Мен атаммен мақтанамын

(1 Vote)

Қазақта «Ерлік – елге мұра» деген есті сөз бар. Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңген ардагерлеріміздің ерлігін қанша ұлықтасақ та, жарасымды. Бұл ретте мен өзімнің атам, соғыс ардагері Салықбаев Төлеп туралы айтсам деймін. 

1917 жылы 5 қаңтарда Зормата ауылында дүниеге келген атамыз соғыстың алғашқы сағатынан соңғы сәтіне дейін басынан өткізді. Орел, Белгород бағытындағы шайқаста 1943 жылдың тамызында Орел қаласын азат етуге қатысты. Кейін І-ші Украин майданынының құрамында Брест қаласын жаудан тазартуда ауыр жараланды. «Госпитальде жатып емделіп, қайта соғысқа кеттім» деп бізге әңгімелеп отыратын. Немістерді өкшелей қуған кеңестік жауынгерлер сапында 1945 жылдың 16 қаңтарында Варшава қаласын, 1945 жылдың 18 қаңтарында Сохачев, Скерневице, Лович қалаларын, 1945 жылы 29 қаңтарында Шенлайке, Лукатц, Вольданберг, Дрезден қалаларын азат етуде қатысты. Жорық жолдарымен осылай жүре отырып, бірнеше рет жеңіл жараланғанына қарамастан, сұм соғысты фашистердің ордасы Рейхстаг түбінде аяқтап, көптен күткен жеңісті сол жерде қарсылайды.

348d7a19-3da4-4654-921b-de9169e3e750

Берлинге дейінгі ұрыс кезінде көрмеген қиындығым жоқ деп отыратын. Соғыстағы ерліктері үшін бірнеше медалдармен марапатталды. 1946 жылы ІІ топ мүгедегі болып оралған атам ел еңсесін көтеруге бірден кірісіп кетті. Елге оралған жауынгерге жауапты жұмыстар жүктелді. Кай жерде жұмыс ақсап жатса, аудан басшылары майдангерді сонда жұмсады. Ауданның басшы-қосшыларымен қоян қолтық жұмыс жасап, осы өңірдің өркендеуіне үлесін қосты.

1954-1960 жылдары Жамбыл атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы, 1960-1963 жылдары Панфилов партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. 1963-1968 жылдары  Нұржау селолық советінің, 1968-1976 жылдары Байда селолық советінің төрағасы болды. 1976 жылы дербес зейнеткердікке шықты. Еңбек елеусіз қалған жоқ. Бірнеше мерейтойлық медальдармен, құрмет грамоттарымен марапатталды. Байда ауылдық округінің орталығы Котяев аулындағы үлкен көше Т.Салықбаев есімімен аталды.

Менің атамдай майдангерлердің арқасында, міне, 77 жыл бейбіт күннің астында беймарал ғұмыр кешіп жатырмыз. Қанқұйлы соғыс жайлы ашылып көп айтпаса да кейінгі жас буынға өз халқын, туған жерін қорғауда ештеңеден тайсалмауға, қашқақтамауға шақырып, отансүйгіштеуга тәрбиелеуден жалықпайтын. «Біз көргеннің бетін әрмен қылсын» дей отырып, қажеттілік туған жағдайда қолға қару алып, өз елін табандылықпен, ерлікпен қорғауды олардың санасына сіңірді.

Өмірден өткен майдангер аталарымыздың тозбайтын мұрасы, өшпейтін өнегесі, жақсы есімі ұрпақ есінде сақталары сөзсіз. Жиырмасында жауға шапқан сол боздақтардың алып берген жеңісі, бейбіт өмірі мәңгілік тұра беретініне толық сенеміз. Ұлы жеңіске үлес қосқан қайсар аталарымыздың рухы алдында басымызды иеміз.

 

Айдана БЕКМАҒАНБЕТОВА,

Атырау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521