Ойласар жайлар аз емес

(0 Votes)

Тойдың уақытынан кеш басталатындығы ренішті жағдай, асқынған аурудай ортақ кемшілігіміз.

Тіпті екі сағат күткенге ренжімейтін болдық. Кейде үш сағаттап, одан да көп сарсылып барып тойханаға енеміз. Өзің шаршап, әбден жүйкең жұқарып үстелге жайғасқаныңда кейбір көріністер қайыра ренішіңді туғызады. Жастарды сән – салтанатпен кіргізуге арнайы уақыт бөліп, қабілетсіз әлдекімді саңқылдатып қояды. Ана тойдағы көрініс, бір сөзі аумай кері қайталанады. Өлең шумақтары мүлде келіспейді. Сонда осы тойда қазақ тілінен, әдебиетінен хабары жоқ біреулер отырады деп ойлай ма? Ұят дегенді жайға қалдырып, өзінің дәлдүріш бірдеңесін майыстырып, қиыстырып айтқан болады. Той иелері осыларға босқа ақша шашқанша елдің есі дұрыс адамдарымен ақылдасып алмады ма екен деп еріксіз ойланасың.

Сол үйдің үлкендері марқұм болса, оларды да минут үнсіздікпен тойшы жұрт асабаның пәрменімен орындарынан үдере тұрып, қалшиып еске алады. Бұл біздің мұсылмандық дәстүрімізде жоқ ғадет. Одан да сол асабаның өзі олар кімдер, қандай адамдар, әдемі сөздерімен әрлеп, рухтары риза болатындай аз – кем таныстырып, мынау сол марқұмдардың өмірдегі ізінің жойылмағандығы деп еске салып өткендігі ананғұрлым тиімдірек, біздіңше. Шет жақтан аспаннан түскендей етіп, бірнеше жүз мыңдарды рәсуа қылып алдыртқан асабалар да көпшілікті көп ренжітеді, кейде. Қой дейтін ешкім болмаған соң, бұл жердегілер мүлдем сауатсыз дей ме, ойына келгенше тайраңдап бағады. Айтпайтын сөздері жоқ. «Аз сөйлегендер кредиттен тез құтылсын, көп сөйлегендер кредиттен көзі шықсын не тұра алмай қалсын» - деп көкіді бір Асаба.

Жұртпен бірге мен де күлдім, бірақ жан жадыратар әзілге емес, әлгінің жарыместігіне, той иесінің дарақылығына. Осыған шығындаған қайран ақша деп налыдым әрі беріден соң. Ал, ортаға шыққан, тойды бірнеше сағаттап күтіп отырған қонақтар тобына көбіне – көп асабалар тыйырым береді. Дұрысында сөйтуге қандай қақысы бар? Шынымен де біздей зейнеткерлер бір ауыз бата – тілек айтып, әлімізше шашуымызды беруге келдік. Ішіп жеп жарытпаймыз, сатырлатып билеудің де ауылы алыста. Көп мылжыңдап кетпегенмен біз де аз – кем тілек – батамызды беруге құқылымыз ғой. Той иелері неге асабаны бұлайша тайраңдатады? Оны ашса – алақанында, жұмса - жұдырағында ұстауы керек емес пе? Өйткені, асаба сол сәттегі жалдамалы қызметкері ғой, оның бар болғаны.

Болашақта той иелері оларды жаттанды «көкезуленуінен» аластау үшін, шырағым күні бұрын сценарийіңді әкеліп көрсет, көріп отырып, мыналарыңды алып таста деу керек. Өйткені сырттан келген асабалар ортаға жастарды шақырады, оларды ұялтады, дұрысы мазақ етеді. Мәселен, жас отау иесіне: «Сенің еркіндігің осымен бітті, сорға басыңды тіккен өзің» деп жатса, оны мадақ емес, мазақ демей не дейсің? Тапырақтап билеген біреулерді ортаға шақырып, қайыра билетудің несі қызық, несі өнеге? Дарынсыз асабаның уақыт ұтып тұрғаны бұл. Сонымен, той хақында көпшілік наразылығы ып-ырыс. Той иелері, алдымен тойханаға өзің белгіліген уақытта өзің кел, қонағыңды менсінбегендей болмай хош келдің айтып, ілтипат көрсет! Асабаға қыруар қаржы төлеп отырсың ба, жөн білетін ағайын, не адамдармен ақылдасып, сценарий дайындаттыр, қысқасы, сан жүздеген халыққа сөз арнайтын адамыңды әуелі өзің дайындап, оны өзің бағыттап басқарып қара, сосын барып ол – тұлпардың тізгінін тойда босат.

Софья Мырзағалиева,

зейнеткер ұстаз.

Нұржау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT