Нағыз қазақ – домбыра!

(0 Votes)

Домбыра қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық аспабымыз. «Нағыз қазақ - домбыра» дегендей, сол себепті мың өліп, мың тірілген ұлтымыз үшін оның орыны бөлек.

Қазақ өзінің қуанышы мен қайғысын да домбыра арқылы жеткізген. Оған бала кезімізден естіп өскен «Ақсақ құлан» күйі туралы аңыз куә. Енді, міне, ұлттық аспабымыздың өзінің арнайы күні де белгіленді. 12 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Биыл ол 1 шілдеге келіп отыр. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған, қазір де үй-ішінде біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында сирек. Жаңа ұлттық мерекенің пайда болуы Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісова, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина сияқты елімізге, әлемге әйгілі күй өнерінің жұлдыздарын жаққан біздің ауданымыз үшін үлкен қуаныш сыйлады. Бүгінде осы аспапты жасап, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі ағаш шебері Талғат Жұмалиев. Ағаштан түйін түйген Талғат жасаған домбыралар қоңыр әуенімен, әдемі ұлттық ою-өрнегімен, сапасымен ерекшеленеді. Сол себепті оны түрлі шараларда жүлделі орын алғандарға сый-кәде ретінде ұсынуға сұраушылар көп. Ал, мұндай сыйлық алған домбырашылар мен ақындар төбесі көкке екі елі жетпей қалғандай күй кешеді. Себебі, қазақ үшін домбырадан құнды мүлік болған емес, болмайды да! Ортамызға келіп жатқан жаңа мерекеміз – Ұлттық домбыра күні құтты болсын, ағайын!

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT