күш салуының нәтижесінде ғана мүмкін болды. Майдангер денесінің туған жеріне оралуына орай өткен қаралы жиынға қатысу үшін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин бастаған лауазымды тұлғалар ауданымызға арнайы келіп, аудан әкімі Бибоз Шаяхметовпен бірге марқомның ұрпақтарының шаңырағына барып, көңіл айтты. «Темірәлі» мешітінің ұстазы Айбол Қайса Құран оқығаннан кейін, табыт аудан орталығындағы Боздақтар ескерткішіне жеткізілді. Әскери қызметкерлер жауынгер мүрдесі салынып, үстіне Қазақстанның Туы жабылған табытты мәңгілік алау түбіне жеткізіп, қатысушылар тарапынан гүлдестелер қойылды. Бір минут үнсіздік жарияланды.
Құспанғали Боранбаев ағамыздың өмірдерегімен таныстырған аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, ақын Нұрлығайын Нұғыманов: - Қолымызда ағамыз туралы мәліметтер болмады. Сонда да әлдебір деректер табылып қалмас па екен деп аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев мырза аудандық мұрағатқа барды. Осыдан 3-4 күн бұрын ғана отызыншы жылдардағы ауылдық кеңестердің құжаттарын сұрастырған. Сол кезде Морской ауылдық кеңесіндегі құжаттарды тіркеген, 1938 жылғы шаруашылық кітабына кез болады. Шаруашылық кітабындағылардың арасынан ағайынды үш Боранбаевтардың отбасын табады.
Онда Боранбаев Дүйсекен, Боранбаева Балзира, Боранбаев Көшкін отбасылары тіркеліп, олардың 1938 жылы «Қызыл ту» ұжымшарына мүше болғандығы көрсетілген. Іздестіре келгенде Боранбаев Дүйсекеннің баласы Қадырбай Дүйсекеновтің ауданымызға танымал ұстаз болғандығы, оның ұрпақтары Меруерт, Қайырболат, Злиха, Ерболат Дүйсекеновтер және басқалары аудан, облыс көлеміне белгілі адамдар екені анықталды. Осылайша бұл әулет өшкендері тірілгендей күй кешіп, қуанышқа бөленді. Десек те небәрі 20 жыл ғұмыр кешкен бұл азаматтың қайда білім алғаны, балалық шағы қалай өткені жөніндегі мәліметтер жоқтың қасы, - дей келе марқомның жаны жәннатта шалқысын, барша ағайын-туыстарына қайғының соңы қайырлы болғай деген тілегін айтты.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев:- Былтырдан бері біз облыстағы, Құрманғазы ауданындағы мұрағаттардан Құспанғали Боранбаев жөнінде деректер іздестірдік. Ештеңе таппадық. Содан кейін әріптестерім, осында қатысып тұрған Саламат Сағымпазұлын, Баязи Мәдешұлын Астрахань облысына жіберіп, кезінде осы облыстың қарамағында болған шығар деген ниетпен ол жерге де іздеу салдық. Онымыз да нәтиже бермегендіктен сүйекті алып келу үшін іргелес ел өкілдерімен бір жылдай келіссөз жүргіздік. Ресейліктер бізге ағайын-тумасы болмаса бермейтіндерін айтты. Оларды көндіріп, әкелеміз деп жатқанда туыстарының табылғаны жөнінде хабар түсті. Құспанғали ағайдың артында жоқтаушы елі бар екеніне куәміз. Міне, енді мәңгілік жер бесігіне орнығу үшін ортамызға келіп жатыр. Аруағы риза болсын! Ағамыздың сүйегі бауырластар зиратында болмаған. Бүгін осында қатысып тұрған Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова атындағы іздеу тобының мүшесі Ерлан Абишев және Ярославь облысының «За отвагу» тобының мүшелері қалың орманның ішінен тауып, қазып әкелді. Ә.Молдағұлова атындағы іздеу тобының басқа мүшелерін де бүгінгі шараға шақырғанбыз, әртүрлі себептермен келе алмады. Ағамыздың табылуы осы азаматтардың таза еңбегі. Қалай тапты десек, сүйектің қасында жатқан қасыққа «К.Боранбаев», - деп жазып қойған екен.
Сонымен қатар мынандай кішкентай медальоны болған. Ішін ашқанда иесі туралы деректер сақталған. Сол арқылы тауып отырмыз. Медальонның ішіндегі қағаз жетпіс жылдың үстінде жатқандықтан ашып оқығаннан кейін үгіліп кеткен. Бұларды енді мұражайға береміз. Пенденің көретін рахаттары оқу, қызмет, отбасын құру, бала бақытын көру, мұның ешқайсысы маңдайына бұйырмаған. Отан үшін шейіт болды. Бұл азамат осы иен даланы қорғауда шейіт болған батыр бабаларымыздың жалғасы. Іздеу тобының мүшелері көп сөйлегенді жақтырмайды. Түнде орманның ішінде ас ішіп, от жағып отырып суретке түскенде онда жоқ адамдардың бейнесі шығады дейді. Біреу сенер, біреу сенбес бұл қазақша айтқанда тәні өлгенімен аруағы жүр деген сөз ғой. Отырып түскен суреттерден әр жерде шырақтар жанып тұрғанын көрген.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы майданда болған ардагерлеріміз туралы «Соғыс даласында ерліктерімен ғана емес, биік ұстанымдарымен абыройлы болып елге келіп, өз еңбектерімен туған жерін көркейткендерге тағзым ету, арамызда жүргендеріне құрмет көрсету біздің парызымыз» деген болатын. Облыста қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан отыз ардагер бар, Құрманғазы ауданында бірде-біреуі жоқ. Бірақ, біз әрқашан мына әскери киім киіп тұрған жас жеткіншектерге, жалпы халыққа әскери-патриоттық, жаһандану процессінің келеңсіз жағдайларына төтеп беретін тәрбие беру, олардың дұрыс көзқарасын қалыптастыру міндетіміз деп есептейміз. Болып жатқан бүгінгі іс-шараның өзі соған ықпал етуі тиіс. Мен ерекше ризашылығымды Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке, Астрахань облысындағы, Санкт-Петербург қалаларындағы Қазақстанның консулдарына, ресейлік әріптестерімізге сіздердің, майдангердің ағайындарының аттарынан зор ризашылығымды білдіргім келеді. Олар құжаттарды рәсімдеуге, барып келген Саламат Сағымпазұлы бастаған топтың жүріп тұруына, сүйекті елге жеткізуге көп қолғабыс берді. Ерекше ризашылығым ағамыздың сүйегін тапқан, оны анықтауға үлес қосқан Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова атындағы іздеу тобының мүшелеріне, Ярославь облысының «За отвагу» іздеу тобына арналады. Бұларды ешкім міндеттеп жатқан жоқ. Өздерінің жүрек қалауымен барып, ас-су жоқ ну орманның ішінде, қауіпті жағдайда азаматтық ұстанымдарынан таймай жоғалған әскерлердің аты өшпеуіне үлкен үлес қосып келеді. Және де Орынғали аға сізге ризашылығымды айтамын. Сіз туыстары кім екенін табуға жұмыстанбасаңыз ағамыз жайлы нақты мәліметтерді білмейтін едік. Біреулер бауырластар зиратына жерлейік деді. Бүгін міне сіздің еңбегіңіздің арқасында бауырларының арасына оралып, мәңгілікке тыныш тапқалы отыр, - деп Құспанғали ағамыздың топырағы торқа болсын, деген тілегін жеткізді.
Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев: - Бізге биыл наурыз айында Ресейден қайталанып хат келіп, онда Құспанғали ағамыздың денесі 9 мамырға дейін алынбаса Отандастар зиратына жерленеді делінген еді. Оған араласып, туыстары табылар деп кідірткені үшін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына үлкен рахмет айтамыз. Мұның бәрі ел Тәуелсіздігінің, Елбасымыздың айналадағы көршілерімізбен жүргізген сындарлы саясатының, дүние жүзіне танылған беделінің арқасы деп білеміз. Бір айтарлығы, бұл кісінің мүрдесі өзінің ағасы Дүйсекеннің аяқ жағына қойылғалы отыр. 70 жыл өтсе де сол жер Құспанғали аға келерін білгендей, әдейі орын қойғандай ашық қалыпты. Бүгін кіші жұма күні жер қойнына беріліп жатыр. Сондықтан бұл ағамыз тегін адам емес деп есептеймін, - деп оны іздеп тауып еліне жеткізіп жатқан іздеушілердің, облыс, аудан басшыларының еңбегі Алладан қайтсын деген тілегін білдірді. Ұрпақтары атынан Ерболат Дүйсекенов сөйлеп, қатысып жатқан қонақтарға, арнайы келіп майдангер аталарына құрмет көрсеткені үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған азаматтарға, аудан әкімі Бибоз Шаяхметовке шын жүректен шыққан ризашылығын жеткізді. Құрметті қарауыл жауынгерлері майдангерге құрмет көрсетіп жоғарыға оқ атты. Одан әрі Қадыр ауылындағы қауымда Құспанғали Боранбаев ағамыздың мүрдесі жер қойнына тапсырылды. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы майдангердің туыстарымен бірге қабір басына барып, өз қолымен топырақ салып, марқомның рухына құрмет көрсетті.
Сонау Ақтөбеден Ресей жеріне барып, майдангер жерлесіміздің мүрдесін тапқан Ерлан Әбішев бізбен әңгімесінде: - Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы топтың мүшесімін. Бұл атамызды біздің топпен бірге Ярославь облысы Рыбинск қаласының «За отвагу» тобы тапты. Алдыңғы жылы барғанда сондағы жігіттермен танысып, соғыста із-түзсіз кеткендерді іздеуге бірге шығамыз деп жоспарлағанбыз. Былтырғы сәуір айында Великий Новгород облысы Парфино ауданы Обжино деревнясының қасында екі топ бірігіп қазбалар жүргіздік. Бұл атамыздың қайтқан күні белгілі 1942 жылдың 26 желтоқсаны. Ерлікпен қаза тапқаны сол уақыттағы әскери хабарламада, Подольск мұражайындағы ақпаратта көрсетілген. Бір жылдан аса уақыт іздедік. Биыл тағы да бардық. Мұнда Демьян қоршауы деген атпен белгілі үлкен шайқас өткен. Ағымдағы жылы 418 жауынгерді көтердік. Былтыр облыс басшысына жолығып, тумаларын табу керек деген едім. Табылмаған соң біздің жерлесіміз ғой, болашақ жас ұрпаққа үлгі ретінде туған жеріне жеткізейік дедім. Жалпы қазақ өзінің бауырын жат жерге тастамаған. Сондықтан облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы туған жеріне әкеліп жерлеуімізге келісті. Ресейдің заңы бойынша тумалары табылмаса мүрдені бермейтінін айтқан соң біздің топтың командирі Сергей Сысоенко, Гумер Галеев бәріміз бірігіп Парфино әкімшілігімен сөйлескенімізде Атырау облысы әкімінің хаты керектігінен хабардар етті. Облыс басшысы Нұрлан Асқарұлымен кездескенімде үлкен қолдау көрсетіп, қасыма Атырау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Саламат Сабырды қосты. Екеуміз Санкт-Петербург арқылы Парфиноға барып, Астана арқылы кеше осында жеттік. Елшіміз Иманғали Тасмағамбетов ағамыздың да көп көмегі тиді. Қасымызға өзінің Алмас деген екінші хатшысын қосып, автокөлік берді. Атыраудың азаматтарына ризамын, - деді. «Артында бар оңалар» дегендей, елі барда Құспанғали ағамыздың рухы өшпейді. Ең бастысы бүгін жауынгер рухына тағзым етіп, қастерлеуге, басына гүл шоқтарын қойып, отаншылдық тәрбие беру мақсатымен есімін жас ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік алдық. Әлі де белгісіз болып келген жауынгерлер болашақта әйгілене береді деген ойдамыз.
Қанат ҒҰМАРОВ.