Құрманғазы мен Дәулеткерей

(0 Votes)

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұзақ жылдарға межеленген бағдарлама, халықты туған жерімізді көркейту мен отансүйгіштікке тәрбиелеудің көрнекті де мақсатты құралы болмақ.

Бағдарлама аясында атақты қос өнерпаз жайлы әңгіме етуімнің өзіндік мән-мағынасы бар. Біріншіден, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы таяп қалды, жас ұрпақтың есінде болсын деген ой еді. Өйткені, екеуі де бізге жерлес, ата қоныстары Теңіз, Нарын аймағынан. Мәселен, қазіргі Еңбекші ауылдық округінде Дәулеткерей, Жәңгір аталатын жер атаулары бар. Осы қоныстардың екі тарихи тұлғаның атында болулары олардың осы өңірде дүниеге келгендігін айғақтайтын дәлел болса керек? Бізге жерлес тарихшы Амангелді Шамғоновтың зерттеуінде: «Дәулеткерей Шығайұлы 1820 жылы Конево (қазақша Көнеу) батағасына жақын жерде орналасқан – әкесі Шығайдың ставкасында дүниеге келген» деп жазады. Ал, Құрекең Сахмаға көшер алдында (1880 жылдары) үш жылдай біздің ауданның Шортанбай ауылында тұрған (А.Жұбанов зерттеуінен).

Құрманғазы бабамыздың ғұмырнамасы мен өнернамасын терең де ұзақ жылдар зерттеген маған белгілі екі қаламгер бар. Оның алғашқысы Ахмет Жұбанов, екіншісі біздің жерлесіміз, ағартушы, қоғам қайраткері Хайдар Дүйсемәліұлы Ермұратов. Ол барлық еңбек жолын Еділ өңірінде, Астрахан облысының көлемінде өткерген. Құрманғазы бабамыздың соңғы тұрағы Алтынжар, Сахма өңірінде Х.Ермұратов ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен. Осы жылдар ішінде Құрманғазы Сағырбайұлының өнердегі өмір жолын тиісті құжаттар мен деректерге сүйене отырып дәлелдеп, «Чародей» (Сиқыршы) атты кітап жазған. Аталған ғажайып шығарма Алматыда орыс тілінде 1976, Астраханнан 2009 жылы шықты. Міне, осы екі қаламгердің шығармаларына сүйене отырып, қазақ музыка әлеміндегі екі алып күйшінің шығармашылық байланыстарын, адами һәм азаматтық ара-қатынастарын әңгімелеуді жөн көрдім. Дәулеткерей мен Құрманғазының алғашқы кездесуін зерттеушілер 1869 жыл деп есептейді. Бұл кезең ұлы күйшінің Атырау аймағының Ембі, Жылой өңірінен, яғни Жайықтың сол жағасындағы Төремұрат-Нарынбай батырлардың елінен туған жерін сағынып жеткен кезеңі еді. Құрманғазы Бөкей ордасындағы рулардың басшысы (яғни, әкімі) Дәулеткереймен кездесуді дұрыс санайды. Өйткені, Дәулеткерей 1860 жылдардың басында Бөкейдегі Қызылқұрт, Ноғай руларын биледі. Әрі бұл оның Орда өңірінде атақты домбырашы-күйші атағы дүрілдеп, көпке танымал болған кезі.

Дәулеткерей дәулетті әулеттен шыққан адам. Оның әкесі Шығай Бөкей ордасын билеуші сұлтан болған. Шығайдың өзі Кіші жүздің ханы Нұралының баласы. Ал, Нұралы Ішкі Бөкей ордасының алғашқы ханы – Бөкейдің туған інісі. Ол 1814 жылы дүние салғаннан кейін, Жәңгір таққа отырғанша ( ержетіп, қабырғасы қатқанша) Орданы Шығай басқарған. Сонымен Дәулеткерейдің жоғарыда аталған руларға басшы болғаны Құрманғазыға жаман тимейді. Бірі Исатайға бүйрегі бұрған, Қызылқұрт руынан шыққан, екіншісі төре тұқымынан. Екеуі де бір-бірінің есіміне сырттай қанық екі күйші танысады. Өмірлері, тұрмыс ахуалдары, хал-жағдайлары, өмірлік көзқарастары бір-бірінен алшақ жатқанымен оларды жақындататын үлкен күш бар еді. Ол күй өнері. Алғашқыда қоңыр салқын амандасқанымен аз уақытта-ақ бейтаныстық мұзы еріп, әңгіме күйге ойысқанда екеуі тез тіл табысып кетеді. Мұның бірнеше себептері бар. Мәселен, кездесу, сұхбаттасу барысында Құрманғазы Исатай мен Махамбет жайлы сөз қозғамай өзге әңгімеге ерік береді. Келесі жолы Қызылқұрт руындағы жер дауымен Құрманғазы қасына жақсы көретін шәкіртінің бірі Көкбаланы ертіп, Байастың, яғни, Дәулеткерейдің ауылына келеді. Байас Құрманғазына жақсылап қарсылайды. Келген жұмысын бітіріп, дауды Қызылқұрт руының пайдасына шешіп береді. Бұл іс тәмамдалған соң күйшілер сөзді домбыраға береді. Өздері шығарған күйлермен алмасады. Дәулеткерей өзінің «Бұл-бұл» атты күйін тартқанда, қонағы оған ұқсас өзінің күйін шертеді. Бұған разы болған Дәулеткерей: «Сіздің күйіңіздің атауы «Бұлбұлдың құрғыры» болсын» депті. Осындай алмасудың нәтижесінде күй өнерінің алыптары арасында достық, шығармашылық қатынас орнаған екен. Байас Құрманғазыны аға, әрі ұстаз санап, оған қолынан келгенше әрдайым қолдау көрсеткенін жазады қаламгер Хайдар Ермұратов. Әсіресе, ұлы күйші қуғын көріп, өз елінен жырақтағанда Дәулеткерей оның отбасын өз тарапынан қамқорлаған. Бұл мақаланы жазуымның екінші себебі күй өнерінің екі алыбын ұлықтаудың іс-шаралары жасақталса, олардың есімдері нысандарға, көшелерге берілсе деген ой. Аудан орталығында Мақаш әкім негізін қалаған екі жылдық мектеп болған. Кеңес Одағы тұсында ол біраз уақыт Абай атындағы орта мектептің жатақханасына айналды. Одан кітапхана қоныстанды. Қазір өртке шалынып, қаңырап бос тұр. Осы тарихи нысанды заманға сай жөндеп, безендіріп, аудандық мұражайдың бөлімшесі ретінде пайдаланса, абыройлы іс болар еді. Нысанның ішкі бөлмелеріне, дәліз қабырғаларына біздің ауданнан түлеп ұшқан алаш арыстарының, өнер саңлақтарының, елге танымал жазушылардың фотосуреттері ілініп, олардың тұтынған заттары мен құжаттары қойылса туған жердің тарихын айғақтайтын ұрпаққа берері мол орынға айналады.

Социал Сәрсемәлиев,

ардагер ұстаз,

тыл еңбеккері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT