Шамшырағы жанған шаһар

(0 Votes)

Астана бұл күнде еліміздің әкімшілік орталығы ғана емес, тұтастай Қазақстан халқының басты байлығы. Ол – егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаматтығымыздың айнасы.

Сол арман қалаға биыл 20 жыл толып отыр. Жаңа астананы салу шешімін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетіміздің іргесін қалаудың күрделі кезеңінде жариялағанын ұмытуға болмайды. Елінің стратегиялық мүдделерін кең ауқымда көре білетін, қайтпас қайратты нағыз көшбасшы ғана өзге орындаушылардан ерекшеленетіні айқын. Бүгінде, арада 20 жыл өткенде, еліміздің азаматтары және бүкіл халықаралық қауымдастық нағыз саясаткерге тән биік қасиеттерді іс жүзінде таныта білген Нұрсұлтан Назарбаевты қуана қуаттайды. Елдің жаңа астанасына лайықты қалалар ретінде көптеген ұсыныстар айтылған екен. Жезқазған қаласын да ұсынған. «Жаңа астана ежелден ұлт ұясы саналған Ұлытаудан салынсын» деген де пікірлер болған. Бірақ Елбасы құрған комиссия тиісті мәселелерді қарастыра келіп, соған сәйкес деп табылған Ақмолаға тоқтады. Таңдау өте дұрыс жасалды. Өйткені Ақмола тоғыз жолдың торабындағы, еліміздің кіндік тұсына орналасқан қала болуымен ерекшеленетін. Осылайша аңызға айналған Сарыарқа төсінде Қазақ елінің жаңа тұрпатты астанасы бой көтерді. Ол шаһар бүгінде Орталық Азияның інжу маржаны аталып отыр. Астана – болашақ ғасырларға ұмтылған қазақ халқының ұлттық жаңғыруының, рухани өрлеуінің рәмізі. Уақыт өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жер жаһандағы әсем шаһарлардың қатарына қосылған Астана 20 жылда Қазақстанның басты брендіне айналды. Еуразия кіндігіндегі жас қала алып құрылыстың, дәстүр мен жаңашылдықтың озық үлгілерін бойына жинады. Әлемдік деңгейдегі басқосулар мен жиындар өтетін, адамзатқа ортақ мәселелердің шешімі талқыланатын орталыққа саналады. Бір ғана ЕҚЫҰ саммиті Астананың атын дүние жүзіне әйгіледі.

Кез келген мемлекеттің әл-ауқаты оның халқының өсіміне сай бағаланады екен. 1997 жылы Ақмола елордаға айналғанда тұрғындардың саны 225 мың адам болатын. Ал қазір 1 миллионнан асып жығылып отыр. Мұның өзі қаланың қарқынды өсіп келе жатқанын аңғартса керек. Елордамыз Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді. Құрылыс ауқымы жөнінен де елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған екен. Олардың құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысқан. Елордамыз әлемге қайталанбас нысандарымен танылып отыр. Еңселі еткен ғажайып ғимараттардың ішінде сәулетіне көз сүйсінетін мәселен, 2006 жылы ашылған Бейбітшілік және келісім сарайын алайық. Бұл сарай – Елбасының идеясы мен бастамасының жемісі, ал оны іске асырған британдық атақты сәулетші Норман Фостер. Ол – өркениеттер үндестігінің нақты түрде іске асқан елдік пен ынтымақшылдықтың сарайы. Бұл – әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездерін өткізіп тұруға, діндердің және біздің халқымыздың бірлігі мен келісімінің ордасы ретінде арнайы салынған. Пирамида тәріздес сарай салу идеясын Мемлекет басшысы 2003 жылы елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезінде ұсынған болатын. Ел Президентінің осы ойы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессиялардың көшбасшыларынан үлкен қолдау тапты.

Сарайдың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал «пирамиданың» төбесі, яғни күмбезі елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген. Түнде күмбез жанып, шамшырақ секілді әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, халықтың бірлігін бейнелейді. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. Кешен құрылысы қаладағы құбылмалы ауа райын ескере отырып бой көтерген. Оның кіреберісі жер астында орналасқан. Бүгінде бейбітшіліктің бесігіне айналған әсем ғимараттың ашылғанына он жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта сарайда достықтың байрағы желбіреп, мемлекеттік маңызды жиындар мен ордалы ой айтатын орталыққа айналды. Тәуелсіздік пен Астана Мәң¬гілік елдің 7 құндылықтарының біріншісіне жатқызылғаны да сондықтан болар. Ал «Хазірет Сұлтан» мешіті көпсалалы рухани және мәдени-ағартушылық орталығы ретінде көпэтносты қазақстандықтардың жүрегіне иман ұялату арқылы Қазақстанды бейбітшілік пен келісімнің мекеніне айналдырып отыр.

2009 жылы бой көтерген «Қазақ елі» монументі халқымыздың биік рухы мен келешегінің белгісіне айналып, бабала¬ры¬мыз¬дың «Мәңгілік ел» орнату арманының жарқын көрінісі болды. 2011 жылы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тұрғызылған «Мәңгілік ел» салтанатты аркасы, Елбасы атап өткендей, елдіктің еңселі есігі болмақ. Ал ұлы күйші Құрманғазының ескерткішіне байланысты Н.Ә.Назарбаев «Бір ғана Сары¬арқа күйі – Астанаға арналған гимн емес пе?» дегенінің өзі көп жайтты аңғартса керек. 2010 жылы ашылған «Назарбаев Университеті» Елбасының тағы бір батыл және өршіл бас¬тамасы болатын. Ол – білім берудің әлемдік деңгейдегі ор¬талығы, бәсекеге қабілетті адам капиталының сапасын арттыруға бағытталған ұлттық қазына және болашаққа жол салатын ірі халықаралық жоба.

Университеттің алдына Президенттің қойған негізгі талабы – оны ұлт¬тық брендке айналдыру болатын. Сондықтан, Елбасы ол Уни¬верситеттің Декларациясын өз қолымен бекіткен. Оның негізіне жетекшілік, патриотизм, дербестік және академиялық еркіндік, адалдық, инновация¬лық, толеранттылық сияқты ұстанымдары алынды. Бүгінгі Астана бұрынғы астаналардан мүлде бө¬лек, тәуелсіз мемлекеттің таңдауы болумен қатар әлемге әйгілі архитекторлардың қол¬таңбасы қалған жаңа дәуірдің қаласы. Астананы Елбасы төл перзентіне балайды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені, біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біз¬дің жүрегімізден шыққан, себе¬бі олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деген сөзі бас қаланың тәй-тәй басқан қада¬мынан бастап, бүгінгі кемел шағына дейінгі жолын көз алдыңа әкеледі. Небәрі жиырма жылда осыншама дәрежеге көтерілген жас қаламыз Астананың атағы барша дүниежүзі елдеріне белгілі болып отыр. Бас шаһар бүгінде тез әрі қарқынды дамып, жаңаша бағытта көркейіп, гүлденуде. Бұл – халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігінің, тұрақтылығының, бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқанының, ақ көңілді, кеңпейілді, ешкімді жатсынбайтын, жомарт мінезді қазағымның арқасы. Елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз мәңгі жасап, қол жеткізген жетістігіміз молайып, жайнай берсін! Еліміздің Арқа төсіндегі інжу-маржаны іспеттес аяулы қаламыздың айбыны, абыройы жылдан-жылға асқақтай берсін.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT