Шашабаулы қыз көзден ұшып барады

(0 Votes)

Сұлулықты кімнің жаны қаламайды десеңізші?! Әйелдің бәрі әдемі, көрікті болуға құмар. Бірақ, өкінішке орай бүгінгі таңда өздерінің бет-әлпетіне көңілі толмайтын қыздарымыз небір жасанды әрекеттерге барып жатады.

Оны оп-оңай өзгерте салу, тек қалтадағы қаржыға тіреледі. Қасқа татуаж жасату, кірпік ұзарту сияқты қарапайым тәсілдерден бөлек, ота арқылы бет-пішінін өзгертеді, көзі мен ернін ине арқылы үлкейтеді, қисық аяғын түзейді, денесіндегі артық майларды алып тастайды. Ал орта жасқа келген әйел адамдар беттегі әжімдерді тарттыру үшін пластикалық ота жасатады. Нәтижесінде мінсіз сұлуға айналады. Пластикалық отаның тарихына көз жүгіртсек, ол бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болыпты. Жауынгерлердің қақтығыс салдарынан беттеріне түскен тыртықты жасыру үшін ең алғаш ота жасаған хирург, орыс дәрігері Николай Пирогов. Бұл өз кезегінде медицина саласындағылар үшін жаңа бизнестің көзін тауып, мол табысқа кенелудің бірден-бір алғышарты саналыпты. Осылайша ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қарттықты мойындағысы келмейтіндер мен сұлу болып көрінгісі келетін әйел адамдар пластикалық отаға жиі бара бастаған. Дегенмен, отаның бәрі сәтті шыға бермейтіні баршаға аян. Кез келген отадан кейін қандай да бір қиындықтардың, қатерлі ісік, асқынулар мен өзге де өзгерістердің болмайтынына ешқандай дәрігер кепілдік бермейді. Әр түрлі асқынулар болуы мүмкін. Тіпті, есімі әлемге әйгілі жұлдыздардың артық қыламын деп тыртық қылғаны жасырын емес. Сондықтан жасандылықпен әрленген сұлулықтың абырой әкелмейтіні іс жүзінде дәлелденуде. Денедегі кемістікті жасырып, жарақаттың орнын жою үшін пластикалық хирургияның көмегіне жүгінуге болады. Ал сұлулықтың кілтін пышаққа түсу арқылы іздейтіндер кейін өкініп те қалуы әбден мүмкін. Қасиетті Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» делінген. Соның ішінде әйел адамды Алла Тағала әдемі етіп жаратқан. Тек соған сенбейтін көңіл, көрмейтін көз бар. Қалай дегенмен табиғи сұлулыққа жететін ешнәрсе жоқ екені баршамызға белгілі.

«Қос бұрым – қыздың көркі» деген ұлтымызда нақыл сөз бар. Иә, ежелден солай. Тіпті, қазір де. Жалпы, әр нәрсеге мән беріп қараған дана халқымыз қашан да сұлудың көркі – шаш деп қараған. Бірақ бүгінде шашы бар қыздар көп болғанымен, шашы ұзындардың қатары сиреді. «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген теңеудің де бұл күнде шындыққа жанаспайтыны белгілі. Ұлт мәдениетінде әр бойжеткенді шашына, түр-тұлғасына, сөйлеген сөзіне қарап бағаласа керек. Шолпы таққан сұлулар қозғалғанда, әсем дыбыстар шығарып, сұлу қыздың сымбатын одан әрі арттыра түсетін. «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосқан» деген сөздің түп-төркіні осында жатыр. Айтқандай, ару қыз шолпы мен шашбауының дауысы қатты шықпауы үшін артық қимыл жасамаған. Бұл қазақ халқының қыздарын инабатты, ибалы етіп тәрбиелеуіндегі ой ұшқырлығы, көрегендігі болатын. Әйел шашы табиғатына қарай «қолаң шаш», «сүмбіл шаш» деп аталса, өріміне қарай «жалғыз бұрым», «қос бұрым» болып бөлінеді. «Иықтан шашы төгіліп жерге, Күмістен шашбау жарасып белге», - деген қазақ қызына арналған теңеу ақын өлеңінің көркемдігіне ұласуда. «Қыз Жібек» киносында Жібек арудың Қаршыға мен Шегеге «байлаңдар көзімді» деген жері есіңізде болар. Сол кезде, олар да еш ойланбастан қыздың көзін өзінің қап-қара қолаң шашымен орай салып еді. Кинодан көрініс тапқан осы бір сюжет қазақ қызының бар болмысын, тұлғалық бейнесін айшықтап, оған тән ерекшелікті ашып көрсеткендей. Ал, қазіргі қоғамда сол бұрымдылық көзден ғайып бола бастады. Анда-санда шашын екі жағына өрген қызды көре қалсақ, тамсана қарайтынымыз рас. Сондықтан, шет елдіктерге еліктеп, шашқа зиянды нәрселерді қолдана бермей, аруларымыз қос бұрымды сұлулықтың символы санап, оны қатаң сақтаса ғана өзіміздің ұлттық брендіміз арамызға қайтып оралары анық.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT