Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, атамекенін құлай сүюімен, ана тілін жақсы білуімен өлшенбек.
Әркімнің тілге деген құрметін анасына, ұлтына, Отанына деген көзқарасынан білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Мұны қазақ жастары түсінсе екен деймін. Алайда осыны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдағысы келмейтін жастарымыз қаншама?! Кейбір мекемелерге барсаң, орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бұған себеп, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар.
Расымен де ата – бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле – өлгенше қорғап өтті емес пе? Тілдің қамына бас ауыртатын ұлт жанашырларының саны қазіргі кезде некен-саяқ. Себебі, әлі де баламызды орыс мектептеріне беріп жатырмыз. Қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Ата – әжелеріміз орыс тілін ұлықтады. Заман солай еді. Халқымыз өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасырдан асса да тіл мәселесі бізде әлі баяу. Тіліміздің түп-тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған тілі ғана. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әрқайсысымыз үлесімізді қоссақ екен деймін.
Бауыржан Мусаев, Панфилов атындағы орта мектептің директоры.