Әлем өркениетін тоғыстырған қала

(0 Votes)

Бүгінде 20 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған, аз ғана жылдың ішінде әлем таныған әсем қалалардың қатарынан көрінген Астананың Тәуелсіздік тарихындағы орны ерекше.

Өткен 20 жыл аралығында әлем Астананы Қазақ елінің бас қаласы ретінде танып қана қойған жоқ, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын да мойындап отыр. «Қазақстан» концерт залы, «Астана-Опера» және балет театры, «Шабыт» сарайы, Ұлттық музей, Назарбаев Университеті, Елбасы кітапханасы әлемдік сәулет өнерінің озық үлгілеріне жататын ғажайып ғимараттар ретінде келушілерді тәнті етуде. «Астана - Опера» мемлекеттік опера және балет театрымен Елорданың сол жақ жағалауында орналасқан мәдени орын көз тартарлық әсемдігімен таңдандырады. Театр әу баста ғажайып кешен ретінде техникалық және көркемдік жетістіктерді бойына жинақтаған. Әлемдік деңгейдегі белді де беделді опера және концерттік залдардың, яғни Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты театрлардың қатарына кіруге әбден лайық. Театрдың кірпішін қалауға отандық мамандармен қатар Швейцария, Италия, Албания, Марокко, Ресей шеберлері де қатысты. Жоспарлау барысында мұндай ғимараттарды салудағы жинақталған әлемдік тәжірибе ескерілді. Ғимарат сыйымдылығы жағынан әлем бойынша бүгінде төртінші орынды иеленеді. Сыртқы сән-салтанаты мен ішкі жабдығы әдемі үйлескен «Астана Операның» ашылуы ел өміріндегі айтулы оқиға болып табылады.

Орталық Азия аумағы бойынша ерекше нысан саналатын өнер ошағының жалпы аумағы 64 163 шаршы метрді қамтиды. Авансахна, оркестрлік шұңқыр, партер және көп қабатты балконды қамтитын бас көрермен залы – оның рухани орталығы. Себебі, дәл осы жерде театрдың құдіретін сезінуге болады. Биік-биік балкондар алтын жалатылған қазақтың ұлттық оюларымен көмкерілген. Берік велюр матасынан жасалған басты перде үш түрлі тәсілмен үнсіз ашылып-жабылады. Алғашқы тәсіл – алманиялық тәсіл бойынша секундына 2 метр жылдамдықпен тік көтеріледі. Грек тәсілімен 9 секунд ішінде көлденеңінен ашылса, италиялық мәнермен 6 секундта диагональді түрде ашылады. Барлығы бір мезетте синхронды жұмыс істей алады. Өнер ошағында 250 орындық камералық музыка залы, мұражай, мейрамхана, асхана, жерүсті автотұрағы, 92 жерасты паркингі жұмыс жасайды. Астаналық театр сахнасының шымылдығы жетпіс жылдай бұрын Алматыда қойылған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» лирикалық-драмалық туындысымен ашылды. Арқаға сән берген сәулетті ғимараттардың бірі – Елбасы кітапханасы. Ол Мемлекет басшысының 2014 жылдың 13 наурызындағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен құрылған-ды. Құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Президенті.

Оны құрудағы басты мақсат – Қазақстан Президентінің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының жұмысын ұйымдастыру, еліміздің қалыптасуы мен дамуын, Елбасының жасампаздық-шығармашылық бастамаларын имидждік тұрғыдан ілгерілету. Жалпы, Тұңғыш Президент кітапханасы Мемлекет басшысының орталығы болуымен ерекше. Президенттік кітапханалардың тарихына үңілсек, біздегідей тәжірибе АҚШ-та, билік басында отырған кезінде Франклин Рузвельт өзінің президенттік орталығын жасақтаған. Соның негізінде кейін оның есімімен аталған кітапхана-мұражай бой көтерген. Елбасы кітапханасы орналасқан кешен – Астана қаласының мақтанышына айналған керемет туындылардың бірі деп айтуға толықтай негіз бар. Ғимарат 2013 жылы британиялық танымал сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған. Жалпы аумағы – 28 мың шаршы метрден асады. Ғимарат аспанға, яғни ұшар биікке ұмтылған көз жанары тәрізді. Ол өзіндік зәулім де қайталанбас сыртқы келбетімен Қазақ елінің қарыштап даму бағдарын көрсетеді. Мұнда Мемлекет басшысының қатысуымен аса ауқымды әрі зор маңызға ие халықаралық, республикалық жиындар да өткізіліп тұрады екен. Ғимараттың 1-қабатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағаты орналасқан. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяндық, шығармашылық материалдарынан, мемлекеттік және қоғамдық қызмет барысында жиналған құжаттардан тұрады. Жеке мұрағат қорында 127 мыңнан астам бірлік құжат жинақталған екен.

Елбасы кітапханасының тағы бір ерекшелігі, онда Мемлекет басшысына сыйға тартылған экспонаттар да сақталады. Қазіргі таңда қорда 400-ден аса экспонат бар екен. Олар – сыйлықтар, Елбасының жеке заттары, өнер өнімдері. Дәлірек айтқанда, мемлекет және үкімет басшыларының, бірқатар елдердің ресми өкілдерінің, халықаралық компаниялар мен ұйымдардың, атақты мемлекет, саяси, қоғам және өнер қайраткерлерінің Елбасына ресми сапарлары, іс-шаралар барысында берген сыйлықтары осында сақтаулы. Елбасы кітапханасының 2-қабатында экспозиция-көрме орналасқан. Мұнда «Әлемді өзгертетін идеялар» атты интерактивтік білім беру орталығы бар. Елбасы кітапханасының тақырыптық-интерактивтік бөлігінің негізгі өзегі – «Президенттік экспозиция». Бұл бөлімде Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық қасиеттері туралы жан-жақты мәлімет ұсынылған. Тұрақты экспозицияның міндеті – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеяларын көрсету. Ғимараттың 3-қабатында Елбасының жеке кітапханасы орналасқан. Ұлт Көшбасшысының еңбектері Қазақстанның дамуындағы елеулі оқиғаларды, мемлекетіміздің қарышты қадамдарын айқын көрсетеді. Экспозицияда Ел Президенті Н.Назарбаев туралы қазақстандық және шетелдік авторлардың кітаптары, сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуы, шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастары туралы кітаптар орналасқан. Міне, Елбасының идеясы мен ұсыныстарының арқасында Елорда батыс пен шығыс мәдениетін бойына сіңіріп, Еуразия кіндігінде әлемдік өркениеттерді тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болып отырғаны анық.

Түрлі баспасөз құралдары арқылы дайындаған Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT