Нұрлыбектің нұрлы жолы

(0 Votes)

Құрманғазы ауданының «Құрметі Азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандитаты, доцент, Қазақстан педагогика Ғылымдары Академиясының корреспондент – мүшесі, республикаға танымал ғалым-ұстаз, басшының балалық шағынан бүгінге дейінгі өсу, өрлеу баспалдығы.

 

Негіз – ата тектен қаланады

Адам атаулыны ақ жолдан адастырмайтын тегінен тартылған тамыр екені даусыз. Мүмкін, жастық желікпен кейде шалт басар, әдепкіде шалалық танытар, бірақ, ар жағынан қаланған тастай берік негіз бәрін ұмытырады, қисайған тұсты түзетеді, бәрібір қоймай мұратты жолымен табыстырады. Есімі әрісі республикаға, берісі облысымызға танымал Құрманғазы ауданының төл перзенті, білікті ұстаз, іскер басшы, ортаның азаматы, бүгінде асқаралы 60-ның тұғырына айырықша абыроймен көтеріліп отырған Нұрлыбек Ғилажұлы Даумов туралы әңгіме өрбітер алдында, ойымыздың осыған тоқтай бергені.

Өйткені, әулеттің ата күлдігі Байда ауылында болған өткен бір сапарымызда көпті көрген көнелердің аузынан Даум ақсақалдың заманында әлдіден ықпаған, әлсізді құптаған адам болғандығы жайлы айыз қандырар әңгімелерді естіп, сондағы мәңгілік мекені басына бір уыс топырағымызды салғанымыз бар. Балта сабынан озып қайда барады, оның ұлы Ғилаж әкей де өз ортасын олқы соқтырмаған, ана жүйенің алдыңғы қатарлы азаматы болып ғұмыр кешкен. Ғилаж Даумов ақсақалдың еңбек жолы бұл күндергі Ғ.Әліпов ауылының орталығында орналасқан. «Правда» ұжымшарынан бастау алады. Ұжымшардың мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз ету сияқты ең жауапты міндетті біраз жылдар абыроймен атқарады. 1962 жылы «Правда» және Чапаев ұжымшарлары біріктіріліп, Құрманғазы атындағы кеңшар құрылады. Алымды да алғыр, тәжірибесі мол Ғилаж Даумовқа алғашқы директор Сайфолла Сүйінов сол бұрын өзі атқарған төрт түлік малды азықпен жабдықтауды міндеттейді. Бірақ, 1964 жылы аудан билігі есеп-қисапқа жетік оны Калинин жұмысшылар кооперациясына ауыстырады. Бұрынғы Тельяче осы күнгі Теңіз ауылындағы өндірістік тауарлар және азық-түлік дүкенінде ұзақ жылдар абыроймен меңгерушілік қызметті мүлтіксіз атқарып, саланың үздіктері сапынан орын алады. Ғилаж әкейдің жұбайы Мақсума Меңдәліқызы да ибалы, инабатты жан екен. Біраз мерзім «Правда» ұжымшарында есепші болып еңбек етсе, кейінгі жылдарда да қолынан келетін шаруаға таңдап-талғамай араласып, бауырынан өрген үш балапаны – Ғасырбек, Қайырбек, Нұрлыбегінің тәрбиесімен жете айналысады. Азаматын ардақтап, үздіксіз босаға аттаған қонағына жылы қабақ танытудан жазбаған қайран Ана ошақтың үш бұты іспетті соқталдай азамат болып жетілген үш ұлының қызығын аздау көрді. Қадыр Мырзалі айтқан «Бір кем дүние» деген сол.

 Бастау немесе қалыптасу

Әңгімеміздің негізгі кейіпкері марқұм Ғилаж көкенің Нұрлыбегі 1958 жылдың 3-і қыркүйегінде қазақ елінің батысындағы ең соңғы ауыл – Байдада туып, өскен. 1965 жылы Тельячедегі Гагарин мектебінің 1-сыныбына барады. Осыннан 8 жылдықты түгескен соң одан әрі білімін Ганюшкиндегі Абай атындағы орта мектепте жалғастырады. Сабақта өз қатарынан қалмай, спортқа, көркемөнерге бейімділігі мол алғыр шәкірт ұстаздарына да ұнап, оны түрлі шаралардың бел ортасында ұстайды. Балапан даусымен шырқап ән де салады. Спорттың барлық түрлеріне де тайсалмай қатысады. Бірақ, бертін келе оны айла-әдіске жетіктігі, қайсарлығы мен қайраты боз кілемге қарай икемдей береді. Мектепте жүріп ақ талай додаларда топ жарғандығын айқындайтын Диплом, грамоталары алғашқы жемісті баспалдығын қаласқан жәдігерлер ретінде жеке мұрағатында сақтаулы. 1975 жылы Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған соң А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының химия – биология бөлімі бойынша іркілмей оқуға түседі. 1978-1980 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтейді. 1980-1984 жылдары бұрынғы Гурьев қаласындағы педагогикалық институтты химия- биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітіреді. Еңбек жолы 1984 жылы облыстық спорт комитетіне қарасты балалар спорт мектебінде жаттықтырушылықтан басталады. Оның тынбай дайындаған балғын шәкірттері облыстық, республикалық спорттық сайыстарда топ жарып, араларында чемпион болғандары да жетіп артылады. Арада аз мерзім өткенде аталмыш балалар спорт мектебінің оқу ісінің меңгерушілігіне таңдалып, одан әрі директорлығына жоғарылатылады. 1988 жылы білікті ұстаз қаладағы №16 орта мектепке алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшілігіне жұмсалады. Оның мектеп өмірінің қарбалас тірлігіне білек сыбана кірісуі, шәкірттерді өнер мен білімге, спортқа баулудағы өзіндік тәжірибе қалыптастыруы бұл мектепте де директорлық лауазымға дейін көтереді. Бұл күндері атақ –абыройы алысқа кеткен Нұрлыбек Ғилажұлы Даумовтың ұстаздық, азаматтық бастау жолы немесе өз саласының тұрлаулы тұтқасына айналуы осылай демекпіз.

Спорт оның жан серігі

Нұрлыбек Ғилажұлы спортты бала жастан жан серігіне айналдырған шымыр да сергек, тегеурінді, тепсе темір үзетіннің нақ өзі. Сол ғадетінен әлі күнге жаңылған емес. Ертемен тұрып дене қимылдарын жасау, гантельдер көтеру, жеңіл жүгіріс айтып отырса бойын ғана емес, ойын да сергітеді. «Біздің алып-ұшқан жылдарымыз өтті ғой» деп спортты тастай салу өзіңе – өзің зиян жасау. Бала күннен бойыңды шынықтыруға үйренсең, солай оны жалғастыру керек, әйтпесе денені зіл басып, істеген ісіңде берекет болмайды», - дейді біздің бұл баянымыздың кейіпкері, білікті ұстаз Нұрлыбек Даумов.

Ол Кеңес Армиясы қатарында спорттың бокс түрімен айналысып, біраз биіктерді бағындырған. Былғары қолғап түйістіру бәсекесінде бұрынғы Одақтың біраз қалаларын аралап, жеңімпаздық тұғырға көтерілген сәттері мол. Армиядан туған мекенге бокстан спорт шебері болып оралса, Нұрлыбек Ғилажұлының тау жығар екпінін аңғармау мүмкін емес. Кеңес Армиясы қатарында ол әскери борышын спортшылар ротасында өтеп, Қиыр шығыс әскери округі бойынша 75 келі салмақта былғары қолғап түйістірген әріптестерінің баршасынан басым болып, чемпион атанды, спорт шебері болуы да осындай жеңісі үшін. 1985 жылы облысымыздың атынан үш спортшы Александр Дурманов, Жеңіс Айтбаев және оның өзі болып Мәскеуде өткен дүниежүзілік марафонға қатысып, алдыңғы лектен көрінсе, бұның да қазақ спортының тарихына енген жеңісті сәт екені анық.

Нұрлыбектің зәредей шағынан спортпен айналысуына алдындағы екі ағасы – Ғасырбек, Қайырбектердің зор ықпалы болған. Екеуі де ауданға танымал ұстаздар, мектеп басқарып, жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қоса білгендер. Өкініштісі, екі інісі Қайырбек пен Нұрлыбегін қолынан жетелеп жанынан қыл елі қалдырмаған Ғасырбек Ғилажұлы өмірден ертерек кетті. Ол да Қайырбек інісі де еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат. Ғасырбек Ғилажұлы өз салмақ дәрежесі бойынша кезінде Қазақстан чемпионы атанған. Еліміздің әйгілі палуаны Жақсылық Үшкемпіровпен бір залда дайындалғанын жиі еске алып отырушы еді, жарықтық! Қайырбек ағасы да еркін күрестен кезінде республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып, аудан, облыс мерейіне олжа сала білген спортшы болды. Бұл күндері құрметті еңбек демалысында.

Облыстық ұлттық гимназия директоры

Сол кездегі облыс билігі мен республика Білім саласы басшылығы 1990 жылы дарынды балаларға арналған жаңа экспериментальды мектеп –интернатының директоры етіп бірден-бір лайықты кандидатура Нұрлыбек Ғилажұлы Даумовты тағайындайды. Бұл күндері ол 18 жыл үзбестен облыс өңіріндегі дарынды балалардың бағын ашқан Атырау облысының мақтанышы, республикаға белгілі ұлттық гимназия. Шәкірттері облыс, республика бойынша өткен олимпиадалардың, халықаралық, әлемдік сайыс – додалардың тұрақты жеңімпазы, әрі көшбасшысы деуге келеді. Өйткені, ақпарат құралдары хабарлап, газеттер жазып жатқанындай осындай сайыстарда жүлделі орындардың басым бөлігін ұлттық гимназия тәрбиеленушілері иеленеді және ұзақ жылдар бойғы қалыптасқан дағды осындай. Ал, бұл жолда ұстаздармен қоян-қолтық араласа жұмыс жасап, әр баланың қабілетін ұштап, дарынын кеңейтуге сіңірген Нұрлыбек Ғилажұлының еңбегі ұшан – теңіз. Ел құлағына жағымды естілетін осы ұлттық гимназияны басқарған 18 жыл ішінде Нұрлыбек ұстаздың өзі де шығармашылық жолда мықтап өсті, ізденісті жылдары халқына танымал етті.

1993 жылдан ғылыми жұмысқа ден қойған ол 2000 жылы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясы жанындағы аспирантураның сырттай бөліміне оқуға түсті. Сол 2000 жылдың 27 желтоқсанында ғылыми кеңес отырысының қаулысымен «Кәсіптік білімді информатизациялау» зертханасына тіркелді. Осы жылы «Оқытуды ақпараттандыру процесінде оқушылардың зерттеу қызметін дамыту» деп аталатын диссертациялық зерттеу тақырыбы бекітілді. 2002 жылы зерделі де зейінді ұстаз, басшы II республикалық жастар және дарынды балалармен жұмыс жөніндегі инновациялық әлеуметтік –педагогикалық жобалар фестиваліне қатысып, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының сертификатын иеленді. 2003 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты атағын абыроймен қорғап шықты. Сол жылы М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «мектеп оқушыларын тәрбиелеудегі этнопедагогикалық проблемалар» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми педагогикалық конференцияда «Үздік баяндамашы» атанды. 2007 жылы ізденісті еңбегі мен зерттеулерінің оң нәтижесіне орай оны Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы корреспондент мүшелігіне қабылдады. 2011 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің білім саласындағы бақылау комитетінің педагогика мамандығы бойынша Доцент атағы берілді.

Ғылыми еңбектері мен марапаттары

Нұрлыбек Ғилажұлының 1993 жылдан күні бүгіндерге дейін әртүрлі басылымдарға шыққан танымдық мақалалары 70-ті құраса, ғылыми кітаптары -7-еу. Сол кітаптарын атап өтсек: 1993 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б.Сейталиевпен бірлесіп жазған «Атырау ұлттық гимназиясы. Бүгіні мен болашағы». «Жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану негізінде оқушылардың зерттеу қызметін дамыту әдістемесі». «Оқытуды ақпараттандыру процесі жағдайында оқушылардың зерттеу қызметінің қалыптасуы». «Оқушылардың зерттеу қызметін қалыптастыру барысындағы компьютердің ролі». «Жас зерттеуші тұлғасын қалыптастыруда жаңа ақпараттық – коммуникациялық технологияларды қолдау әдістемесі». «Этнопедагогика пәні бойынша лекциялар жинағы». «Тәуелсіздік тарту еткен ұлттық мектеп» (Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен қатар келген Ұлттық гимназияның құрылғанына 20 жыл толуына орай). Жас ұрпақ тәрбиесіндегі тың бастама, тынымсыз ізденіс, тындырымды істер азамат, басшы, ғалым – ұстаздың еңбегін марапат – мадақтан да құр қалдырмағанын орынды деп ұғынған абзал.

1986 жылы спорт саласындағы жетістіктеріне орай ҚР-ның Құрмет грамотасын, 1991,1994,1996 жылдары ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. 1998,2004 жылдары облыстық Мәслихаттың Құрмет грамотасымен аталды. 1992 жылдан «ҚР халық ағарту ісінің үздігі». «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарының иегері. 2005 жылы оның өңіріне Алтынсарын төсбелгісі, 2008 жылы «Дарын Республикалық орталығына – 10 жыл», «ҚР Білім беру ісінің еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгілері тағылды. 2009 жылы «Дарын» Республикалық орталығы «Ең үздік мұғалім» атағын берсе, 2008 жылы инновациялық – педагогикалық идеялар жөніндегі IV-республикалық фестивалінде «Ең таңдаулы директор» атағын алды. ҚР Білім министрлігінің «Ең үздік ұстазы», «Ең үздік жаңашыл мектептің директоры» атақтарын иеленіп, 4 мәрте Атырау Облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың да Алғыс хатымен ұлығыланған. Мұның бәрі жас ұрпақ тәрбиесіндегі жеңісті жылдарының жемісі екені анық.

Отбасының тірегі

Нұрлыбек Даумов қоғам өмірінде қайраткер, басшы, білікті ұстаз болса, әулетіне – тірек, ағайынға – қамқор, отбасына – әке, бәйтерек. Жұбайы Тамара Мұхтаровамен шаңырақ көтерген жылы 1978-дің қоңыраулы қыркүйегі. Ол уақытта ауылдасы болған, кейіннен қазақтың белгілі жазушы – драматургі атанған марқұм Рахымжан Отарбаев күйеу қосшы болып жанында жүріп, жұптасып үйге келген соң тойларын басқарған... Ағалы-інілі сыйластық бүгінде Нұрлыбектің жүрегін айықпас сағынышқа бөлейді. Бұ күнде Нұрлыбек әке – Тамара ананың шынымен де мәуелі бәйтерекке айналған шағы. Ұл – қыздарының баршасы да жоғары білімділер, өз ортасының лайықтылары. Дәуренбек – Жанардан Дастан, Дарын немерелерін иіскесе, Дидара қызы мен Мұрат күйеу бала Айсұлтан, Айана жиендерін сыйлады. Даянбек ұлы Диана келінімен бақытты, күні кешелері отбасын құрды. Дарина қызы білікті санитар дәрігер. Нұрлы шаңырақтың нұрын семдірмей, әулет көшін алға жетелеген Нұрлыбек Ғилажұлы бәріне жетіп, бәріне үлгерумен алға нық сеніммен жанар үздірген айтулы қазақ азаматы.

Таңатар Дәрелұлы,

ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,

«Құрметті журналист».

17.VIII.2018

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT